• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Тарих 19 Шілде, 2022

Запорожьедегі зауытта немесе отыз бес жыл бұрынғы ойдан кетпес сапар

418 рет
көрсетілді

Отыз бес жыл бұрын Запорожье облысына барған іссапарымның жөн-жапсарын оқырман қауыммен бөлісейін деген ниетпен осы бір әңгімемді баян етпекпін.

Менің сол кезде Өскемен құ­ры­лыс-жол институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітіріп, жол-құрылыс әскерінде екі жыл офицер қызметін атқарып, Большенарым ауданының Ленин атындағы ұжымшарында жөндеу шеберханасының бақылаушы-инженері ретінде жұмыс іс­тей бастаған кезім. Өзім сол кез­дегі ұжымшар орталығы Ново­березовка ауылында (қазіргі Ал­тын­бел) дүниеге келдім, осы жерде орта мектепті бітірдім. 1990 жыл­дары туған ұжымшарымда бас ин­женер қызметін атқардым. 2006 жылы мені Алтынбел ауылдық окру­гінің әкімі етіп сайлады. Он жыл­дан астам уақытты осы жұ­мысқа арнадым.

Біздің ұжымшар ауданның едәуір аумағын алып жатқан жеті шаруашылықты біріктіру жолы­мен 1956 жылы құрылған. Үш шаруа­шылық таулы аймақта орналас­қан. Шығыс Қазақстандағы ең ірі ауылшаруашылық кәсіпорны жаңа ұжымшарға Ленин есімі берілді. Басқарманың төрағасы болып Бошай Кітапбаев сайланды. Амангелді атындағы ұжымшарды (Майемер ауылы) басқарған менің әкем Нұраш Жексембаев біріккен шаруашы­лықта қой шаруашылығы саласын басқарды.

1987 жылы маусым айының соңында, ұжымшарда егіс себу аяқ­талып, барлық бөлімше ша­бындыққа және астық жинау нау­қанына дайындалып жат­қанда, ұжым­шар төрағасы шақыр­ды. Бо­шай аға менің қалай орналас­қа­ным туралы сұрастыра келе, жақ­сы жұмысым, ішімдіктен аулақ­­тығым үшін мадақтады. Әңгі­­ме­нің соңында ұжымшардың шта­т­тық жабдықтаушылары іс­сапарда екенін, сондықтан маған Запорожье облысының Бердянск қаласына, Первомайск ауыл ­шаруа­­­шылығы машиналары зауы­ты­на барып, ұжымшар комбайндарына ЖРБ-4.2 жаткаларын алу қажетін айтты. Бұл – бұршақ да­қылдарын шабуға арналған жә­не бөлек жинау кезінде жатып қал­ған егінді бастыруда таптырмас тір­кеме қондырғы.

Күтпеген ұсыныс болғандықтан біраз абдырап қалдым. Алайда төраға толқуымды тез басып, тіп­ті өзі Новоберезовкада болса да, қажетті қолдауды қамтамасыз ете­мін деп сендірді.

Алдағы іссапар оңай емес және шалғай болғандықтан, ол әңгіме барысына қатысып отырған бас инженерге маған серіктес табуды тапсырды. Үш-төрт күннен кейін жолға шығуды белгіледік. Соңғы сәтте бас инженер мені жалғыз баруға көндірді. Шаруа қызып тұрған уақыт, бос адамдар жоқ. Келісуге тура келді.

Жүрер алдында Бошай Кітап­байұлы Бердянскіге дейін қалай жетуге болатынын тағы бір рет толық түсіндірді. Зауыт директорына ресми хатты қолыма ұс­та­тып, Мәскеуге дейін авиабилет мәселесін шешіп берді. Содан ке­йін машинамен Өскеменге жол тарт­тым, онда «Облыстық ауыл ша­руашылық техникадан» («Обл­сель­хозтехника») жаткаларды са­тып алуға сенімхат алдым. Бұл се­­нім­хат ештемеге кепілдік бер­мей­тін, ол зауыт басшылығы ұжым­шар төрағасының сұранысын қа­на­­ғат­тандыру қажет деп шешкен жағ­­дайда мәмілені ресімдеу үшін қажет болды.

