• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Руханият 24 Шілде, 2022

Сүйінбай мен Арыстанбектің айтысы неге «Қатағанға» телінді?

2588 рет
көрсетілді

Сүйінбай мен Қатаған айтысын білмейтін қазақ жоқ. Сол айтысты тыңдаған сайын делебеміз қозып, екі ақынның да мықтылығына таңдай қағамыз. Қанымыз қазақ болғаннан кейін бүйрегіміз Сүйінбай жаққа бұрып, екі ғасырға жуық уақыт бұрынғы жеңісімізге тояттап қалатынымыз бар. Бірақ айырқалпақ ағайын бұл айтыстың болғанына күмән келтіреді. Олардың айтуында «қырғызда Қатаған деген ақын болмаған». Қырғыз ағайынның тарихында Қатаған деген ақын болмаса, онымен Сүйінбай қалай айтысады? Демек бұл да Біржан сал мен ақын Сараның айтысы секілді белгісіз ақынның ойдан шығарып, әдеби айналымға енгізіп жіберген көркем туындысы ма? Менің қолымда әдебиеттану ғылымында таласқа түсіп келе жатқан осы мәселенің нүктесін қояр бір жәдігер бар. Ол жәдігер – атам Әуітәліп Нұрбекұлының ескі дәптерінен табылған осы айтыстың көне нұсқасы. Ол нұсқадағы Сүйінбай мен «Қатағанның» («Қатаған» деген атауды әдейі тырнақшаға алдық) образы мүлдем басқаша, әрі шындыққа жақын суреттелген.

Ескі нұсқа бізге қалай жетті?

Атам Әуітәліп Нұрбекұлы Қожағұл немересі екі мыңыншы жылдардың басында Алматы қаласында жүз жасап дүниеден озды. Биыл дүние есігін ашқанына тура 120 жыл. Атамыз саналы ғұмырында Жетісу ақындарының көне жырларын қағазға түсіріп, оны бірнеше дәптерге көшіріп жазып, сөз қадірін түсінеді-ау деген замандастарына таратып отыруды ермек етті. Іле қазақ автономиялы облысында бір ауданның соты болған, кейіннен алпысыншы жылдары елге келіп қой баққан шежіре қария бұл айтыс нұсқасын осыдан отыз жыл бұрын, 1992 жылдың 21 қарашасында Арысбек Әлқожаұлы Тұрлықожа немересінің (Тұрлықожа Жансеркеұлы 1916 жылғы Қарқара көтерілісінің қаһарманы) дәптерінен көшіргенін айтады. Арысбек Әлқожаұлы аталған айтысты 1978 жылы Мұқаметжан Жылқыбайұлы деген азаматтан жазып алыпты. Мұқаметжан Жылқыбайұлы­на бұл айтыс кімнен жеткені бізге мәлімсіз. Ахмет Байтұрсынұлы негізін салған кө­не араб әрпінде қағазға түскен айтыс үлгі­сін осыдан бірнеше жыл бұрын кирилл әрпіне осы жолдың авторы көшіріп шыққан еді. Бірақ тікелей әдебиеттану ғылымында жүр­мегендіктен, соңғы жылдары журналис­тика саласынан да алыстап кеткендіктен, аталған айтыс туралы тың дерекке толы бұл мақаланы жазу, айтыстың толық нұсқасын ел игілігіне ұсыну ісі кейінге ысырылып қала берді. Қош!

Алыбайдың асы мен Әлібектің жорғасы туралы әлқисса...

Осыдан тура 170 жыл бұрын, 1852 жылы Қырғыздың Бұғы руының Саят атасынан тарайтын Алыбай деген байдың асы (елге белгілі айтыс нұсқасында бұл асты Орман хан шешесіне арнап бергені мәлім) Қарақол деген жерде июнь (мау­сым) айының жиырмаларында өтетін болып, қырғыз жағы Тезек төре бастаған қазақ атақтыларына сауын айтады. Жұрт бастығы Тезек төре Сүйінбай ақынға он бесінші июньге дейін «тез жетсін» деп хат жібереді. Сүйінбайдың жасы ол тұста отыз бестер шамасында (елге мәлім нұсқадағы секілді жиырмадан асқан кезі емес). Сүйінбай ақын уәделі уақытта жете алмай, үш күн кешігіп төренің ауылына келсе, төре бастаған қазақтар жағы қырғыз асып кетіпті. Сүйекең шабан көкшолақ атын қамшылап, атын болдыртып, асқа да кешігіп келеді.

