• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Ахмет Байтұрсынұлы 18 Шілде, 2022

Аманат арқалаған еңбек немесе ахметтануға қосылған соны үлес

993 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы 5 қаңтардағы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында: «Тарихқа көз жүгіртсек, әр буын белгілі бір сынақты басынан өткереді. Біздің бабаларымыз «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны», аталарымыз алапат ашаршылықты, қуғын-сүргінді, дүниежүзілік соғысты көрді» деген болатын. Бүгінгі тәуелсіздігіміз жолында қуғын-сүргін көрген мемлекет қайраткерінің бірі – Ахмет Байтұрсынұлы.

Осы жылы Ахмет Бай­тұр­­сын­ұлының 150 жылдығы UNESCO деңгейінде аталуына орай алыс-жақын елдерде түрлі іс-шаралар өтуде. Республика кө­­­лемінде орта және жоғары мек­тептерден бастап, құзырлы ме­кемелердің барлығы дерлік ахмет­танушылармен кездесу, дөң­­­гелек үстел, республикалық және халықаралық деңгейдегі кон­­­ференциялар ұйымдастыру­­да. Осын­дай іс-шаралардың ба­ры­сында тыңдарманның баян­да­машылардан күтетіні – ахмет­та­нуға қосылып жатқан соны жа­ңа­лықтар. Жуырда ғана оқыр­ман­ның қолына тиген ахметтану­шы Р.Имаханбеттің «Ғасыр саңлағы» – осы сауал­дарға жа­уап беретін әдеби туынды. Бұл – автордың Шолпан Ахмет­қы­зының аманатына адал­дығы­нан туындаған еңбек. 2010 жылы «Ғасыр саңлағы: Ахмет Бай­тұр­сынұлының шығар­ма­шы­лық ғұ­мыр­баяны» атты мо­ногра­фиясы жарық көрген болатын. Қолы­мыздағы еңбекте күні бүгінге дейін ахметтануға қосыл­ған үлкенді-кішілі зерттеу­лер мен танымдық мақала­лар зер­де­ленгендіктен, екінші рет толық­тырылып басылып отыр­ғанын баса айтқан жөн. Кітап­та Қазақстан Республикасы Ор­та­лық мемлекеттік мұрағаты,  Ұлттық қауіпсіздік комитеті,  Ұлт­­тық кітапхана, Ахмет Бай­тұр­сынұлы музей-үйі қор­ла­ры­нан алынған құжаттардың кө­шірмелері, деректі құжат­тар мен тарихи сурет түпнұс­қа­ла­рының көшірмелері берілген.

Өткен ғасырдың тоқсанын­шы жылдарында Шолпан Ахмет­қызының жанында жү­ріп батасын алған Райхан Имаханбет батамен бірге апасының аманатын қоса арқалап қалған еді. Алаш арыстары ақталған тұс­та түрлі мұрағаттарда жатқан А.Байтұрсынұлының өмірі мен қызметі, әдеби мұрасы туралы деректерді жинау, жүйелеу, оларды бір ізге түсіру керек бол­­ды. Сондай қыруар істі Шол­пан Ахметқызы бастап, Райхан қостауға кірісті. Шолпан апасы­ның тауқыметке толы тағ­­дыры, әкесінің қасіретке то­лы өмірі, заманның түлкі бұ­лаңы сияқты трагедияға толы әңгімелерін тың­дай жүріп, сол дәуірді зерттеуге дендеп ене берді. Мемлекет қайраткерінің өмірі мен шығар­машылығын зерттей жүріп, ең­бек­терінің алғашқы басылымдары мен ке­йінгі басылымдарын тізбектеп библиографиясын жасады. Қай жерде Ахмет туралы сөз болды, кім не айтты, кім не жазды дегендерді саусақпен санаған­дай етіп қайраткер өмі­рінің негізгі кезеңдерін қам­титын әдеби өмір шежіресін түз­ді (130-137 б.). Ұзақ жыл­дар­­дағы ізде­ніс­тің нәти­же­­сін­де Райхан заман­дасымыз бү­гін­де алыс-жақын елге танымал ­ахмет­­тану­шыға айналды.

