• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 18 Шілде, 2022

Реті келген релокация

379 рет
көрсетілді

Батыс санкцияларынан кейін Ресейдегі жүздеген шетелдік компания 140 миллиондық нарықтан кетті. Бұл – еліміз үшін үлкен мүмкіндік еді, тиісінше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көрші елдегі бизнестің Қазақстанға релокациясын сәтті жүзеге асыруға шақырды. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысы кезінде Ресейден кеткен компаниялар үшін елімізде қолайлы жағдай жасалуы керек деген тапсырма жүктеді.

«Біз инвестициялық капитал үшін болып жатқан жаһандық күрестің куәсіміз. 1400 ірі шетелдік компанияның әрбір екіншісі қызметін тоқтатты немесе Ресей нарығынан біржола кетті. Олардың Қазақстандағы релокациясы үшін Үкімет қолайлы жағдай жасауы керек. Бұл біздің орта және жоғары шектегі та­уарлар өндірісін арттыра түсуге жақсы мүмкіндік береді. Мен Үкіметке өңдеу өнеркәсібі саласындағы инвестициялық жобалар пулын дайындауды және оны әлеуетті инвесторлармен пысықтауды тапсырамын», деген еді Президент.

Батыс сарапшыларының есептеуінше, қазірге дейін Ресейден 200-ден астам ірі фирма кетіп қалған. Оның қатарында Universal Pictures, Cisco, IBM, Coca-Cola Company, Lego, Electrolux Professional, Apple, Oracle, Autodesk, Boeing, Exxon Mobile және Walt Disney компаниялары бар. Сондай-ақ испаниялық Inditex, германиялық Adidas және америкалық Victoria's Secret өз брендтерінің дүкендерін жапты. Әзірге бұл фирмалардың қайсысының Қазақстанға қоныс аударатыны белгісіз. Дегенмен статистика жыл басталғалы ресейлік компаниялардың Қазақстанда көп тіркелгенін растайды. Finprom мәліметінше, қазірге дейін ресейліктердің қатысуымен елімізде 13 мыңнан астам кәсіпорын тіркелген. Жұмыс істеп жатқан шетелдік компаниялар саны 25 мыңға дейін өскен. Жаппай қоныс аудару әсіресе, наурызда қатты байқалған. Бұл ретте компаниялар миграциясының негізгі ағыны Ресейден келгенін айтады. Германия экономикасы Шығыс комитетінің басқарушы директоры Михаэль Хармс геосаяси ахуалға байланысты көптеген неміс компанияларының Ресейден Қазақстанға көшуді қарастырып отырғанын жеткізді.

«Ресейде серіктестік орнатқан көптеген неміс компаниялары енді Қазақстан мүмкіндігін пайдалануға ниетті. Олар Қазақстан нарығынан серіктес тапқысы келеді. Яғни неміс бизнесінің Қазақстанға деген көзқарасы өзгеріп, қазақстандық нарыққа көңіл бөлінуде. Біз әлеуетті көріп отырмыз, оны неміс бизнесі барған са­йын мойындап келеді. Мен барлық неміс бизнесін бізге қосылуға шақырамын. Көптеген компаниялар қазірдің өзінде бізге хабарласып жатыр, бұл Қазақстанда жұмыс істеу мүмкіндігін қарастыратын барлық неміс компаниялары үшін өте жақсы белгі», деді М.Хармс елордада өткен бизнес форум барысында.

Ресей кеңесінің халықаралық істер бойынша сарапшысы Камран Гасанов РБК телеарнасының эфирінде шетелдік компаниялардың релокациясына байланысты пікір білдірді.

«Посткеңестік кеңістіктегі өзге де елдер сияқты Қазақстан да қуаттылығы жағынан Ресейден біраз артта. Екі ел экспорт, импорт, инвестиция тұрғысынан бір-бірімен тығыз байланысты. Бір жағынан олар зардап шегіп жатыр. Өйткені, Ресейде жағдай тұрақты болса оларда да ахуал дұрыс болады. Екінші жағынан бұл мүмкіндік терезесін ашып отыр. Қазір Ресейде жұмыс істегісі келмейтін компания үшін дәл сондай жағдайды посткеңестік елдер жасап бере алады. Бірақ осы жерде бір казус туындайды. Ал олар сонда санкцияны қалай айналып өтпек? Осы ретте Тоқаевтың бір мәлімдемесін еске түсіреміз, ол Қазақстанның батыс санкцияларын бақылайтынын айтты. Яғни олар оған қосылмайды, бірақ санкция салқыны өздеріне тимес үшін өте мұқият қимылдайды. Әрине, Қазақстан өздеріне фирмаларды көшіруге тырысады. Алайда оларға осыншама өндіріс көлемі қажет емес. Біздегі бүкіл компания Қазақстанға көшіп барса, өнімдерін кімге сатады олар? Иә, басқа елдер бар, мәселен, Қытай, бірақ олар Ресейге тауар жеткізе ала ма? Сол кезде санкцияға ұшырамай ма деген сұрақ туады», дейді К.Гасанов.

Қазақстанның бұл әрекеті «арқадан пышақ сұғу ма», яғни, біз Ресейден де мықты екенімізді дәлелдей аламыз деген емеурін бе, әлде батыс бизнесі үшін Ресейге арнап офшорлық инструмент жасау ма деп сұрақ қояды РБК жүргізушісі.

