• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қоғам 18 Шілде, 2022

Әуежай маңындағы үйлер неге көшірілмеді?

264 рет
көрсетілді

Шымкент қаласы республикалық мәрте­беге ие болған тұста жаңа әуежай салына­ты­ны жөнінде көп әңгіме айтылған еді. Жылдар өте айтылған сөз нақты іске айнала бастады. Дегенмен бүгінде көпшілік тал­қы­лауына ұсынылған Шымкенттің бас жос­парында әуежайдың тұрағы ескі ор­нында көрсетілген. Қаланың қақпа­сына байланысты өзгеріс тек терминал ғима­ра­тының құрылысына қатысты болмақ.

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мұхтар Қоқанбаев әуежайдың ұшу-қону жолағы тиісті деңгейде қамтамасыз етілгенін айтады. Жеке инвестор «Скат» әуекомпаниясы терминал құрылысын жүргізуде. Аталған құрылыс нысаны ерекше жобалардың бірі болып саналады. Терминал пайдалануға берілген соң оның жолау­шылар қабылдау қабілеті он есеге артады.

«Қазір мысалы, сағатына 200 жолаушыға қызмет көрсетсе, терминал салынып біткен соң ол 2 мың жолаушыға өседі. Бұл – бірінші ар­тық­­шылығы. Екіншіден, басында инвес­тор­­лар­ға телескопиялық траптар қоюды міндет­те­ген­біз. Инвестор осы талапты орындады. 2018 жылы Шымкент қаласы әкімдігі мен «Скат» әуекомпаниясы арасында жаңа жобаға орай ме­мо­рандум түзілген. Әкімдік тарапынан мой­ны­­на алған міндеттемеге сай жаңа терми­нал­­ға дейін жол жүргізілді. Автотұрақ орны ұйым­дас­ты­рылды. Сол секілді тиісті инженерлік инфра­құры­лымдармен қамтамасыз етілді. Бүгінгі таңда терминал құрылысы 85 пайызға орындалып отыр», дейді басқармасы басшысының орынбасары.

Иә, жаңа терминалдың шатыры толық жабылып, қасбеттері жасалуда. Одан бөлек, ішкі көтеру механизмі траволатор, эскалатор, лифтілер орнатылуда. Телескопиялық траптар мен багаждық жүйеге қажетті құрылғылардың барлығы сатып әкелініпті. Әкім­дік өкілінің айтуынша, жоба жоспарланғанда құны 12 млрд теңге болыпты. Қазірге дейін инвес­­торлар құрылыс материалдары мен логис­тика қыз­метінің қымбаттауына байланысты 15 млрд теңге­ге дейін шығын шығарған. Сонымен бірге пан­демияға байланысты 2 жылдық шектеу кезінде құ­рылыс жұмыс­тары­ның мерзімі созылған. Жалпы, тер­миналдың аумағы 40 мың шаршы метр, оның ішін­де пайдалы аймақ 35 мың шаршы метр бол­мақ. Ал қол­даныстағы терминалдың ауданы 3,5 мың шаршы метр ғана екен. Жобаны жүзеге асы­ру­шы, жоғарыда айтқанымыздай, «Скат» әуе­ком­­­пания­сы Шымкенттің жергілікті инвес­торы бо­лып саналады. Сол себепті де қалалық әкім­дік әуе­­ком­­панияның осы терминал арқылы ұшу гео­гра­­фия­­сын кеңейтуге мүдделілік танытып отыр. Рес­­ми емес, инвестор таратқан ақпаратқа сәйкес жаңа тер­­минал биыл жыл соңына дейін пайда­лану­ға бе­ріл­­­мек. Нәтижесінде, ішкі рейстер кеңейіп, ха­лық­­аралық әуе рейстерінің саны артады деп күтілуде.

Десек те әуежайдың бүгінгі құрылысына қа­тыс­­ты қарсы пікір айтушылар аз емес. Мысалы, қан­шама жыл қаланың сәулет құрылысы сала­сын басқарып, осы қызметтен зейнеткерлік дема­лысқа шыққан, кезінде мегаполистің сәулетін қалып­тастыруға өзіндік үлесін қосқан Нұрлан Арха­баев бас жоспарға алғашқы штрихтер ене бас­­таған ерте кезгі уақытта әуежай Темірлан тасжолы бағытында, бірақ қаладан 10-15 шақырым қашық­тықта салынады деп жоспарланғанын айтады.

«Менің ойымша, инвестициялық қаражаттың жоқтығынан болса керек, әуежай сол орнында қалып қойды. Қазір тіпті қала аумағы кеңейген соң аэропорт мегаполистің ішінде қалып кетті. Айналасы қаптаған елді мекен. Естеріңізде болса, Алматы қаласы әуежайының маңында ұшақ үйге соқтығып апатқа ұшырап, біраз адам қаза тапқан еді. Осы қайғылы оқиғадан соң тиісті ведомство мен прокуратурадан әуежай маңындағы үйлерді көшіру туралы тапсырма келген. Бірақ менің білуімше, сол тапсырма толық орындалған жоқ. Шымкенттің әуежайының маңында әлі де 200 үйдей қалып отыр. Негізінде ереже бойынша әуежайлар қаланың сыртында бірнеше шақырым қашықтықта орналасуы керек. Бәрінен бұрын адам өмірі маңызды емес пе?!», дейді Н.Архабаев.

Ал аты-жөнін айтпауын өтінген, осы салаға жауапты маманның сөзінше, Шымкентке заман талабына сай халықаралық үлкен әуежай қажет. Қазіргі әуежайдың ұшу-қону жолағы Қорғаныс министрлігіне қарасты екенін, сондықтан ол азаматтықтан гөрі әскери авиациялық страте­гиялық нысанға көбірек жатады. Түркістан қала­сына салынған халықаралық әуежай Шымкенттің әуе қақпасының мәртебесі мен абыройын төмен­деткенін айтушылар да жоқ емес.

Дей тұрғанмен, терминал құрылысын қадаға­лаушы қала әкімдігінің тиісті басқарма өкілі Мұхтар Қоқанбаев қазіргі әуежай өзінің орнын­да қала беретінін, жаңа әуежай салу мәсе­лесі Шымкент республикалық мегаполис мәр­тебесін алғалы да көтерілмегенін мәлім етті. Өйт­кені аэропорт салу құрылыс жобаларының ішін­дегі ең құны қымбат нысандардың бірі саналады. Сондықтан оған миллиардтаған қаржы жұм­са­ла­ды. Шымкентте жаңа әуежайдың құрылы­сын бастауға біріншіден, бюджет көтермесе, екін­ші­ден мұндай мегажобаны жүзеге асыруға инвес­тордың табылуы қиын. Әкімдік өкілі болашақта мегаполис тұрғындары 5-10 млн-нан асқан кезде бұл мәселенің өзектілігі білінер деген пікірде.

 

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ,

журналист

 

ШЫМКЕНТ