Ертеде үкідей үлбіреген, тотыдай таранған қазақтың қыздары барқыт, жібек секілді құнды маталардан тігілген тақия киген. Оны оюлап, әшекей бұйымдармен көмкеріп, жарасымды етіп қойған. Тағы бір дәстүрдің жаңғырғандығы болар, соңғы кездері тақия қайта сәнге айналды.
Қазақ аруы отбасылық жағдайына қарай жарасымды тақия, үкілі сәукеле киген, тұрмыс құрған соң ақ орамал таққан... Иә, қазақта бас киімнің түрі көп; зере, тақия, төбетай, бергек, бөрік, жаулық, желек, жырға, кимешек деп кете береді.
Жуықта облыстық А.Пушкин атындағы кітапхананың Maker Space шығармашылық алаңында тігінші Гульфира Бағдаулетқызы тақия тігуден шеберлік сағатын өткізді. Қатысушылар тақияның негізін қалай қиюды, оны тігуді және әшекейлермен безендіруді үйренді. Бар болғаны екі сағаттың ішінде сәнді, салтанатты тақиялар дайын болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қызығушылар саны артса, мұндай шеберлік сағаты жүйелі түрде өтіп тұрмақ.
– Қазақи ою, асыл тастармен безендірілген тақиялардың сұранысы күннен күнге артып келеді. Ұлттық құндылықтың қайта жаңарып, жаңғырып жатқанына біз қуанамыз. Халыққа тақия тігуді үйретіп, дәстүріміздің дәріптелуіне осылайша үлес қосқымыз келеді, – дейді Гульфира Изекова.
Тақияның сәнге айналуына қарай, түрлі тақия тігіп, кәсібін дөңгелетіп отырған тігіншілер де көбейді. Алайда А.Пушкин кітапханасының қабырғасында әркім өзіне жарасымды тақия тігіп алуларына әбден болады. Жалпы, бұл кітапханада оқырман үшін атқарылып жатқан шаруа ұшан. Өткенде ғана экологияны полиэтилен пакеттерден тазарту мақсатында шүберек сөмке тігіп, табиғатты қорғауға үгіттеген. Кітапхана басшылығының мәліметінше, алдағы уақытта әлі де ауқымды жобалар көп. Оның бәрі рет-ретімен жүзеге аса бермек.
Шығыс Қазақстан облысы