Көз ұшында есепсіз жиылған қалың жұрт. Оған жеткенше, екі-үш шақырым жол бар. Атын тастай салып жаяу жүру – ақын атына сын. Шаршап-шалдыққан, бір белді, жүрісті аттың зары өткен Сүйінбай сәл тынығып алу үшін бір ақбоз үйге түседі. Ақбоз үйдің алдында ер-тоқымы шылқа алтын-күміс, көк жорға ат байлаулы тұр екен. Үйге кірген соң, басында сусар бөркі, үстінде көк мәуіті бар бір манаппен танысады. Сөйтсе бұл асы болып жатқан Алыбай байдың алтыншы ұлы, кенжесі Әлібек екен. Сырттағы көк жорғаның иесі Әлібек екенін біліп, Сүйінбай домбырасын ала салып:

«Кез келдім Алыбайдың кенжесіне,

Құдай артық жаратқан пендесіне.

Іздеп шыққан манабым тура кепті,

Сөйлемей неге отырам, мен несіне?!» деп өлеңін бастап, жырының соңын жаман аттың қорлығы өткенін айтып шағынумен аяқтап:

«Таза манап сен болсаң, айттағын

Қара қызыл жорғаны бергін маған» деп түйіндейді.

Сонда Әлібек көк жорғаны ноқталап, жетекке дайындап қойыңдар деп бұйы­рады. Сонда Сүйекең:

«Алты бала Алыбайға берген Құдай,

Жүздесіп, кенже ұлмен көңілім жай,

Нарық білмес жаманға ісің түссе,

Жөнін білмей сөз сөйлер ол да жылай...

Басқа ерің көк жорғаға жараспайды,

Маған берсең, ер-тоқымын

алмағын-ай!»

дейді. Сүйінбайдың мақтауы жаққан бай баласы ақынға ер-тоқымын да сыйға береді.

Қазақ-қырғыз ақындарының мадақ өлең айтуы, оған сый алуы атам-заманнан келе жатқан дәстүр. Біз сөз етіп отырған айтыс нұсқасында Сүйінбай бейнесі сол мадақ өлең айтушы ақындардан алыс­қа кете қоймайды. Бүкіл қазаққа таны­мал ақынның астында жөні түзу бір аттың бол­мағаны ұлтымызға сын дейтіндер де табылар. Бірақ бұл арада арғы-бергі тарихта «ер тұрманы бүтінделмей кеткен» тек Сүйінбай ғана емес екенін ұмытпауы­мыз керек.

Сүйінбайды қырғыздардың жәбірлеу оқиғасы

Сүйінбай көк жорға атты тайпалтып, алтын-күміс жалатылған ер-тоқымын жар­қыратып, ас болып жатқан жерге келеді. Сол кезде «Әлібек бәйкемнің жорғасын ұрлаған маңқа қазақты ұстағыла» деп бір топ қырғыз жігіт қаумалап, қамшы астына алып, Сүйінбайды аттан аударып түсіреді. Сүйінбай Алыбайдың баласы Әлібекке көңіл айтып, атын сыйға алдым деп шырыл­дайды. Тосыннан шыққан шу­дың жайын білмекке қырғыз батыры Қарабәйтік жетеді, ат ойнатып. Аттан құлап, қамшы жеген қазақты мазақтап күліп, «ал шын ақын болсаң, ырлағыла» деп бұйырады. Сүйінбай Қарабәйтікті ежелден біледі екен, сол таяқ жеген ор­нында-ақ қолына домбырасын алып:

«Жүйріктер қосылмайды қою шаңға,

Қосылмас арыстандар қашқан аңға,

Хан Жантай, Қарабәйтік ел иесі,

Келген ем, сәлемдесіп Орман ханға!