Р.Имаханбеттің бұл ең­бе­­гіне «Әдеби туынды» деген авторлық куәлік берілген. Не­гізі, еңбек көпшілік оқырманға арналып жазылғандықтан, мұра­ғаттық деректер қарапайым, ­тү­сінікті тілмен жазылған. Әдеби туын­ды – ақын, аудармашы, ұлт жазуының көшбасшысы, қа­зақ тіл білімі мен ұлттық әде­биеттану ғылымының негізін салушы, көрнекті ағартушы, ұла­ғатты ұстаз, Алаш ардақ­ты­сы, түркітанушы, ғалым Ахмет Байтұрсынұлының шы­ғар­ма­шылық ғұмырына, мем­ле­кет­тік және қоғамдық қызметіне арналған. Негізгі төрт тарау және тарауішілік тармақтардан тұра­тын еңбектің әр тарауынан соң пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілген.

Кітаптың аңдатуында Ахмет Байтұрсынұлының негізгі қыр­ларын атап өтеді. «Біріншіден, ХХ ғасыр басында жетілген жұрт тілінің жетегінде адасқан алаштың әліпбиі мен әліппесін ұлттық болмысқа лайықтап түр­леді, түзді» дей келіп, 1912 жылы Орынборда жарық көрген «Оқу құралы» қазақша әліп­песінің бі­рінші, екінші кітаптарын мы­салға келтіреді. Татарша, орысша хат таныған қазақтың табиғи болмысына, акустикасына сай төл жазуы болу керек деп түсінген ғалым қазақтың әліппесін түзіп шықты. ХХ ғасыр басына Ахмет негізін салған осы жазу күні бү­гінге дейін Кеңес кезінде шекара бөлгенде Қытай еншісінде кеткен ата-баба жерінде қалған бауырларымыздың төл жазуы қызметін атқарып келеді. Қазақ­стандықтарды жаппай латынға, одан кирилге көшіру саясатымен қазақ халқы өзінің төл жазуынан мүлдем айырылып қалды. Халықтан өз тарихын жасыру үшін бірнеше рет графиканы ауыс­тыру саясаты көздеген мақ­сатына жетті. Жазу-сызудың жиі ауысуы халықты өз тарихынан, дінінен, салт-дәстүрінен, тілінен алшақтатып жатты...

Автор қайраткердің екінші еңбегін «киргиз» аталып келген елдің «қазақ» деп жазылуы­на себепкер болғандығымен көрсе­тіп, оны 1913-1318 жылда­ры жарық көрген «Қазақ» газе­ті­мен дәлелдейді. Келесі үл­кен еңбегі – қазаққа шекарасы сы­зылған автономия алып бе­руі. Пролетариаттың көсемі В.И.Ленин­нің қабылдауында болып, өз ұсыныстарын дәлелдеген ғұлама ғалымды кезінде өз замандастары да «Қазақ халқы­ның көсемі», «Ұлттың ар-ұжданы», «Алаштың Ахаңы» атап еді. Осы­­дан бір ғасыр бұрын тарихи тұлғаның 50 жылдық мерейтойында М.Әуезов: «...қан жыла­ған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайратын біз ұмыт­сақ та, тарих ұмытпайды. Ахаң­ның қызметі қазақтың ұзын-ырға тарихымен жалғасып ке­тетін қызмет. Істеген ісімен өзі­не орнатылған ескерткіші – мәң­гілік ескерткіш» деген еді! Айтса айтқандай, Кеңес өкі­метінен қанша қуғын көрсе де, еліміз тәуелсіздік алғаннан бері ғасыр саңлағының мұрасы жан-жақты насихатталып жатыр. Қазақ халқының жарқын болашағы жолында ерен еңбек еткен мемлекет және қоғам қай­раткерінің қызметі жыл өткен сайын саф алтындай жарқырай түсуде. Ахмет Байтұрсынұлы­­ның тіл білімі мен әдебиеттану­дың негізін салудағы еңбектері еле­ніп «Ана тілдің айбары», «Ғасыр саңлағы» алқа белгісімен марапатталуы – осының айғағы болса, қолымыздағы кітап – соның бір көрінісі.

