• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 20 Шілде, 2022

Дүниежүзілік ойындар мәресіне жетті

265 рет
көрсетілді

АҚШ-тың Алабама штатының Бирмингем қаласында ұйымдастырылған XI Дүниежүзілік ойын­дар мәресіне жетті. Мұхиттың арғы бетінде өткен халықаралық додада Қазақстан құрамасы спорттың сегіз түрінен сынға түсіп, барлығы 4 медаль (1 алтын, 2 күміс, 1 қола) жеңіп алды. Нәтижесінде, Қазақстан делегациясы Португалиямен бірдей көрсеткішке ие болып, жалпыкомандалық есепте 37-сатыға тұрақтады. АҚШ-та барлығы 73 елдің спортшылары жүлдеге қол жеткізді.

Дүниежүзілік ойын­дарда ел намысын қорға­ған 16 спортшымыз нашар нәтиже көрсетті деп айта алмаймыз. АҚШ төріндегі додада Қазақ­с­тан қоржынына алтын медальды каратэден Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Софья Берульцева салды. Жарыс­тың екінші күнінде сынға түскен отандасымыз өз салмағында қарсылас шақ келтірген жоқ. Ал джиу-джитсудың неваза түрінен сынға түскен Галина Дуванова мен муай-тайдан 2 дүркін әлем чемпио­ны Алмаз Сәрсембеков финалда сүрініп, жарыстың күміс жүлдегерлері атанды. Сондай-ақ спорттық акробатикадан Даниэль Диль мен Вадим Шуляр жұбы үздік үштікті түйіндеді.

Спортты дамыту дирек­циясының дерегі бойынша, Қазақстан құрамасы Дүниежүзілік ойындарға 1993 жылдан бері қатыса бастаған. Сол жылы Нидер­ланд Корольдігінің Гаага қаласында өткен додада жерлестеріміз спорттың 20 түрінен бақ сынап, 1 алтын, 1 күміс пен 1 қола медаль жеңіп алды. Ал ең кейінгі рет 2017 жылы Вроцлав қаласында (Польша) өт­кен ойындарда өнер көрсе­тіп, жерлестеріміз 27 спорт түрінен 1 алтын, 5 күміс және 2 қола медаль енші­леген еді. Бирмингем ойын­дары жүлде саны мен сапа­­сы жағынан 2-орынға шықты.

Естеріңізге сала кетейік, Бирмингемде әлем­нің әр елінен келген 3500-ден астам атлет 34 спорт түрінен 223 медаль жиынтығын сарапқа салды. Соның ішінде Қазақ­стандық спортшылар 8 спорт түрі – кикбоксинг, садақ ату, муай-тай, джиу-джитсу, спорттық акробатика, брейкинг, WKF каратэден жүлдеге таласты.

Дүниежүзілік ойындар 1981 жылдан бастап әр 4 жылда бір рет, Олимпия ойындарынан кейінгі жы­лы ұйымдастырылады. Дүниежүзілік ойындар 2001 жылдан бастап Халықаралық Олимпиада комитетінің қол астына көшті. Әуелі тек Олимпиада бағдарламасына кірмейтін спорт түрлерінен өткізілсе, бертін келе 4 жылдықтың басты бәсекесіндегі спорт түрлері қосылды. Мәсе­лен, Бирмингемде көр­кем гимнастика, садақ ату, құз­ға өрмелеу сынды олим­пиадалық спорт түрлерінен жүлделер сарап­қа салынады. Ал Дү­ние­жүзілік ойындарда лакросс, каноэ-марафон, дрон жа­рыс­тыру, кикбоксинг, брейк-­данс, паркур мен ар­қан тартыс секілді спорт түрлерінен алғаш рет жарыс өтеді.