Арғы атаң ер Әтіке, батыр Жантай,

Басыңа кидің бөрік, қызыл алтай,

Қамшысын батыр Бәйтік

қатты ұстаса,

Қорқады күллі қырғыз қырылардай» деп өлеңін мадақпен бастап келіп, бір жорға атқа бола қамшы ала жүгірген қыр­ғыздарды мінегендей:

«Ер тоқымы алтыннан,

Бір ат бергін астыма,

Әсемденіп мінерге,

Алтын қынап, қылыш бер,

Білегіме ілерге»

деп басталатын көпке белгілі жырын төгеді. Қазақ ақынын қамшыға жығудың құнын Сүйінбай «уығы алтынмен, керегесі күміспен күптелген отауға, жар қылар он алты жасар қызға, жүгін артар он бес атан түйеге, олжаға таратар алпыс ат, мей­манға сояр мың бес жүз қойға» теңейді. Қыр­ғыздан алған олжа малын бағатын құлға дейін сұрайды.

Сүйінбай ақы сұраған сайын қыр­ғыздар жағы тыпыршып, ақ боз үйдің киізін қамшылап, түтіп жібере жаздайды. Бұл кезде қазақ-қырғыз басшылары бір үйде ел жайын сөз етіп, екі ел арасындағы саясат туралы сөйлесіп жатқан екен. Сол жерде отырған би-болыстар аса маңызды жиынды тастай салып, Сүйінбайдың жырын тыңдамаққа тұра жүгіреді. Кенесары мен Наурызбайдың қазасынан кейінгі қырғи-қабақ уақыт. Сондықтан да, сая­сат ісін кейінге қалдырғысы келмеген Орман хан Сүйінбайды тоқтату үшін Тезек төреге қалы кілем жауып, қара нарды жете­леп әкеп тарту жасайды. Тезек төре Сүйін­байға келіп: «Онсыз да бір қырғызды (Алыбайдың баласы Әлібекті айтып отыр) тонап келіпсің. Үш күнге өлеңіңді тоқтата тұрғын» дейді.

Қатаған Арыстанбекті Жетіөгізден алғызу хикаясы

Бұл үш күннің ішінде қырғыздар жағы Сүйінбаймен айтыстыратын ақын іздей­ді. Көптің таңдауы Қатаған атты рудың ақыны Арыстанбекке түседі. Арыстанбек Қарақолдан алыс, Жетіөгіз деген жерді жайлап отыр екен. Арыстанбекке ат шаптырады. Орман ханның шабарманы барса, Арыстанбектің беті күйе-күйе болып, қазанға от жағып жатыр екен. Ақынды алды-артына қаратпай, жетекке алған қос аттың біріне мінгізе салып кері қайтады. Шабарман Сүйінбайдың мәстек атпен арып-ашып келіп, Әлібектің жорға атын сыйға алғанынан бастап барлық оқиғаны баяндайды. «Сүйінбайды жеңсең, қазақ­тан біраз ат-тон алып қаламыз. Оның сыртында жиырма бес таңдаулы атты сыйға аласың» дейді.

Арыстанбекке арнап ақ боз үй тігіл­ген екен. Соған арнайылап түсіріп, бүкте­мелі қомузын басына жастап, мамық көр­пелі кереуетке жатқызады. Сол кере­уетке шымылдық құрып, әбден тыны­ғып алғанша, оны ешкім мазаламайды.

Арыс­танбек әбден тынығып алған соң, қырғыз жағы Тезек төреге келіп: «Сү­йінбай көп сұра­ғанын қойсын. Қатаған Арыс­танбекті айтыс­тан жеңсе, жиырма бес таң­даулы атты сый­ға береміз. Жеңіл­се, Әлібектің жор­ға­сына разы болып, елі­не қайтады» деседі.

