Бұған дейін Димаш Құдайбергеннің маңдайы жарқыраса, былтыр Рухия Байдүкенова жарқ ете қалған «Славян базары» халықаралық фестивалінен қазақ өнерінің қоржыны биыл да құралақан қайтпады. Атап айтқанда, 12 жасар Әлинұр Хамзин музыкалық «Славян базары» халықаралық балалар байқауында лауреат атанып, ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.
Соңғы 5 жыл бойы республикалық, халықаралық ән байқаулары мен тележобаларға қатысып жүрген Әлинұр «Славян базарының» алғашқы күні Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Қазағым-ай» әнін шырқады. Қазылар алқасы жерлесіміздің өнерін жоғары бағалады. Жарыстың екінші күні жас өнерпаз Смоки Робинсонның Who's Lovin' You әнін орындады. Осылайша, жас әншінің жұлдызы жанып, 138 ұпай жинап, лауреат атанды.
Әлинұр Хамзин 2010 жылы Орал қаласында дүниеге келген. Бүгінде қаладағы №27 және №1 музыкалық мектептерде білім алып жатыр. Парижде өткен Junior Eurovision байқауы мен Ташкентте өткен «Роза востока» атты халықаралық сайыстарға қатысқан жерлесімізді жеңісімен құттықтап, шығармашылық табыс тілейміз.