Барлық қызмет жедел цифрланып жатыр және бұл өзгерістен үлкен деңгейдегі сауда-саттық та құралақан емес. Мәселен, қазіргі уақытта банк қосымшаларының көмегімен көлікті сату, сатып алу, есептен шығарудың еш қиындығы болмай қалды. Онлайн ипотека да енгізіліп жатыр. Келесі кезек жер телімдерінде сияқты. Мамандардың айтуынша, онлайн-аукцион арқылы жер телімін сатуды қалыптастыру процесті ашық етеді және бұл саладағы жемқорлықты азайтады.
Жақында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен, Ауыл шаруашылығы және Әділет министрліктерімен, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен және облыстық әкімдіктермен бірлесіп, электрондық сауда-саттық арқылы мемлекет меншігінен жер учаскелерін беру жөніндегі жобаны іске қосты.
Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі мен «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» мемлекеттік деректер қорының шашырап жатқан 226 базасы бір жерге – Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрында жинақталған.
Жобаның мақсаты – клиенттер үшін де, мемлекеттік органдар мен ведомстволар үшін де бизнес-процестердің барлық спектрін автоматтандыру. Бұл ретте субъект өзінің жүгіну барысын түпкілікті нәтижеге дейін бақылай алуға тиіс. Сауда-саттыққа Қазақстанның барлық азаматы қатыса алады.
2022 жылғы 22-24 маусымда Қызылорда облысындағы үш жер учаскесі онлайн-аукцион арқылы сәтті сатылды. Олардың бірі бастапқы бағасы 1,5 млн теңге болған кезде «электрондық» баға арқылы 2,8 млн теңгеден астам қаржыға, ал екіншісі 246 мың теңгеге, үшіншісі 396 мың теңгеге сатылды.
«Онлайн-аукцион мемлекеттен жер сатып алу процесін ашық әрі түсінікті етуге, сондай-ақ осы саладағы сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге септігін тигізеді. Аталған тәжірибе бүкіл республикаға таратылады. Сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы әкімдіктермен бірлесіп жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрын (ЖМБМК) енгізу жұмысымен айналысып жатыр. Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (МЖК ААЖ) мен «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» мемлекеттік деректер қорының (ЖМТ МДҚ) шашырап жатқан 226 базасы осы ЖМБМК-да тоғыстырылған. Жер қоры мен жылжымайтын мүлік нысандары туралы ақпаратты онлайн жұмыс істейтін Жария кадастрлық картадан алуға болады. Сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жерге орналастыру жобасын әзірлеуден бастап құқықтарды тіркей отырып, жер учаскесіне актіні дайындауға дейін жер учаскесіне қажетті құжат айналымының толық циклін қамтамасыз ететінін атап өтеміз», делінген министрлік хабарламасында.
Айта кетейік, жер кадастры департаменттері барлығы 10 мемлекеттік қызмет көрсетеді. Олар – жер жобаларын жасау; жер учаскелерінің шекараларын белгілеу; жер учаскелерін көлденең және биіктіктен түсіру; ауыл шаруашылығы жерлеріне түгендеу жүргізу; жер учаскелері үшін төлемақының базалық ставкаларын есептеу; бағалау аймақтарының шекараларын құру; бүлінген жерлерді қалпына келтіру жобалары; аэрофототүсірілім жұмыстары; кондоминиум объектілеріндегі жер учаскесінің үлесін есептеу; жер-кадастрлық құжаттардың көшірмелерін беру және тағы басқалар.
Сондай-ақ клиенттерге ыңғайлы болу үшін, жер кадастры бойынша қызмет көрсететін қызметкерлер бұрынғыдай жеке ғимараттарда емес, ХҚО-да орналасқан.
Жалпы, мемлекеттік маңызы зор қызметтердің цифрлана бастауы бұл саладағы сауатты мамандардың да көбейе түсу қажеттілігін меңзейді. Екіншіден, көрсетілетін цифрлы қызмет сапалы болуға тиіс. Бүгін жұмыс істеп, ертең ашылмай қалып жататын сайт, порталдан пайда шамалы. Бұл тұрғыда біздің көп елден көш ілгері екеніміз де жасырын емес. Қазір egov.kz порталы және оның Egov Mobile қосымшасы кең көлемде қолданысқа ие. Сонымен қатар ел азаматтары банктердің мобильді қосымшасын да белсенді пайдаланады.
Таяуда ғана Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды, ақпараттық қауіпсіздікті дамыту және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойған еді. Аталған заң отандық цифрландыру процесінің одан әрі қарыштап дамуына тың серпін беруге тиіс. Заңда тиімді үдерістерді артық шығынсыз енгізу, ауыр және бюрократияға толы бизнес-процестерді жай ғана автоматтандырмай, оларды қайта жобалап, барынша сапалы ету қарастырылған.
Цифрлық даму министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, eGov Mobile мобильді қосымшасындағы цифрлы қызметтерге сұраныс екі есе өскен. Қазір сол мобильді қосымша көмегімен жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, туу туралы куәлік, неке туралы куәлік, тегін, атын, әкесінің атын өзгерту туралы куәлік, некені бұзу туралы куәлік, техникалық паспорт, COVID-19 үшін ПТР тестілеу нәтижесі, студенттік билет, диплом, зейнеткер куәлігі, Қандас куәлігі, көлік құралын тіркеу туралы куәлік, әлеуметтік ID, вакциналау паспорты, көпбалалы отбасының жәрдемақысын алу, мүгедектік куәлігі, атаулы әлеуметтік көмек алушының куәлігі сияқты құжаттарды алуға болады. Бұл әрине, азаматтардың уақытын, энергиясын және ақшасын үнемдейді.
Сонымен қатар Президенттің 2025 жылға қарай кемінде 100 мың жоғары білікті IT-маман даярлау міндетін қойғанын да ұмытпау керек. Бұл да – жедел түрде еңсерілуге тиіс тапсырма. Аталған мерзімге дейін Президент айтқан мөлшерде маман даярлап, еңбек нарығындағы тапшылық орнын толтыра аламыз ба деген сауал мазалайды.
2021 жылы интернет арқылы жүзеге асырылған қызметтің ақшалай құны 349,9 млрд теңге болған. 2020 жылмен салыстырғанда 67,3 пайызға ілгерілеу байқалады. Ranking ұсынған дерекке сүйенсек, интернет арқылы жасалатын тапсырыстар үш есе – 28,8 млн-нан 85 млн-ға дейін өскен, бұл орташа чек бағасының 7,3 мыңнан 4,1 мыңға дейін төмендеуіне ықпал еткен. Интернет арқылы ең көп саудаланған қызмет түрі – жарнама қызметі. Оның құны – 30,4 млрд теңге және бұл сома 2020 жылғы көрсеткіштен 6,2 есе көп. Одан кейін демалыс, ойын-сауық, мәдениет және спорт салалары бойынша билет сатылымы тұр. Сомасы – 28,5 млрд теңге. Бір жылда 8,1 есе өскен. Сондай-ақ транспорттық билет сатылымы да үштікке кіреді.