Венгрияның астанасы Будапешт қаласында Махмұт Қасымбековтің венгр тілінде жарық көрген «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» деп аталатын кітабының тұсаукесері болып өтті. Тұсаукесер Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Венгрияға осы жылдың маусым айының басында жасайтын ресми сапарына орайластырылды.
Бұл кітапты Н.Ә.Назарбаевтың өмірі мен қызметін ресми тарихи-ғұмырнамалық зерттеудің алғашқы тәжірибесі деуге болады. Мұнда оның қарапайым ауылдағы жасөспірім кезінен бастап, Елбасына дейінгі өмір жолы баяндалады.
Кітапта басты назар Н.Ә.Назарбаевтың саяси өмірбаянына аударылған, ол Қазақстанның ХХ-ХХІ ғасырлар аралығындағы дамуы кезінде болып өткен драмалық және әдеттен тыс оқиғалар мен үдерістердің аясында берілген. Ауқымды мұрағат материалдарының негізінде әзірленген өмірбаян Қазақстанның ең бертінгі тарихы бойынша елеулі құжаттама көзі болып табылады. Кітапта фотосуретпен безендірілген бай материалдармен бірге, жеке құжаттардың түпнұсқаларының көшірмелері алғаш рет ұсынылады. Ал мұның өзі оқырманның суреттелетін оқиғалар ауанына толығырақ қанығуына септігін тигізеді.
Бұл кітапқа оның авторы Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы, саяси ғылымдар докторы, профессор Махмұт Қасымбеков екені туралы дерек ерекше құндылық береді, ол көп жылдар бойы Мемлекет басшысының тікелей қарамағында қызмет атқарып, президенттік институтты зерттеумен кәсіби тұрғыда айналысып келеді. Оның ғылыми және шығармашылық қорында президенттік институтқа, Н.Ә.Назарбаевтың саяси қызметіне арналған ғылыми монографиялар, оқу құралдары, көп томдық басылымдар, публицистикалық жинақтар, көптеген мақалалар бар.
Қазақстан Президенті туралы ғұмырнамалық кітаптың 2012 жылы жарық көрген сәтінен бастап, тек Отанымызда ғана емес, шет елдерде де қызығушылық тудыруы кездейсоқ емес. Қысқа мерзім ішінде ол орыс, ағылшын және араб тілдеріне аударылып, жарық көрді.
Кітаптың венгр тіліндегі нұсқасы Қазақстан Республикасының Венгриядағы елшілігінің қолдауымен жарық көрді. Оның Венгрия Ғылым академиясының ғимаратында өткен тұсаукесеріне венгр тарапынан Венгрия Парламентінің Төрағасы Шандор Лежак, Венгрия Парламентінің Дуайені Янош Хорват, Өңірлік даму министрі Шандор Фазекаш, Қазақстанның Венгриядағы құрметті консулы Ласло Хорват пен басқа да ресми адамдар, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері, Венгриядағы қазақ диаспорасының өкілдері, журналистер мен студенттер қатысты.
Қазақстан тарапынан кітаптың авторы Махмұт Қасымбеков, Қазақстанның Венгриядағы елшісі Нұрбах Рүстемов, Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин, Қазақстан Президенті Кеңсесі бастығының орынбасары Бақытжан Темірболат, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, Тұңғыш Президент кітапханасының директоры Мейір Ескендіров қатысты.
Кездесу жылы әрі сенімді пікір алысу жағдайында өтті.Таныстырылымға қатысушылар Қазақстан басшысы туралы венгр тілінде жарық көрген кітап екі достас халықтардың жақындаса түсуі орайындағы тағы бір нақты қадам деген ортақ пікірге келді.
* * *
Күннің екінші жартысында Қазақстан делегациясының қатысуымен Секешфехервар қаласындағы Янош Кодолани атындағы қолданбалы ғылымдар университетінде «Қазақстан жолы және Н.Ә.Назарбаев» құрметті кафедрасының салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. Бұл жобаны венгр тарапы Тұңғыш Президент кітапханасының және Қазақстанның Венгриядағы елшілігінің қолдауымен әрі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетімен (Алматы қ.) бірлесе отырып жүзеге асырды.
Рәсімде сөз алған Қазақстан Президенті Кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбеков, Венгриядағы елші Нұрбах Рүстемов, Секешфехервар қаласының мэрі Андраш Чер-Полкович, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің ректоры Серік Пірәлиев және Я.Кодолани атындағы қолданбалы ғылымдар университетінің ректоры Петер Сабо Венгрияның жетекші университеттерінің бірінің қабырғасында осындай ғылыми-білім беру орталығының ашылуы студенттер мен оқытушыларға қазіргі Қазақстан, оның ерекшелігі мен даму келешегі, қазақ халқының тарихы мен мәдениеті, Президент Н.Ә.Назарбаевтың қызметі туралы көбірек білуіне, сондай-ақ, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларына қосымша мүмкіндіктер беретінін атап өтті.
Қазақстан тарапы университеттің кітапханасына сый ретінде Қазақстан туралы үлкен кітаптар кешенін тарту етті.
Рәсімнің соңында Я.Кодолани атындағы қолданбалы ғылымдар университетінің, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті кітапханасының және Қазақстанның Венгриядағы елшілігінің арасында төрт жақты меморандумға қол қойылды.
Сәулебек БІРЖАН.