«Арқадан пышақ сұғу» деп айта алмас едім. Қазақстан бірінші кезекте өз мүд­десін ескереді. Одан кейін өзінің ең мық­ты одақтасына мән береді. Қазақстан біз үшін офшор бола ма, бізге қандай да бір кө­мек көрсете ме, оны кейін білеміз. Егер олар шынымен көмектессе, бізге парал­лельді экспорт ұйымдастырса, онда олар­дың шынымен бізбен одақтас екені­не көзіміз жетеді. Ал Қазақстан олай істе­мей, басымдықты батыс инвестиция­сына бе­руі де мүмкін. Бірақ Қ.Тоқаев бізді әр­да­йым ең жақын одақтасымыз деп айтады. Сон­дықтан олай бола қоймас», дейді сарапшы.

Ресейлік саясаттанушы Аркадий Дубнов болса, Ресейден кеткен компанияларды Қазақстанға шақыру екі ел арасында бәсеке туғызбайды деп санайды.

«Бұл жерде ешқандай бәсеке туралы сөз қозғалып отырған жоқ. Бұл жерден бар болғаны серіктестікке бағытталған позитивті көңіл-күйді көрдім. Иә, әлде­кімдер Ресейге қатысты достастық емес қарым-қатынасын көргісі келеді, бірақ долбарлай салудың қажеті қанша? Мұнда өз еліне, экономикасына деген орынды қамқорлықтың көрінісі ғана бар. Ресейде жақсы заман болған кезде біз де шетелдік компетенцияны тартуға дайын болдық», дейді RTVI-ға берген сұхбатында.

Экономист Рахым Ошақбаев Прези­дент Қ.Тоқаев осыған дейін батыстың 180 миллиондық нарықты (ЕАЭО – ред) тастап кете алмайтынын, сондықтан Қазақстан заңнамасы негізінде шетелдік және ресейлік компаниялардың жұмыс істеуді жалғастыра алатынын айтты, деп еске салып өтті. «Әрине, бір жағынан көмектесеміз, екінші жағынан өзіміз де пайда көргіміз келеді» дейді.

Сарапшы Сәбит Рысбаевтың айтуынша, шетелдік компаниялардың Қазақ­станға жерсінуінің оң тұсы басым.

«Бұл компаниялар бізге жаңа технологияларды алып келеді. Жаңа жұмыс орындары ашылады, жас мамандар жұмыс табады. Бірақ шетелдік, оның ішінде ресей­лік инвестор компаниялар болсын, олар­дың басты мақсаты – өз еліне барын­ша жоғары пайда түсіру. Мысалы, Қазақ­станға «Яндекс» пен «Индрайвер» қыз­меті келгеннен кейін отандық таксо­парк қызметі тоқырады деуге болады. Қан­шама таксопарк пен фирмалар жабыл­ды? Қаншама адам жұмыссыз қалды? Мұ­ны­мен қатар, осы такси саласында келе­тін қаражаттың барлығы Ресейге жөнел­тілуде. Кей мемлекет жергілікті халық­тың таксопаркін өлтіріп алмас үшін Амери­каның Uber секілді ірі компаниясын шекарасына кіргізбейді. Осындай жағдайларға назар аудару керек сияқты. Қазақстанға келіп жатқан компаниялар өз еліне қайтып кетуі мүмкін. Бірақ ұзақ мерзімді салаға инвестиция салған компаниялар қалады деп ойлаймын», дейді С.Рысбаев отандық телеарнаға берген сұхбатында.

WE заңгерлік фирмасының сараптауынша, бизнесті Ресейден Қазақстанға көшірудің бірнеше себебі бар. Өйткені Ресеймен салыстырғанда Қазақстанда жұмыс істеу заңнамалық тұрғыдан әлдеқайда жеңіл. Ол қандай басымдықтар:

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы жұмыс істейді. Мемлекеттік қызметтің 80 пайызы электронды форматта ұсынылады. Яғни, бизнес пен бухгал­терияны онлайн жүргізуге мүмкіндік бар. РФ азаматтары үшін виза режимі жоқ және ешқандай келісім мен тіркеусіз еңбек қызметін атқара алады. Бизнеске қатысты салық жүктемесі төмен, 3 пайыздық салық ставкасымен жеңілдетілген режим бар. Экспорттық қызмет атқарылса ҚҚС 12 пайыз болады. Ресейде ҚҚС ставкасы – 18 пайыз. Сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығы секілді балама юрисдикцияның болуы, жергілікті IT мамандардың жоғары кәсібилігі, аса ыңғайлы IT-экожүйе және кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік инвестициялар бизнес жүргізуде жеңілдік береді», деп жазады аталған фирма.

Еске салсақ, осыған дейін Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин шетелдік IT-компанияларды Қазақстанға әкелу бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанын, қазірдің өзінде Рlауriх, Nexters және Mytona видеоойындар өндіру компанияларының, «Тинькофф» онлайн-банкінің, видеоойындар өндіру компаниясының, InDriver жолаушылар тасымалы сервисінің, Санкт-Петербург биржасының, Type Type шрифті студиясының, Lever Travel тур іздеуге арналған онлайн-сервисінің және Red Mad Robot бағдарламалық қамтамасыз етуді дайындау компаниясының Қазақстанға көшірілгенін хабарлаған еді.