• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Кино 27 Шілде, 2022

Халықаралық алаңдағы Қазақстан киносының қауқары қандай?

169 рет
көрсетілді

«Әлемдік өлшеммен алғанда Қазақстан кинематографиясының әлеуеті қандай?» деген көрермен көкейінде жүретін өзекті сауал киногерлердің өзі үшін де маңызды. Бұл сұрақтың астарында, әлбетте, айтылмаса да, «экспортқа» шығатын фильмдердің елді таныс­тыратындай сыр-сипаты болса» деген тілек қоса жасы­рулы тұрады.

Кинематографиядағы дәс­түрлі байланыстың тұтастығы бұзылған соң дімкастың күйін кешіп қалған салаға ғаламдану жағдайына бейімделу оңайға соққан жоқ. Бүгінгі күні өнердің ең биігі саналатын кинематография қай елде болса да өзінің ұлттық бірегейлік бейнесін сақ­тай отырып, әлемдік кеңістік­тегі бетбұрыс көшінен сырт қалмау­ға тырысып бағуда. Он-он бес жыл бұрын отандық картиналардың халықаралық фестивальдерде жүлде алып, олжалы оралуы сирек оқиға болатын болса, қазір біздің картиналарымыз әр кинофестивальде кемінде бір қазылар алқасының марапатын иеленіп, сондағы көрерменнің ықыласына бөленіп, назарын аудартты деп сүйіншіленіп жатады.

Сондықтан биылғы жылы ше­­телдердегі Қазақстан киносы күндерін ұйымдастырушылар алдына іскерлік байланыстарды дамыту және отандық фильм­дер­ді халықаралық шеңберде ілгерілету міндеті белгіленді. Өткен жылдың өзінде Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орта­­лығының қолдауымен тү­сі­­рілген фильмдер бірқатар таны­­мал кинофестивальдің жүл­­десіне ие болды. Дәрежан Өмір­­баевтың «Ақын» туындысы Токио халықаралық фести­валінде үздік режиссура үшін жүлделі болды, ал Фархат Шә­рі­повтің «Схемасы» Берлин ха­лықаралық кинофестивалінің Generation секциясында Гран-при иеленді. Пусан халықара­­лық кинофестивалінде тұсаукесе­рі өткен Айжан Қасымбектің «От» дебюттік фильмі бірнеше марапатқа ие болды. Бұлардың ішінде Лос-Анджелес, Сочи және Сингапурда иеленген үш жүл­де басты рөлді сомдаған Төлеп­берген Байсақаловқа тие­сілі, бұдан бөлек Минскіде «От» филь­міне үздік режиссу­ра мен үздік музыка үшін тағы екі жүлде берілген. Соны­мен қатар, «От» картинасы Трис­су­ра­дағы (Үндістан) ХКФ-та ФИПРЕССИ сыйлығын жеңіп алып, швейцариялық Black movie кино­фестивалінің шымылды­ғын ашты.

Сарапшылар Қазақстан­ның қысқаметражды фильмдерін де жоғары бағалайды. Мыса­лы, «Мерген» картинасы Шэньч­жэньдегі (Қытай) халықаралық кинофестивальде «Үздік триллер» номинациясында, сондай-ақ Түркиядағы Golden Wheat Awards кинофестивалінде «Үз­дік режиссер» және «Үздік опера­торлық жұмыс» номинацияларында жүлде алды. «Граната» және «Көше ақыны» картина­лары үздік сценарий және үздік монтаж үшін VI Baiqonyr International Short Film Festival жүлделерін иеленді.

Әрине, бұл жетістіктердің бәрі де көңіл тоғайтады. Де­ген­мен, Киноорталық фестиваль­дер мен байқаулардың тек автор­лық киноға қатысты ұйым­­дас­тырылатынын жақсы білуі керек. Кинематографтың шы­ғар­машылық зертханасы ретін­де­гі бұл фильмдердің маңы­зы зор, бірақ ол үлкен кино­индус­трияның бір бөлігі ғана. Ал Қазақстанда бірінші кезекте кең ауқымды прокатқа және көпшілік көрерменге арналған сапалы фильмдер түсірілуі керек.

Сондықтан ҰКҚМО бірқатар жақын және алыс шетелде Қазақстан киносы күндерін өткізу туралы бастама көтерді. Биыл отандық кинематографистердің туындыларын АҚШ, Канада, Франция, Швейцария, Германия, Испания, Чехия, Корея, Үндістан, Пәкістан, Түркия, БАӘ, Грузия, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжік­стан және Өзбекстан көрер­мен­деріне көрсету жоспарлануда.

Мәдениет және спорт ми­нистрлігімен келісілген жоспар бойынша биыл 15 қазақстандық фильмнің көрсетілімі көзделген, оның ішінде Алдияр Байракимов пен Венера Қайыржанованың «Паралимпиадашы» дебюттік жобасы, Серікбол Өтепберген­нің «Патриоттар уақыты», Дәу­рен Қамшыбаевтың «Зере» драмасы, сондай-ақ Рүстем Әбді­раштың «Қазақ хандығы» мен Ақан Сатаевтың «Ұлы дала таңы» ауқымды жобалары бар. Шетелдік аудиторияға арналған әр картинаны оның авторлары – режиссерлер, продюсерлер немесе басты рөлдерді орындайтын әртістер таныстырады.

Отандық фильмдерді Қазақ­стан киносы күндері шеңберін­де ілгерілету және таныстыру еліміздің мәдени дәстүрлері ту­ралы қолайлы қоғамдық пікір­ді нығайтуға бағытталған жар­намалық науқан мен пиар-акция­ның бір түрі болуы да мүмкін. Ұйымдастырушылар іс-шараға тек сыншылар мен кинотанушылар ғана емес, сонымен қатар көрермендер мен БАҚ өкілдері де қызығушылық танытады деген пікірде.

Отандық кинодесанттың кө­ме­гімен қол жеткізу көзделіп отыр­­ған тағы бір мақсат – бір­лескен жобалар жасау үшін жаңа серіктестер мен инвесторларды тарту, бұл да еліміздің әлемдік киноиндустриямен сапалы интеграциялануы бағытындағы қадам болуға тиіс.

 

АЛМАТЫ