• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
Өнер 28 Шілде, 2022

Мәңгілік мұраға қалған музыка

417 рет
көрсетілді

Сағынғанда әндерін тыңдап, құлақ құрышын қан­ды­ра­мыз. Адамның жанын бесікке бөлегендей тербететін ән деген әлемнің тылсымына бала кезінен батқан Кеңес Дүйсекеев осы өнердің шыңына шыққан бірегей тұлға болды. Оның есімін білмейтін, әнін шырқамайтын қазақ жоқ. Кеңес Дүйсекеев «Домбыра туралы баллада», «Ойлан, балам», «Сәлем саған, туған ел», «Өкінбе сен» секілді алғашқы әндерімен-ақ қалың елдің ыстық ықыласына бөленді.

Бұл биікке, әрине, ұзақ сапар жүріп жетті. Кеңес Дүйсекеев 1946 жылы Қазалы ауданында дүниеге келген. Жастайынан арман қуып Алматыға аттанды, үлкен қаладағы мектеп-интернатта оқыды. Музыка училищесіне, содан соң Алматы мемлекеттік консерваториясына түсті. Консерваторияда атақты Е.Брусиловский, қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының иегері Л.Хамиди, КСРО халық әртісі Ғазиза Жұбанова секілді өнер ғұламаларынан дәріс алды. Алматы консерваториясын бітіргеннен кейін «Гүлдер» ансамбілінің бас дирижері және музыкалық жетекшісі, 1976-1979 жылдары «Қазақконцерт» гастрольдік концерт бірлестігінің музыка жетекшісі, 1975-1984 жылдары Қазақ теледидары музыка редакциясының бас директоры болып қызмет атқарған. 1980-1990 жылдары елдің аузынан түспей шырқалатын әндерінің көшін бастады. Сол кездерде өзімен қатарлас, құрдас композиторлар Тілес Қажығалиев, Сейдолла Бәйтерековтің де ша­­рықтаған кездері еді. Олар эстрадалық ән жанрына жа­ңаша жол ашып, жаңалық әкелді.

Кеңес ағаның жетекші­лігімен «Тамаша», «Халық – талант қайнары», «Шабыт», «Музыка әлемінде», тағы басқа теледидарлық бағдарламалар шығарылды. 1984-1997 жылдары Қазақстан мемлекеттік телерадио комитеті эстрадалық-симфония оркестрінің көр­кемдік жетекшісі және бас дирижері болды. 1997 жылдан «Қазақконцерт» гострольдік-концерт бірлестігінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері екен. Сол жылдары менің бірнеше әндерімді тыңдап көріп, «Туған жер», «Айдында жүзген аққулар», «Бесік жыры», «Жұлдызым» атты төрт әнімді ұнатып, эстрада-симфониялық оркестріне әннің партитурасын өзі түсіріп, Қазақстанның Халық әртістері Нұрғали Нүсіпжанов, Зейнеп Қошыбаеваның даусына арнап жазған, әндерімнің алтын қорда қалуына көп еңбегін сіңірді. Жалпы, ол кісінің бойында ұлы адамдарға тән сирек мінез байсалдылық, тура айту жиі көрініс беретін.

Әрі композитор, әрі ұйым­дастырушы тұлға Кеңес Дүй­секеев соңына шоқтығы биік туындылар қалдырды. Оның камералық оркестрге, фор­тепианоға арналып жа­зыл­ған «Жалаңтөс батыр» симфониялық поэмасы, «Толғау», «Астана» симфония­лары, «Жыл мезгілдері», «Романстар циклы», «Жайлау таңы», «Жайлаудағы кеш» сона­­талары, «О, дүние кантатасы», «Мәди», «Аққу жібек» мюзиклінің, «Алдар көсе» опереттасының симфониялық концерттер, соната, рапсодия, вариациялар, камералық оркестрге шығармалары бір төбе, ол – 200-ден астам әндердің авторы.