«Киелі мекен» деген бірінші тараудың мазмұнын «Атамды менің сұрасаң», «Алып анадан туады», «Оқу, білімге құш­тар­лық», «Әуликөлдегі Мұғалім­көл» деген тараушалардан тұ­рады. Автордың Торғай туралы сөз еткенде ақын Ғафу Қайыр­бековтің: «...Торғайдың өзінен-өзі туралы аңызы өсіп кет­кен өлке, даңқы озып кеткен дала» деген сөзін тілге тиек етуі орынды. Киелі мекеннің арғы-бергі тарихы Ахметтің шыққан тегін паш етіп тұр. Жеті атасына дейін шежіресін таратудың негізінде болашақ қайраткердің ата тегіне үңілген. Ақын, журналист Хамитбек Мұсабаевтың «Жыңғылды өткелі» өлеңіндегі:

Ұлы Ахаңның тура он үш

жасында,

Болды сұмдық бір оқиға

осында.

Кәрі оязды Ақтас пен

Байтұрсын,

Ұрып жыққан осы өткелдің

басында,

деген жолдар Ахметтің бо­йын­дағы ұлтшылдық рух әкесі Бай­тұрсыннан берілгенін бай­қата­ды. Осы оқиға жөнінде «Өмір­дерегінен» нақты мысал кел­тіре отырып деректі сөйлетуі – автор­дың мұрағат құжаттарына аса жауапкершілікпен қарауының көрсеткіші. Қырықтың қыр­қа­сында итжеккенге айдалып кетіп, он жеті жылдан соң, әкесінің ел­ге қартайып оралуы Ахметтің жүрегіне қанжардай қадалып еді. Отаршыл империяның қол астындағы ұсақ ұлттарға жүр­гізген езгісін көзімен көріп, оның қасіретін тартқан бала Ахмет орыс халқының тілін үйреніп, отаршылдармен күресудің жаңа әдіс-тәсіліне көшті...

Автор «Алып анадан туатынын» жадында ұстап, ана­сы Күншінің шыққан тегі туралы толыққанды мәлімет бер­ген. Күн­ші – Сүгір руының ауқатты отбасынан шыққан Құлы­бек Шеруұлының қызы. Ел арасында «сарыүйез» деп ата­луы ерге бергісіз адуынды міне­зін, отағасы айдалып кеткенде ба­­лапандарына қорған болған қай­сарлығын, шаруаға икемді, мал-жанға жайлылығын танытты. Анасы Күншінің көмегімен Торғайдағы оқуын тәмамдаған Ахмет 1891 жылы Мұғалімдік мек­тепке қазына қаржысымен оқуға қабылданды. «Әулиекөл» – нағашысы Сүгір елінің ата қонысы болса, Ахметтің осында жиі оралуының да бас­ты себебі сонда. Ахмет пен Алексан­дра­ның «Әуликөлде» бас қо­суы, оған Бадрисафа атының бе­рілуі, Бад­рисафаның ел ішінде «ақ келін» аталуы қызықты баян­далған.

«Толағай тұлға» деп аталатын екінші тараудың мазмұнын ­«Қа­зақ үшін шам...», «Сана серпілт­кен Семей», «Орынбор – рухани орда», «Ел – бүгін­шіл, менікі...» деген тарау­ша­лар қамтиды. Бұл тарауда Ахметтің Ақтөбе, Қос­та­най, Се­мей, Орынбор, Омбы қала­ла­рындағы жылдары сол кезде атқарған еңбектерімен бірлік­те баяндалған. Қарапайым ауыл мұғалімінің 1898-1904 жылдары Омбыға А.Алекторовты іздеп ба­рып танысуын, И.Крыловтың мысалдарын аударып «Қырық мысалды» шығаруын, ұйықтап жатқан елін «Маса» болып ызың­дап оятуын, «Қазақ» газетін шы­­ғарудағы мақсат-мүдделерін мұрағат деректерімен сөйлеткен. 1920-1921 жылдары Қазақ АКСР Оқу-ағарту халық комиссары және Қазақ Орталық атқару ко­митетінің мүшесі, Өлкелік ха­лық комиссариаты жанындағы Ака­демиялық орталықтың төр­ағасы ретінде білім-ғылым сала­сының көшбасшысы болды. Осы жөнінде тарихшы ғалым Кеңес Нұрпейістің «...Ахмет Бай­тұрсынұлы – Алаш қозғалысы аясындағы қоғам қайраткері ғана емес, Кеңестік Қазақстанның ал­ғашқы жылдарында жоғары ла­уазымды мемлекеттік қызмет­тер ат­қарған адам» деген пікірін не­гізге алуы құптарлық болса, Ф.Сатыбалдыұлының өлеңдері мен жоқтаулары Ахметтің өмір деректерін толықтыруға қызмет жасайды.