Мәскеуде біршама қиындық­пен Бердянскіге дейін темір жол билетін алудың сәті түсті. Ол кез­­­дерде жазғы маусымда он мил­­­лион­­даған демалушылар отба­сы­­ла­рымен еліміздің оңтүс­тік ку­рорт­­тарына, Қара және Азов теңіз­­­дері­нің жағажайларына ағы­латын. Әуежайлар мен темір жол вокзал­дарында кассаларға үлкен кезек тұратын.

Пойыздан түсе салысымен, зауытқа жеттім. Директордың қа­был­дау бөлмесінде хатшыға хатты беріп, қабылдауға жазылдым. Хатшы директорға кіру өте қиын екенін және кем дегенде бір апта күтуге тура келетінін ескертті.

Ойлағанымдай, қаланың қо­нақ­үйлерінде орын болмады. Азов теңізінің сол жақ жағалауында орналасқан Бердянск, порттық қана емес, курорттық қала. Теңіз жағалауы, жайлы климат және емдік балшығы бар бұл курорттың республикалық маңызға ие болуы да тегін емес еді. Қала көшелері демалушыларға толы. Дегенмен курортты қаланың тұрғындары үшін жазғы маусым тұрғын үй-жайларын жалға беріп табыс табатын кезең болғандықтан, көп қиындықсыз жалға пәтер таптым. Содан кейін келіскеніміздей, ұжымшар бастығына Бердянскіге сәтімен жеткенім туралы телеграмма жолдадым.

Менің қаладағы күндерім зауыт­тың қабылдау бөлмесіне бару­мен басталды. Алайда біздің хаты­мыз бойынша ешқандай қоз­ғалыс жоқ, толық тыныштық. Жал­даған пәтерімнің телефон нөмі­рін хатшыға қалдырып, күтуге тура келді. Сонымен үшінші күні таңер­тең үй иесі мені телефонға ша­қырды. Зауыттың қабылдау бө­лмесінен қоңырау шалған хатшы «Директор Сахаров Владимир Александрович сізді күтіп отыр» деп, сарыла күткен қуанышты хабарды айтты.

Жарты сағатта зауыт бас­қар­масына жеттім. Хатшы Қа­зақ­станнан ұжымшар өкілі кел­ді деп баяндады. Директор кең ка­би­нетінде жылы жүзбен күлімдеп қарсы алып, қолын беріп амандас­ты. Біз ұзын үстелдің бас жағына қарама-қарсы отырдық. Сол сәтте-ақ қолына менің хатымды ұстаған көмекшісі кірді.

Директор әңгімені біздің төраға туралы сұрақтарымен бастады. Мен ұжымшар төрағасының соғыс ардагері, бірінші топтағы мүгедек, Социалистік Еңбек Ері, КОКП съезінің делегаты, экономика ғы­лым­дарының кандидаты екенін, Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайланғанын жеткіздім. Ұжымшар туралы біраз әңгімеледім.

Мені тыңдап болып, зауыт директоры түнде оның пәтерінде қалааралық телефон қоңырауы түскенін айтты. Тұтқаны көтерген әйелі оны оятып, Қазақстаннан бір адамның осымен екінші рет телефон соғып тұрғанын айт­қан. Ұйқысын аша алмай тұрған Сахаров жақтырмай күңкілде­ген, бірақ әйелі болмаған соң, тұт­қаны алуға тура келген.

Ол ақталғандай болып, тіпті Украина Компартиясының Орта­лық комитеті хатшысының өзі оны кеш қоңыраулармен мазаламайтынын айтты. Соңында түнгі әң­гіме жарты сағатқа созылған.

Мен Бердянск зауытының ди­ректорына телефон шалған ұжым­­шар төрағасы Бошай ағамыз екенін бірден сездім. Шамасы, күндіз кәсіпорын басшысын қыз­меттік ка­бинетінде ұстау мүмкін болмаған.

