«Балапан» бағдарламасы аясында 3-6 жастағы балаларды 100 пайыз балабақшамен қамту жоспары жүзеге асырылғаны белгілі. Соның негізінде жеке балабақшалар көптеп ашылды. Жоспар орындалғанымен, сапа нашарлады. Енді лицензия алған балабақшалар ғана жұмыс істемек.
Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау кезең-кезеңімен жүргізіледі және оны енгізу 2024 жылға жоспарланған. Балабақшаларды лицензиялау мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысын жақсартып, жемқорлықты азайтады, дегенмен күрт қысқартуға әкелмейді. Бұл туралы Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова айтты.
«Бүгінгі таңда мектепке дейінгі ұйымдарды ашудың бірыңғай талаптары жоқ. Балабақша ашқанда қандай жағдай жасалғанын, кімді жұмысқа алады, материалдық-техникалық жабдықталуы қандай екенін ешкім тексермейді. Кейбір жекеменшік балабақшалар тіпті ашылғаны туралы да хабарламайды. Балабақшаларды лицензиялау 2011 жылы тоқтатылған болатын. Ол кезде бұл балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды арттыруға мүмкіндік берді. Бүгінде біз балабақшамен 100 пайызға дейін қамтуға қол жеткіздік. Елімізде 11 мыңға жуық мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оның 5 мыңнан көбі – жекеменшік. Енді біз сапа мәселесін бірінші орынға қойып отырмыз. Ешкім балабақша санын қысқартуды мақсат етіп отырған жоқ. Министрлікке ата-аналардан арыз-шағымдар түсіп жатыр. Егер балабақшаның жұмысы талапқа сай болса, онда еш қиындықсыз лицензия алады. Ал егер сәйкессіздіктер болса, оларды жою қажет. Міне, бар-жоғы осы. Министрлік 2024 жылдан бастап кезең-кезеңімен лицензиялауды енгізеді. Балабақшадағы жұмысы сапалы жүріп жатқан кәсіпкерлерге қорқатын ештеңе жоқ. Қалыпты, талапқа сай жұмыс істеп жүрген балабақшалар лицензиялаудан қорықпайтынын ерекше атап өткім келеді. Рәсім толығымен автоматтандырылып, тұрақты түрде жұмыс істейді», деді Г.Көбенова.
Министрліктің мәлімдеуінше, мектепке дейінгі ұйымдарға жұмысты сапа стандарттарына сәйкестендіру үшін уақыт беріледі. Лицензия алу үшін балабақшалар ең төменгі біліктілік талаптарына сай болуы керек. Мұндағы талаптар балабақшадағы жасалған жағдайдың сапасы, кадрларды іріктеу, бейнекамералар орнату, санитарлық және өрт қауіпсіздігі нормаларын сақтау және т.б. туралы болып отыр. Бірінші кезеңде енді ашылып жатқан мектепке дейінгі ұйымдар лицензия алады. Бұл жылына шамамен 200-дей балабақшаны құрайды. Келесі кезеңде – қайта мемлекеттік аттестаттаудан өте алмаған мектепке дейінгі ұйымдар (жылына 10-15 балабақша). Содан кейін тәуекелді бағалау дәрежесіне байланысты қалған барлық жұмыс істеп тұрған балабақша өтеді.
Негізі балабақшаларды лицензиялау жүйесі Германия, Аустралия, Канада, Корея, Малайзия, Сингапур, Ресей секілді көптеген елде енгізілген. Мысалы, Германия, Аустралия және Канадада балалардың жағдайына қауіп төнсе немесе ұйымның жұмысы сапа стандарттарына сәйкес келмесе, онда лицензия қайтарып алынуы мүмкін.
Кәсіпкер, «Әділет» республикалық мектепке дейінгі және орта білім беру қауымдастығының төрағасы Динара Құдайқұлова балабақшалардың қызметі реттелмегенін айтады.
«Балабақшалардың 93%-ы мемлекеттік тапсырыс (мемлекеттік қаржыландыру) алады. Балабақшаның иесі ретінде балаларды қалай оқытатынын, оларды қалай тамақтандыратынын ешкім білмейді деп айта аламын. Ата-аналар бізге сенеді, бірақ балабақшаларда бақылау жоқ. Мен – үш баланың анасымын. Бүгін мен балабақша жұмысымен айналысып отырмын, бірақ ертең мұндай жұмыс істемеуім мүмкін. Ал немерелерім қандай балабақшаға барады? Балалар жылында келер ұрпақтың болашағын ойлауымыз керек», дейді Д.Құдайқұлова.