Үшінші тарау «Ұлы ағар­тушы» деп аталады. Бұл тарау өз ішінен «Әдебиеттегі елшілдік ұран», «Ахаң түрлеген ана тілі...», «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі», «Ахметтану: кеше, бүгін, ертең» деген тараушаларға бөлінген. Бұл тарауда ағартушының түрлі ғылым саласындағы еңбек­тері­нің өзектілігі туралы сөз бол­ған. Түркітанушы А.Самойлович, Е.Поливанов, А.Кононов, Н.Яковлевтің зерттеулері мен Колумбия университетінің профессоры Эдвард Олуорттың же­­тек­шілігімен шыққан «Орта­лық Азия Ресей билеуінде» ең­бек­тері ғалым мұрасының қо­ғам өзгерсе де өзектілігі арта тү­се­тіндігімен дәлелденген. Ахмет Байтұрсынұлының үл­кен еңбегінің бірі – қазақ көсемсөзі­нің негізін қалыптастыруы. «Қазақ» газеті – көсемсөздегі ал­ғашқы қарлығаш еді. Қазақ тілінің ды­быстық жүйесін дәл тапқан Ахаң түрлеген әліпби­ге замандастары Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлы, Е.Омарұлы, Т.Шо­нанұлы, С.Сей­фуллин, С.Сә­дуақас, М.Омар­ханұлы жоға­ры баға берді. Қазақ әліпбиі, тіл бі­лімі, әдебиеттану, көсемсөздің жеке ғылым ретінде қалыпта­суы мен дамуындағы ерен ең­бегі нақты деректер негізінде таратыла талданған. Көркем ­аудар­ма саласындағы еңбектері Ю.Жа­довская, С.Надсон, Воль­тер, А.Пушкин, М.Лер­мон­товтан тәржімалаған аударма­ларымен түйінделсе, 1926 жы­лы Мәскеу баспаханасынан жарық көрген қазақ елінің 400 жылғы тарихы жинақталған «23 жоқтау» – атадан-балаға мирас болған ауыз әдебиеті мұрасын жинаудағы ең­бектерінің кө­рінісі.

Қорыта айтқанда, тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін салушы ғалым, ақын, аудармашы, ұлт жазуының көшбасшысын қазақ халқы ешуақытта ұмытпақ емес. Оны күні бүгінге дейін Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен қызметі, әдеби мұрасы мен зерттеу еңбектері туралы отыздан аса докторлық, алпысқа жуық кандидаттық диссертация қорғалғанынан көруге болады. Қолымыздағы кітаптың бірінші жетістігі – тұлғатануға тау тұлға­лы Ахмет Байтұрсынұлы тура­лы сүбелі еңбектің қосылуы. Екін­ші­сі – Ахметтің дүниеге келуі­нен ­бастап, өскен ортасы, қайрат­кер болып қалыптасуы, түрлі ғы­лым салаларының негізін салуы, қилы тағдырының мұрағат деректері­нің негізінде сөйлеуі. Үшіншісі – ­Ұлт ұстазының өмірі мен қыз­меті, шығармашылығы туралы кеңес­тік жүйе мен тәуелсіздік кезеңдегі ­ой-пікірлерге хронология бойын­ша шолу жасалуы.

Жоғарыда сөз болғандай, ахметтанушы ғалымның Ахмет Байтұрсынұлының қазақ хал­қына сіңірген еңбегі үшін мемле­кетіміздің ең жоғары дәрежелі «Алтын Қыран» орденін немесе «Халық қаһарманы» атағын беруі туралы ұсынысын қолдау­ға толық негіз бар. Ғалымдар бастаған осы ұсыныс 150 жыл­дығы қарсаңында жүзеге асса, Ұлы даланы мекен еткен Қазақ халқы өзінің тек­тілігін әлем алдында тағы бір дәлел­дер еді. «Болар елдің баласы бірін-бірі батырым дер» болса, біз де бү­гінгі тәуелсіздік жолында өмір­ден баз кешкен арыстарымызды ұлықтауға міндеттіміз.

 

Гүлжаһан ОРДА,

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты

Тәуелсіздік дәуіріндегі әдебиет және көркем публицистика бөлімінің меңгерушісі