• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Туризм 25 Шілде, 2022

Туристік-ақпараттық орталық құрылады

489 рет
көрсетілді

Осы уақытқа дейін қадіріне, қасиетіне жете алмай жүрген көрікті жер­лерімізді соңғы жылдары шынайы бағалай бастадық. Әлемді коронавирус дей-тұғын дерт жайлағалы, шекараларға шектеу қойылып, өз елімізді аралап кеттік. Сөйтіп, шетелге бергісіз әсем өлкемізді жақын тани түстік. Ішкі туризмді дамыту үшін мемлекет тарапынан да түрлі бағдарламалар қабылданып, Шығыстағы бірнеше туристік нысанға ерекше басымдық берілді.

Шығыс Қазақсанда туризмнің қай са­ласы болмасын, дамытуға қолайлы өңір. Мемлекет тарапынан көңіл бөлі­ніп отырған орындарға тоқталар бол­сақ, Катонқарағай ұлттық табиғи ­паркі және Риддер қаласы мен Глубокое ауданындағы тау шаңғысы кластері. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновация­лық даму басқармасы басшысының орынбасары Марат Қабақов айтқан еді. Катонқарағай ауданындағы ұлт­тық табиғи паркінің аумағында эко­логиялық және ауылдық туризмді дамытудың мүмкіндігі мол. Еліміздегі ең ірі ұлттық парк болғандықтан шы­ғар, мұнда жалпы ұзындығы 680 ша­қырым болатын 14 туристік маршрут пен соқпақ бар.

– Ауданда ауылдық туризмді дөң­гелету үшін жан-жақты жұмыстар жүр­гізілуде. Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, Берел ауылының 24 тұр­ғынына кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жүргізілді. Тіркелген 18 кәсіп­кердің 15-і «Еңбек» бағдарламасы бо­­йынша 583 мың теңгеден грант алды. Бір жобаға «БЖК – 2025» бағдар­­ламасы шеңберінде 5 млн теңге үлес­тірілді, – деп атап өтті Марат Қабақов.

Сонымен қатар «Катонқарағай ауданының тұрақты дамуы» қоғам­дық қоры әрбір кәсіпкерге 500 мың теңгеден грант бергені үлкен көмек болды. Ол қаражатқа кәсіпкерлер ағымдық жөндеу жұмыстарын жүр­гізді, жиһаздарын жаңартты, серуен үшін ат сатып алды. Сөйтіп, маусым айынан бастап алғашқы туристерді қабылдауды бастап кеткен. Соңғы жылдары туристер легі жыл сайын артып келеді.

Осы орайда айта кетерлігі, Үлкен Нарын ауылында туристік-ақпараттық орталық құру жобасы жүзеге асыры­лып жатыр. Бұл туристік нысан 10 тұ­рақты жұмыс орнын құра отырып, жергілік­ті туристік өнімдер туралы ақпарат беру жөніндегі сер­вис­тік қызметті ат­қаратын болады. Яғни ауданға келген турист сол жер­ден керекті ақпаратын алып қана қоймайды, өзіне қажет қонақ үйіне дейін таңдап алады.

Айтқандай, жыл басынан бері Катонқарағай ауданының Өрел ауы­лында 150 төсектік орынға арналған «Мұз­тау» туристік кешені ашылды. Өскеменде 200 төсектік орынға арнал­ған 3 қонақ үй жұмысын бастайды. Бұқтырма су қоймасындағы демалыс базасының құрылысы да тәмамдалып қалды. Ал Глубокое ауданы мен Рид­дер қаласындағы тау шаңғы базасы қыст­ай үздіксіз қызмет көрсетіп келеді.

 

Шығыс Қазақстан облысы