• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Бизнес 19 Шілде, 2022

Кәсіпкерлердің кредит алуына не кедергі?

207 рет
көрсетілді

Ел экономикасындағы ең шетін, нәзік мәселенің бірі – экономикаға несие берудің жайы. Ірі бизнестің мұртын балта шаппайды, қинайтыны – шағын кәсіптің кредит ала алмай, кідіріп тұрғаны. Шенділер осыған дейін де экономиканы несиелеудің тым баяу жүріп жатқанын арагідік сөз етуші еді. Осы тақырыптың тоқетерін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Президент бүтін елдің қаржы секторына жауапты – Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі сияқты мекемелерге – экономиканың нақты секторына несие беруге банктерді тарту үшін қосымша тетіктер мен ынталандыру жасау керек деген тапсырма берді. Мемлекет басшысының айтуынша, экономикалық белсенділіктің маңызды факторы саналатын корпоративті несиелеу үлесі қысқарып бара жатыр. Соңғы бес жылда жалпы берілген займ көлеміндегі корпоративті кредит үлесі 68-ден 41 пайызға дейін азайған.

«Кез келген азды-көпті маңызды жобаны не мемлекеттік даму институттары есебінен, не халықаралық қаржы ұйымдарының несиелері есебінен қаржыландыруға тура келеді. Банктерде 11 трлн теңге көлемінде жоғары өтімді активтер бар. Бұл, шындап келгенде, апатты ахуал. Қаржы реттеушісі пруденциалды нормативтерді әлсірету шаралары туралы баяндайды. Алайда деректер көрсетіп отырғандай, бұл шаралар жеткіліксіз», деді Президент.

AERC Beta LLP бас директоры Ғалымжан Айтқазин корпоративті займдар үлесінің төмен болуын «жүйелік проблема» деп атады.

«Олар қалпына келіп, толық­қанды дамымайынша белгілі бір салалардағы жеңілдетілген несие­леуді тоқтатуға болмайды. Ал ком­мерциялық банктердің несие портфеліндегі корпоративтік займдар үлесінің төмен болуы – жүйелік проблема. Өйткені бізде нарықтық ставкалар тым жоғары. Оның үстіне Қазақстан экономикасы үлкен тәуекелге тап болып отыр, сәйкесінше олар бизнеске де әсерін тигізеді. Сол себепті коммерциялық банктер кәсіпкерге кредит бергеннен гөрі, жеке тұлғаларды несиелеуді қолай көреді. Корпоративті несие бойынша жоғары тәуекелдер де рөл ойнайды. Тұтынушылық займмен салыстырғанда корпоративті займдағы сомалар миллион мен миллиард арасында болады. Әрі ондай несиелердің төлем мерзімі де тым ұзақ. Корпоративті займдардың тартымдылығын төмендетіп тұрған тағы бір фактор – займ құнына әсер ететін жоғары базалық ставка», дейді Ғ.Айтқазин.

Сарапшының айтуынша, қазір Ұлттық банк базалық ставканы бірден төмендетіп, корпоративті несиелерді арзан ете алмайды. Олай еткен күнде сыртқы шоктар салдарынан тым жедел баға өсіміне тап боламыз. Біз де әлем экономикасының бір бөлшегіміз және қазіргі геосаяси ахуалдан туындаған салмақты тым қатты сезініп отырмыз.

«Бұл ретте корпоративті несие­леуге мемлекеттік қолдау шарасы қажет. Қолдау көрсетпес бұрын жоба қаншалықты тартымды, ол табыс әкеле ме деген нәрселер сарапталуы керек. Қытай мен Оңтүстік Кореяда ондай тәжірибе бар. Сол елдердің компаниялары жеңілдетілген қаржыландыру есебінен өз капиталын, өндіріс қуаттылығын арттырды және көбірек салық төлей бастады. Бірақ бизнестен ондай қайтарымды бірден күтуге болмайды. Бизнесті жеңілдетілген несиемен қолдау үнемі жалғаспайды. Бірақ Қазақстан дамуының қазіргі кезеңінде мемлекет тарапынан кәсіпкерліктің жекелеген түрлерін қаржыландыру үшін несие ставкаларын субсидия­лау қажет. Мұндай қолдауды кә­сіп­орындар толық қалпына келті­рілгенге дейін жалғастыруға болады», дейді сарапшы.

Fitch Ratings рейтинг агенттігінің өкілі Дмитрий Васильевтің ай­туын­­ша, отандық банктердегі проб­­­ле­­малық несиелердің жоғары дең­гейі – бұрыннан қордаланған түйт­кіл. Не­­сиелік тәуекелдің ең жо­ғары дең­­гейі де осы корпоративті несие­лерде.

«Корпоративтік займдар – негі­зінен долларланған несиелер, оның мерзімі ұзақ, көп жағдайда жобалық қаржыландырумен байланысты. Тарихи тұрғыдан Қазақстанның банк секторындағы активтер сапасының негізгі проблемалары корпоративтік несиелермен байланысты болды. Ал бөлшек несиелер – орташа несие тәуекеліне ие», деді Д.Васильев.