Әріптесім, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Рамазан Таймановтың «Бір ғана «Қарағым-ай» әні­нің өзі – баяғының бәсімен құны қырық нарға жүк болатын жауһар» деген сөзі ойға оралады. Осы ән Димаш Құдай­бергеннің орындауында күллі әлем тыңдармандарына жол тартты. Кеңес ағаның әндері орындаушысын тапқан сайын түрлене түседі. Ғұмыры ғасырлық өлшемдерге сай туындылар екенін тағы бір мойындатты. Басқа да көп­теген романсы – талғампаз зерттеушілердің лайықты бағасын алған, тыңдар­ман­дар­дың құлақ құрышын қан­дырған бірегей туындылар. Оның сан қырлы дарын иесі екенін анықтайды. Кәсіби әнші­лердің орындауындағы «Сәлем саған, туған ел» «Дом­быра туралы баллада» «Тол­ғау», «Еркеледің сен», «Ғашықтар әні» «Өкінбе сен», «Қарағым-ай», «Арман, арман», «Айнамкөл», «Ойлан, балам» сияқты танымал әндердің де әуенінен Кеңес ағаның қолтаңбасы анық көрініп тұр.

Кеңес ағаның мына бір айтқан сөзі ойымнан еш кет­пей­ді. «Әлем ән салып тұра­ды, ол тылсым құдіретінің сазы. Оны тыңдап, ұғыну үшін сана мен сезім керек. Дү­ние, өмір, тіршілік үшеуі – бір ұғым. Үшеуі де әннен құралған, сондайда құлағыма әлдебір әуен келеді. Өмір-әуен, тылсымының әні, құдіретті күші осы ғой деп ойлаймын» деген еді. Қандай керемет сөз өрнегі десеңші. Үлкен жүректі адам туған жерін шексіз сүйе­тін перзенттік махаббатын әрдайым іспен дәлелдей біледі. Талай конкурстардың өту­іне мұрындық болып, небір таланттардың тү­леп ұшуына, танылуына сеп­ті­гі тиді. «Жас қанат», «Боз­тор­ғай» республикалық кон­курстарының қазылар алқа­сын­да отырды. Балалар шығар­ма­шы­лығына арналған «Алтын микрофон» байқауына келетін шетелдік қазыларға да өзі төра­ғалық жасады. Мұнысы ол кісінің басқалардан бір бас озықтығының белгісі болатын. Музыканы жетік білетіні, талантты тани алатыны көрініп тұратын еді. Өсіп келе жатқан талантты жастарды, балаларды көргенде балаша қуанатын.

Ойыма кезінде ТҮРКСОЙ бас хатшысы болған Дүйсен Қасейіновтің жазған сөзі оралады. «Бар ғұмырын қазақ өнерін, музыкасын дамытуға арнап, 50 жылдан астам уақыт бойы эстрадалық әндерден бастап, кең тынысты симфониялық шығармаларға дейін жазып, музыканың түрлі жанырында тамаша туындылар тудырған, артында көлемді фундаменталды мұра қалдырған Кеңес Дүйсекеұлының ұлт мә­дениетіне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Оның шығармалары қазақ халқына ғана емес, түбі бір түр­кі халықтарына да аса танымал, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы әлемнің ең белгілі сахналарында ұйымдастырған концерттерінде оның әйгілі шығармалары бірнеше шет тілдерінде шырқалғанына куәміз. Атақ-даңқтан да кенде болмағанын білеміз, бірақ кезінде Мемлекеттік сый­лық­қа ұсынылып, өтпегені кө­ңіл­ге қаяу салады», деп еді Д.Қасейінов. Ал марқұм Кеңес ағаның өз өкініші ұлттық деңгейде еді. Оның «Ұлттық музыкамыздың тарихы мен құдіретін дәріптей алмай келе­міз. Елімізде ән, би, музыка дүниесін зерттеу ісі кенжелеп қалды», деп қынжылғаны есімде.

 

Сауранбек ЕЛЕУОВ,

мәдениет қайраткері,

Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты