• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Білім 18 Шілде, 2022

Ой жарыстырған оқушылар олжасы

259 рет
көрсетілді

Өткен аптада Қазақстан атынан қатысқан дарынды дарабоздар екі бірдей халықаралық пән олимпиадасынан үздік нәтиже көрсетіп, ел қоржынына алтын, күміс, қола медальдар салды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы халыққа Жолдауында дарынды балаларды қолдау шараларын әзірлеуді тапсырған болатын. Осыған орай енді жоғарыдағы жарыстардың жеңімпаздары отандық ЖОО-ға ҰБТ тапсырмай-ақ оқуға түсе алады.

Білім сайысындағы жа­ғым­ды жаңа­лық математикадан IMO-2022 халық­аралық олим­пиа­дасының нәтижесіне қатыс­ты болды. Ұлттық құрама 174 ұпай жинады, бұл – еліміз­дің осы олимпиадаға қатысу тари­хындағы рекордтық көрсеткіші. IMO – әлемдегі ең беделді пән­дік олимпиадалардың бірі. Оқу-ағарту министрі Асхат Ай­ма­ғамбетов олимпиадаларда жүл­де алған оқушылар мен олар­дың педагог-тәлімгерлеріне төлемдер белгіленетінін жеткізді.

«Президенттің тапсырмасы бойынша дәл осындай олимпиадаларда жүлде алған оқушылар мен олардың педагог-тәлімгерлеріне төлемдер белгілеп, оқушыларға ҰБТ-ны тапсырмай-ақ отандық ЖОО-ға түсуге болатындай жағдай жасағанымызды атап өткім келеді. Математикадан олимпиадаға қа­тысқан 6 оқу­шы­ның барлығы да жүлделі орын­дарға ие болды. Олар 3 күміс, 3 қола медаль жеңіп алды. Кү­міс медаль иегерлері – Таир Са­ту­балдин, Фетуллах Сам, Мирон Юркевич, қола медаль алғандар – Әді­лет Зауытхан, Әділет Әбу, Юрий Тен. Зияткерлік са­йыс­қа 104 елден барлығы 589 оқу­шы қатысты, соның ішінде Қы­тай, АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония, Ұлыбритания, Ита­лия, Канада және т.б. елдер бар. Оқу­шы­ларымыз әлемдік есепте 17-орынға тұрақтады», деп мәлім­деген ведомство басшысы жүл­де­герлерді жеңісімен құттықтады.

Осы жарыстан соң артынша ұлттық құраманың қоржыны тағы да медальдармен толықты. Озат оқушыларымыз Физикадан халықаралық олимпиадада (IPhO) 1 алтын және 4 күміс медаль жеңіп алды. Еліміздің намысын қорғаған 5 оқушы 75 елден келген 368 жасөспіріммен сынға түсті. Өткен жылы қазақстандық команда 5 күміске ие болған еді. Биыл нәтиже әлдеқайда жақ­сарды. Ұлттық құрама қор­жынына алтынды Даниил Шато­хин және күміс медальды Ер­сұлтан Пітебай, Владимир Лим, Дінмұхаммед Рахымжанов, Ри­забек Алпамыс әкелді.