Ал Бірінші несие бюросының бас директоры Руслан Омаров экономикаға берілетін несиелердің сомасы тым ауқымды, сондықтан бір заңды тұлғаның дефолтқа ұшырауы – қаржы институтына үлкен соққы болып тиетінін жеткізді.

«Сол себепті бір қарыз алушыға келетін ең жоғары тәуекел пру­ден­циал­дық нормативтермен рет­те­леді. Корпоративтік несиелер көп жағдайда доллармен бері­леді. Коммерциялық займдар порт­фе­ліндегі валюталық несие үлесі қазір 40 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш 2013-2018 жылдары 45 пайыз еді. Валюталық несиелердің жоғары үлесі валюталық тәуекелдердің қарыз алушыларға ауысуына әкеледі. Бизнес-сектордың толық жұмыс істеуі үшін ыңғайлы ставка бойынша теңгенің ұзақ мерзімді өтімділігі қажет болады», дейді Р.Омаров.

Премьер-Министр Әлихан Смайылов жақында ғана екінші деңгейлі банктердің несие портфелі 26,5 пайызға ұлғайғанын айтты.

«2020 жылмен салыстырғанда 2021 жылы екінші деңгейлі банк­тер­дің несие портфелі 3,9 трлн теңге­ге көбейіп, 18,5 трлн теңгені құра­ды. Әлем экономикасындағы белгі­сіздікке қарамастан, жыл басынан бері кредит портфелі 5,5 пайызға артып, 2022 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша 19,5 трлн теңгеге жетті», деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес 2023-2027 жылдары банк­тер­дің экономиканы несиелеу көрсет­кіші 22,9 трлн теңге межесінде болады, 2027 жылға таман 34,2 трлн тең­геге дейін ұлғаяды деп күтіліп отыр.

Қазақстан қаржыгерлер қауым­дастығы ұсынған мәліметке сүйенсек, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша, экономикалық өсімнің қайта қалпына келуінің (+4,4 па­йыз) аясында займдық қаражатқа деген сұраныс артқан. Нәтижесінде, әдепкі тоқсанда 5 трлн теңге кредит берілсе, соның 53 пайызы – корпоративті займдар. 2021 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда көрсеткіш 1 трлн теңге немесе 25 пайызға өскен. Әрине, бұл – алғашқы үш айдың ғана қорытындысы.

Шындап келгенде, қаржы институттарының қарапайым бизнеске ақша бергісі келмейтіні жасырын емес. Жоғарыда айтылғандай, кәсіпорынға займ берудің тәуекелі көп. Біріншіден, сомасы тым ауқымды, мерзімі ұзақ болады. Алда-жалда төлей алмай қалса, бұл банкке ауыр тиеді және қоржынындағы стрестік актив қатарын молайтады. Ал мемлекеттің стрестік активтермен күресу үшін заң жобасына өзгеріс енгізіп, жұмыс істемей тұрған кредитті сатып алатындардың қатарына жеке инвесторларды қосып жатқанын білеміз. Бұл заң да енді қабылданды. Заңды тұлғалардың миллион, бәлкім миллиардтаған стрестік қарызын олар сатып ала ма, сатып алған күнде нәтиже шыға ма, жоқ па, ол да уақыттың шаруасы. Сондықтан банктердің тап қазір бизнеске қарай айқара құшақ аша қоярына күмән көп.

Бірақ Мемлекет басшысы тапсырма берді. Енді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк қандай тетік табады? Банктерді корпоративті несиелеу үлесін көбейтуге қайтіп көндіреді? Әлде өздері базалық ставканы төмендете ме? Кәсіпкерлерге бола инфляцияны тежеудің бірегей құралы болып тұрған базалық мөлшерлемені төмендете қоюы екіталай. Ал тап қазіргі жоғары ставкамен несие ресімдей қоюға кәсіпкер де ықылассыз. Әрі банк сұрайтын қыруар қағаз және кепіл мүлігі де бар. Егер банктер «кепілге мүлік қою керек» дейтін талапты алып тастаса, несие ресімдейтін заңды тұлғалар саны күрт артуы мүмкін. Жоғары ставкаға қарамастан. Бірақ банк ондай тәуекелге бара ма? Ертең кәсіпкер төлем қабілетінен айырылып жатса, қаржы институтына қармап қалар құнды бір кепіл керек қой? Әлде банк берген несие ставкасын субсидиялап, мемлекет өзі жәрдемдесе ме? Олай етсе, «экономиканы несиелеуге банктерді тарту керек», деген Президент тапсырмасы шынтуайтында жартылай орындалған болып шықпай ма? Ставканы субсидиялау – белсеніп өзің көмектескеннің белгісі. Банк емес.

Қысқасы, бір-біріне шиеленіскен факторларды сәтімен ажыратып, екі тарапқа да ыңғайлы, қос тараптың да көңілін жықпай, бірін – көндіріп, бірін – көңілдендіретін шешім керек-ақ. Ол бәлкім, арнайы ереже. Бәлкім, заң. Не болмаса қолданыстағы заңға өзгеріс енгізу. Қысқасы, бұл – күн мен айдың емес, жылдың шаруасы. Айналасы бірер жылда шешімін тауып жатса да жаман емес.