Қадірсіз хан мен бек туралы...

Сүйінбай мейманасы тасыған Арыс­тан­бек жатқан ордаға кіре беріп, домбырасын шерте бастағанда, қырғыз ақыны шымылдықтан атып шығып, бүктемелі қомузын жазып жіберіп:

«Сүйінбай тоқтат сөзіңді,

Ояйын ба, көзіңді,

Ақынмын деп жүрсің бе

Мен тұрғанда өзіңді»

деп басталатын әйгілі өлеңін айтады.

Біз сөз етіп отырған нұсқаның осы бір тұсы қазір елге белгілі айтыс үлгі­сі­нен алшақ кете қоймайды. Бірақ Арыс­тан­бек Кенесары мен Наурызбайдың қырғыз­дардың қолынан қаза тапқанын емеурін­мен ғана айтқан. Тікелей екеуінің де аты аталмайды.

«Қадірсіз хан мен бегіңді

Итке сүйреп салғанмын,

Аты жаман, ей қазақ!

Кегіңді қайсы алғаның»

деп барып әрі қарай арындайды. Расында, тарихта Кенесары ханды қазақ рулары­ның бәрі қолдаған жоқ. Арыстанбектің «қадірсіз хан» деуі де содан...

Кенесары мен Наурызбайдың кегі туралы қырғыз ақынының сұрауы Сүйінбайды састырып тастайды. Аузынан ақ көбігі бұрқырап, булығып, кідіріп қалады. Сонда Тезек төренің қаны қашып, сұрланып «Сүйінбай сені қара басып отыр ма?» деп ашумен сөге бастайды. Сонда Бөлтірік батыр (шешен): «Төрем, қаныңды қашырма! Құдай Сүйінбайдың аузына сөз құйып, аузын өлең кернеп, жол бермей жатыр» деп ақынға қайрат береді.

Сонда Сүйінбай:

«Қашырма, төрем қаныңды,

Кіргізейін жаныңды,

Арыстанбектен жеңілсем,

Талап алғын малымды,

Мына отырған Арыстанбек

Неге мұнша қағынды?

Арыстанбектен жеңілсем,

Қара шешектен жатайын,

Жалғыз балам Малыбайды,

Қара нанға сатайын»

деп бастап, бізге белгілі «Шейіт болған адамды, Тәңірім жақсы көріпті» деген сарындағы жырын төгеді. Онда қазіргі нұсқада айтылып жүрген Кенесары мен Наурызбай, Ер Дәуіт, Құсайын, Әзірет Әлінің де шейіт болғанын тізіп, «аруаққа шек келтірме» дегенді жырлайды.

Қазақ рулары мен өзге ұлттар туралы...

Арыстанбек Сүйінбайдың орнықты жауабын естігеннен кейін сөз ыңғайын басқа жаққа аударып, қырғыздың байлы­ғын, көптігін айтып мақтануға көшеді.

«Менің елім Қатаған,

Қоңырбөрік асына

Бес жүз жылқы матаған

Сүйінбай аты тәуір деп,

Мұның несін атаған?!

Сүйінбай сенен жеңілсем,

Арыстанбек болмай қатайын,

Шешек болып жатайын,

Қырғызға кепсің есекпен

Бес тиынға сатайын,

Жетсем құрыш, болатпын,

Неге сенен сасайын»

деп Сүйінбайдың болдырған атпен арып-ашып келгенін түйреп өтіп, Қарабәйтіктің патшадан шен алғанынан бастап, Хан Орманға тоқталып, Батыр Жантайды ұлықтап, ас иесі Алыбайдың руы Бұғының Егізек пен Тоғызек атасынан бастап, бүкіл қырғыздың руларын түгендеп, көптігімен мақтанады.

«Ей, Сүйінбай, Сүйінбай,

Өлмей қайтып отырсың,

Менің айтқан сөзіме,

Бір намысың келмейді,

Қырғызға кеткен кегіңе,

Топтан озған тұлпармын,

Келтірмеймін шеніме,

Шығармастан үніңді

Сандалмай қайтқын еліңе,

Меніменен айтыссаң,

Кіргіземін әкеңнің

Қазулы тұрған көріне»

деп бір-ақ тоқтайды.

