«Көк түріктің бесігі, көне дүние есігі» деп ежелден құлағымызға сіңген, бүгінде қайта жаңғырған Түркістанға көп жылдан бері жолым түспей жүр еді. Биыл сонда болдым.
Оған себепші болған – Түркістан облысында «Тәуелсіздіктің бесігін тербеткен аналар» атты форумды ұйымдастырып жүрген белсенді қыздарымыз еді. «Аналар» журналын шығаратын, өзім бұрыннан танитын жазушының қызы Ажар Момбекова ертемен телефон шалды:
– Апа, келесіз бе? Бізде осындай форум болатын еді, – деді.
Ал бұл форумның тақырыбы мені де толғандыратын.
Тәуелсіздік бесігін тербеткен әйелдердің ортасында ала қап арбалап өзімнің де кеткенім көзіме елестеді. Иә, егемендік алған 30 жылда Түркістан аналарының да басынан өткенін бөлісіп, естіп, қыздардың оны ескеріп жатқанын көзіммен көрейін деп, «тәуекел» етіп жолға шықтым.
Жас кезімізден көріп, есейе келе балаларымызды жетектеп барып көрсетіп, тәу ететін Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне, әрине, тағы да бір оралып соғу – мен үшін үлкен қуаныш болды.
Оның үстіне, облыс құрылғалы Түркістанды көрген жоқ едім. Бүкіл аймақтың, еліміздің барлық облыстары көмек көрсетіп, түрлі ғимарат салып берген Түркістанды тағы да бір көру – мен үшін сәтті сапардың бірі болды.
Әйелдер форумы біздің Батыс Қазақстан облысы салып берген «Ақжайық» мектебінің үлкен залында өтті. Ол ғимараттың мына заманға сай және барлық талапқа лайық салынғанын көріп қатты қуандым. Менің елімнің Түркістандай облысқа сыйы осындай тартымды болғаны жүрегімді толқытты. Кіреберісте ән салып, домбырасын құшақтап Шәмші ағамның отырғаны қандай жарасымды! Жас ұрпақтың әнге, талантқа тағзым етіп, мектепке кіріп-шыққанының өзі бақыт емес пе?!
Үлкен облыстың, жаңа облыстың, жас облыстың көптеген әйелімен жолықтым. Иә, самайда шашы ағарған өзімнің замандастарымды көрдім, оған ілесіп «бизнес жасаймын» деп жүрген талай шебер қолдарды көрдім, оған ілесіп «Біз – жастармыз! Жаңа Қазақстанға қызмет етеміз!» деп жүрген, желкілдеп өсіп келе жатқан жас қыздарымызды көрдім. Бәрі де сәлемдесіп, бәрі де суретке түсіп, қуанып жатыр.
Иә, бұл форум – әйелдердің басынан өткенді еске қайта бір салғандай болды. Ал форумның аяғында Домалақ ананың бейнесін таққан, жарқылдап күлген жандарды көріп, кешегі 30 жыл көрген қиындығын, сол 30 жыл бұрын арқалаған қаптарын ұмытқан, келесі күннен үміт күткен жарқын көздерді, жарқын жүздерді көріп, қуанып, шараны аяқтадық.
Кешкі жоспар – қаланы аралау. Не деген сұлулық! Не деген ғажайып өзгеріс! Не деген әдемі қала! Қандай көшелер? Жап-жасыл! Сылдырлаған бұлақтың, жүгірген баланың дауысы! «Қазақтың даласы не деген тамаша, не деген жарасымды еді?» деп серуенге шықтық.
Жаңарып кеткен Түркістан. Ғажайып ғимараттар. Жаңа заманның да үйлері, болашақ ұрпақтың да тұрағы салынып жатыр.
Ескі Түркістан. Оның да көшелері түзелген, ағаштары егілген. Өз өмірлерін еркін сүріп жатыр еңбексүйер қауым. Онда да ұрпақ өсіп жатыр. Анау тұрған балабақша. Айналасының бәрі жасылданған. Бәрі көркіне сай. Осы заманның ғимараттары көз арбайды. Әсіресе Фараб кітапханасы не деген ғажап еді? Іші-сыртын суреттеуге тіл жетпейді. Міне, білім алу үшін осындай жерге кіріп-шығудың өзі бір ғанибет!
Поэзия кешімді сонда тамашалауға келген әйелдер, ұстаздар, жас қыздар қауымы менің жүрегімді қайтадан қуанышқа бөледі.
Кешкі сауық-сайранға толы Түркістан менің бақытымды молайтып, үмітімді арттырды. «Ертеңгі ұрпақтарым осы жерге келіп жүреді-ау, мына көне Түркістанның жаңарғанын көріп, одан әрі Жаңа Қазақстанда өмір сүреді-ау» деген тамаша бір ойлармен мен де жастарға ілесіп, серуенге кеттім.
Керуен сарайы. Иә, баяғы қалпы бізге жеткен жоқ. Оны сақтамағанмен, жаңа көзқараспен тұрғызылған бүгінгі күннің Керуен сарайы. Ортасында ағып жатқан мөп-мөлдір өзен. Яғни киелі Түркістанның тамырын тесіп шыққан мөлдір бұлақтың суы. Сонда жүзген бақытты жандар отырған қайықтар. Міне, мен соның арасында тұрмын.
Иә, қайыққа жүзіп, қуанып, кешті әдемі өткізіп, «Ұшатын театрда» да болып, балалармен күлкіге көміліп, кештете келіп демалдым. Ал тереземнен баяғы бала күні естіген, бала күні көрген кесенем қарап тұрды. Енді менің ұйқым бұзылды. Өйткені мен соның алдында кесенеге барғанда, оның жанында қалың ойға батқан едім.
Осыдан 40 жыл, тіпті 50 жыл бұрын мен көрген кесене айналасының бәрі көмілген зират, ашық-шашық жатқан, тіпті адамдар қайта көміп жүрген сүйектер еді-ау! Қиын-қыстау кезеңде Қазақстанның барлық түкпірінен бүкіл әулие-әмбиесін осы жерге әкеліп көмген екен. Солардың бәрі қайда кеткен? Құдай-ау, мынау электрокар зулап келе жатқан жолдың астының бәрі мен көрген молалар еді ғой! Оның бәрін қазып алды ма, жоқ әлде үстінен тапап жүріп кетті ме деген ой мазалаған мені.
Одан кейін құран оқып болып, бетімді сипарда, анау түкпірдегі кірпішке сәл ғана ылғал енгенін байқадым. «Апыр-ау, өзенде шулап жүзіп жүрген қайықтағылар ертең ұрпағына мына кесенені көрсете алмай қалса қайтеді? Яғни ол судан кесенеге ылғал кіріп кетсе қайтпек? Мынау неткен ылғал? Бұрын жоқ еді ғой! Мынау 7 ғасыр бойы сақталып жеткен кірпіштерді мына бізді қуантып жүрген су үгітіп жіберсе, мына кесене ендігі ұрпаққа жетпей қалса, қалай болады? Бұл жайлы осыны тұрғызғандар ойланды ма екен?» деген ой мазалап еді ғой бетімді сипарда.
Турист шақырамыз, қайықта жүзгіземіз, ортасынан су ағызамыз деп қаланың ішінде шулап жүріп, біз тағы да бабалар тарихын жойып алмаймыз ба деген ой менің жүрегіме тыныштық бермеді. Иә, мен бұл таңда ұйықтай алатын емеспін.
Ақжайық жағасында тұрған менің Оралым қашан осылай жаңғырар екен?!
Міне, мен Түркістанға қуанып барып, ойға шомып оралдым...
Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты