Жол қателікті кешірмейтінін білсе де, ережеге пысқырмайтын көлік жүргізушілердің қарасы азаймай тұр. Осыдан біраз бұрын Ішкі істер министрлігі жаға ұстататын деректермен бөліскен еді.
Ведомствоның сәуір айында таратқан деректеріне сенсек, 1,2 миллионнан астам жол қозғалысы ережесінің бұзылу дерегі тіркеліпті. Олардың қатарында ішімдік ішіп рульге жармасатындардың да қарасы басым болған. Статистикалық деректерге зер салсақ, мас күйінде көлік басқарған азаматтардың саны 5,7 мыңға жеткен. Өкініштісі де осы болып тұр. Ал Жамбыл облысында жағдай қалай?
Өңірде ұйымдастырылған «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы барысында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері шетелдерде есепте тұрған автокөліктердің жалған құжаттарын пайдаланудың 20 дерегін анықтады. Полиция қызметкерлері республикалық маңызы бар «Батыс Еуропа –Батыс Қытай» автожолында жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін шетелдік есепте тұрған Toyota Estima маркалы автокөлігін тоқтатты. Құжаттарды тексеру кезінде ер адам полиция қызметкерлеріне көлік құралын тіркеу туралы жалған куәлік бергені және аталған автокөлік құжатта көрсетілген елдің тіркеу есебінде тұрмайтыны анықталды.
Іс-шара барысында тіркелген барлық 20 дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 385-бабы 3-бөлігі «Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлерді, бланкілерді, пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін, мемлекеттік наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды және сараптама тағайындалды.
«Өңірде ұйымдастырылған «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс-шарасының алғашқы күнінен бастап, жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері 4 200-ден астам жол қозғалысы ережесін бұзуды тіркеді және мас күйінде автокөлікті басқарған 23 жүргізушіні ұстады. Сонымен қатар айыппұл тұрағына 118 көлік қойылды», дейді Жамбыл облысының Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Рахымберді Әшкеев.