Арыстанбектің сөзден жаңылып, көп­­пін деуі Сүйінбайды тыпыршытып жібереді. Періштелер аузына сөз салып, қазақ руларын тізе бастайды.

«Аққу құстай ұшайын,

Аяғыңды тұсайын,

Көппін дедің Арыстанбек

Алдыңнан барып тосайын...

Өрге барсам, Албаным

Албанымды қаптатсам,

Саған түсер салмағым.

Жөнін білмей былшылдап,

Әркімге тиер салдарың»

деп бастап алып, Суан, Қаңлы, Ошақты, Ысты, Сарыүйсін, Жаныс, Сиқым, Ботбай, Шымыр, Тарақ, Арқада жатқан Найман мен Арғын, Алшын, Жаппас, Шөмекей, Қоңырат, Сіргелі, Сайрамдағы сан Қожа секілді руларды түгендеп шығады. Бұл нұсқада Сүйінбай өз руы Шапырашты һәм ұраны Қарасай батыр туралы бір ауыз сөз айтпаған. Есесіне өзге ұлттарды қазақтың руы секілді сипаттайды.

«Сайрамда бар, сан Қожа

Мінгендері топша ат,

Сәлделері бір құшақ,

Шаһар шығып жөнейді,

Көлден ұшқан қу құсап,

Қосылмайсың оған да

Одан былай ноғайым,

О да менің жиенім» дей келіп:

«Тағы да мынау жұртым бар,

Тараншы мен дүңгенім,

Соның бәрін жинасам,

Ол да менің дүрмегім,

Аз-ақ ауыл қырғызсың,

Қақырықтай түкірдім.

Стамбұлдан айтайын

Қалыс, пірім, жұртым бар,

Қосылмайсың оған да,

Одан былай орысым,

Кеңінен алған қонысын,

Түйе табан жайындай

Жылқының мінген торысын.

Өнер-білім баққаны,

Бердеңке мылтық асынған

Зеңбірек, күрзі атқаны.

Ала туды ап шықсам,

О да аттанар қырғызға,

Менімен бірге шапқалы.

Мақтанасың несіне,

Дүниенің жүзінен

Адамзаттың ішінен

Мына қырғыздар

Бір туысын таппайды,

О да менің мақтаным»

деп жырын борандатып алып, қырғыздың иттен жаралғаны туралы көне аңызға тоқталады.

«Атаң сенің – қызыл ит

Анаң сенің – ақсақ қыз

Көңілдес болып екеуі,

Бірін-бірі жанапты,

Ақсақ қыздың тұқымы

Қызыл иттен тарапты.

Мына отырған Арыстанбек,

Көппін деуді қоймайсың,

Ажалы жеткен қарғадай,

Бүркітпенен ойнайсың,

Қайта-қайта Бәйтіктің

Шен алғанын қоймайсың.

Несін мақтан етесің,

Аңға шыққан тазыға

Оған да қарғы байлайды»

деп осыдан бірер күн бұрын аттан аударып түсірген көп қырғызға араша түс­пей, Сүйінбайдың өзін мазақ еткен Қара­бәйтікті қырғыздың шыққан тегі итке те­ңей бергенде Қарабәйтік Арыстанбекті қам­шымен салып қалады. «Қырғыздың бек­тігі мен мырзалығын айтпай, көптігін айтып былжыраған итті ордадан қуыңдар» дейді қалшылдап. «Қазақ аттың түгіндей, қырғыз аттың төбеліндей ғана емес пе?» дейді сөз ауанын өзінен басқа жаққа аударып.

Қырғыздар жағы Сүйінбайдың өзіне таңдатып, жиырма бес атты сыйға тартады. Сол жиырма бес аттың бірі қаракер ат Қайшыбек деген байдікі екен. Бай мақ­таулы атын қимай, басқа бір жылқыны бояма­лап Сүйінбайдың алдына салып беріпті. Қалған жиырма төртін ақын өз қалауымен таңдап алыпты деседі.