Бошай Кітапбайұлының өжет­тілігі мен қайрат-жігері, кез кел­ген жағдайда қажетті сөз­дерді таба білуі, КСРО ауыл шаруа­шы­лығының машина құрылысы ми­нистрлігі жүйесіндегі жетек­ші кәсіпорындардың бірін он­да­ған жылдар басқарып жүр­ген тәжі­рибесі мол басшысы Сахаровқа әсер еткен. Ол өзінің алыстағы қа­зақстандық ұжымшары туралы телефон арқылы қызыға әңгімеле­ген біздің төрағаға құрметпен қа­рағанын атап өтіп, жұмысы үшін алаңдайтын адамның еңбегіне және табандылығына бас иетінін айтты. Және бұл ретте өзінің үй телефонын қалай тауып алғанына таң қалды.

Көмекшісі бастығына хатты беріп, бекітілген кестеге сәйкес Шығыс Қазақстан облысы үшін жаткалар күзде тиелетінін баяндады. Алайда директор Ленин атындағы ұжымшарға зауыттың резервтік қорынан ЖРБ-4.2 он екі жаткасын дереу бөлу туралы өкім етті.

Осыдан кейін Владимир Алек­сандрович көмекшісіне мені зауыт­тың қонақүйіне ақы алмай орна­ластыруды және темір жол платформаларына жаткаларды тиеу процесін көріп, бақылай алуым үшін зауыт аумағына кіруге рұқсат беруді тапсырды. Қоштасарда барлық туындайтын мәселе бо­йынша көмекшісіне жүгінуді айтып, ұжымшар төрағасына үлкен сәлем жолдады. Сонымен бірге қаланы көруге, жергілікті мұражайларға барып, Азовтың тамаша жағажайларында күнге күюге кеңес берді.

Ұлы Отан соғысы жылдарында Бердянск екі жыл оккупация­да болған. 1941 жылдың қазан айында ауыл шаруашылығы машиналары зауыты Қырғыз КСР астанасы Фрунзе қаласына (қазіргі Бішкек қаласы) көшірілген. Бер­дянскіні азат еткеннен кейін зауыт өзінің жұмысын Қырғызстанда жалғастырған, ал көшірілген кәсіп­орынның орнына үш жылдан аз уақыт ішінде жаңадан Пер­вомайск ауыл шаруашылығы маши­нала­рының зауыты салынған. Фрунзе ауыл шаруашылығы машиналары зауыты ірі шабындық техникаларын өндіруші кәсіпорынға айналды. Олар шығарған пресс-жинаушылар КСРО-ның түкпір-түкпіріне жеткізілетін және де шетелде сұранысқа ие болған.

Сахаровтың қабылдауынан кейін бір апта ішінде біздің жаткалар екі темір жол платформасы­на тиеліп, біздің ұжымшарға ең жа­қын орналасқан Зырян қаласының Зубовка стансасына жөнелтілді. Бошай аға күнде маған қоңырау шалып, жағдайды біліп тұрды.

Адамға іссапар тапсырмасын беріп, ары қарай өздігінен амалын тапсын, қойылған міндетті қалай шешетінін өзі ойласын деген ол кісіде болған емес. Ол әрқашанда көмекке келуге дайын тұратын.

Зауыт директорының өкімімен тиелген партияны машинаның ең басты тораптарының қосалқы бөлшектерінің жеткілікті кең номенклатурасымен толықтырып бергенін де айтқан жөн.

Первомайск зауытының тари­хы 1876 жылы ағылшын инже­нері Джон Гривз Бердянскіге бо­ла­шақ зауыттың негізі болған ауыл­шаруашылық техникалары мен құралдарын бөлшектелген түрде әкеліп, сатып алынған шеберханаларда жинақтай бастаған кезден басталған. 1917 жылғы революциядан кейін Гривз Ресейден кеткен, ал оның кәсіпорны елге келген саяси және экономикалық апаттардан аман қалып, ауыл ша­руашылығы машиналарын шы­ғаруды жалғастырған. Көп ұза­май зауыт атауы Первомайск деп өзгертілді.

Кеңес кезеңінде Первомайск ауыл шаруашылығы машиналары зауытының конвейерлерінен шығатын өнім, жыл сайын елде шығарылатын аспалы және тір­кемелі жаткалардың 80%-ын құ­рай­тын. Зауыт КСРО-да дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды бөлек жинауға арналған жаткалар өндіретін жалғыз кәсіпорын болды. Тоғызыншы бесжылдықтың қорытындылары бойынша зауыт Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.

 

Қабдырғали ЖЕКСЕМБАЕВ