Сүйінбайтанушы ғалымға сілтеме

Сүйінбай тақырыбын індете зерттеген Сұлтанғали Садырбаев: «Қатаған – қырғыз елінің атақты ақыны. Қатаған туралы әдебиетте екі түрлі пікір бар: бірінде оның шын аты Арыстанбек еді деп айтады. Арыстанбек Бұйлашұлы 1828 жылы Шоң Нарын деген жерде туған, руының атымен Қатаған деп аталып кеткен. Ол 1882 жылы 54 жасында Уышқан деген жерде қайтыс болған, сүйегі Ташқияға жерленген. Кейбір қырғыз ғалымдары Қатаған ақын Арыстанбек емес, екеуі жеке дара белгілі ақындар дейді. Қалай болғанда да ғылым үшін Қатаған тұрақты есім» дейді (Аронұлы С. Шығармалары: толғаулар, сын-ысқақ өлеңдер, айтыстар – Алматы: Жазушы, 1990. – 144 б.; 138 б).

Түйін орнына

Әрине, біз сөз етіп отырған айтыс нұс­қасының көркемдігі қазір әдеби айна­лымдағы Сүйінбай мен Қатаған айты­сының көркемдік деңгейіне жетпейді. Қа­лың қазақ білетін ол үлгіні жоққа шы­ғару ойымызда жоқ. Біз сөз етіп отыр­ған нұсқаны жеткізушілер айтысты қа­лай естісе, сол күйінде қағазға түсірген. Ауыз екі айтыла салған шумақтардың тігі­сін жазып, редакцияламаған. Бірақ айтыс­тың басталу себебі, Сүйінбайдың мадақ өлең айтып, Әлібектен сый алуы, сосын ақынды қырғыздардың аттан ауда­рып түсіруі, бұған назалы Сүйекеңнің құн сұрауы, оған лайық жауап беру үшін Жетіөгізден күйе-күйе болып, қазан асып жатқан Арыстанбекті арнайылап алғы­зуы, Арыстанбектің бүктемелі қомузын жа­йып жіберіп, Сүйінбайдың алдын орап «қадірсіз хан мен бек» туралы сөз бас­тауы, оған Сүйінбайдың орнықты жауап беруі, сосын көптігін айтамын деп, Арыстанбектің қателесуі, соңында бұл айтыс әбден шиеленісіп шыңына шыққан­да Сүйінбайдың Қарабәйтікке кеткен есесін «иттен жаралған» аңызды мысал ете отырып, тегін түйреп қайтаруы оқиға­ның қалай туғанын, қалай өрбігенін, біз Сүйінбай мен Қатағанның айтысы деп жүрген туындының қалай өмірге келгенін шынайы көз алдымызға әкеледі. Ескі нұс­қада асы берілген Алыбайдан бастап, атын боямалаған Қайшыбекке дейін өмірде болған адамдардың атының аталуы, астың 1852 жылы маусым айының соңында нақ Қарақолда болғанына дейін көрсетілуі, қазіргі нұсқадағыдай Қатаған деп басты кейіпкердің атын жасырмай, Сүйінбайдың иісі қырғызға әйгілі Арыстанбектің өзімен айтысқанын дөп көрсетуі, әдебиеттану ғылымына жаңаша көзқарастың пайда болуына әсер етеді деп ойлаймыз!

Халықтық туынды осындай шиеленісті жайлардың себебінен туып, ұлттың мәңгілік құндылығына айналады. Біз қолда бар деректің шетін ғана сөктік. Біздің жазған нұсқамызға қарсылық танытар ғалымдар, өнертанушылар болып жатса, олардың айтар ойы мен деректеріне де құрметпен қарайтынымызды алдын ала ескерте кеткіміз келеді!

 

Қанат ӘБІЛҚАЙЫР,

жазушы