Жаңа оқу жылы қарсаңында қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселенің бірі – мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын, соның ішінде мектеп директорларын ротациялау. Биылдан бастап енгізіліп отырған осы жаңашылдыққа қатысты жұртшылық пікірі екіге жарылып тұр.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне қарағанда, қазір еліміздегі 6 299 мемлекеттік мектеп директорының 1 246-сы басшылық лауазымдағы еңбек өтілі 7 жылдан асуына байланысты ротацияланатындар тізіміне енген. Ұстаздар ұжымын 15-20 жыл бойы басқарған басшылар да аз емес. Бірақ олардың бәрі бірдей оқушыларға білім беруде аса мақтанарлықтай жетістіктерге ие болған жоқ. Қолы жеткен аз-мұз табысқа тоқмейілсіп, тоқырауға ұрына бастағандары да бар.
Ротация осындай шығармашылық рухы төмендеген басшыларды басқа мектептерге ауыстыру арқылы серпілтіп, соның нәтижесінде тұтастай білім беру саласында да соны серпіліс туғызуды көздейді. Дегенмен ұзақ жыл бойы үйреніп қалған «жылы орнынан» қозғалғысы келмей, қыр-сырын білмейтін басқа ұжымды басқаруды қиынсынатын кейбір директорлар ротациялау туралы теріс пікір қалыптастыруға тырысып-ақ жатыр.
Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауға қарсылық білдірушілердің арасында тіпті бұл шараның заңдылығына күмән келтірушілер де бар. Әрине, олар Еңбек кодексінің 45-ші бабында: «Жұмыскерді еңбек шартында келісілген лауазым, мамандық, кәсіп, біліктілік шегінде және еңбекке ақы төлеу мөлшері мен шарттары сақтала отырып, басқа жұмыс орнына, не сол жердегі басқа құрылымдық бөлімшеге ауыстыруға, оған басқа механизмде немесе агрегатта жұмыс істеуді тапсыруға жұмыскердің келісімі талап етілмейді», деп жазылғанын білмеуі немесе мектеп директоры «жұмыскер» санатына жатпайды деп санауы мүмкін.
Бұл ретте «жұмыскер» мен «жұмысшы» ұғымдарының аражігін айыра білу керек. Өйткені «жұмыскер» ұғымының аясы кең. Еңбек кодексі бойынша жұмыскер дегеніміз – жұмыс берушімен еңбек қатынастарында тұратын және еңбек шарты бойынша жұмысты тікелей орындайтын жеке тұлға. Яғни қарапайым жұмысшы да, кез келген еңбек ұжымының басшысы да, тұтастай бір салаға жауап беретін министр де жұмыскер болып саналады.
Міне, осы Еңбек кодексіне сүйенген алтыншы шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаттары бұрынғы Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау жөніндегі бастамасына қолдау білдіріп, «Білім туралы» заңның 44-ші бабының 5-ші тармағына мынадай мазмұндағы толықтыру енгізген болатын:
«5-1. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау олардың кәсіби әлеуетін неғұрлым тиімді пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау бір елді мекен шегінде жүзеге асырылады. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларына ротация жүргізу мерзімдері мен шарттары мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидаларында айқындалады».
Аталған қағидаларды әзірлеу және бекіту құзыреті білім беру саласындағы уәкілетті органға берілген болатын. Осыған орай, бұрынғы Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 11 қарашадағы №559 бұйрығымен «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидалары» бекітіліп, Әділет министрлігінде тіркеуден өткізілген соң заңды күшіне енді.
Өкінішке қарай, аталмыш құжат жобасы білім беру ұйымдарында кеңінен талқыланбағандықтан болар, онда кейбір маңызды жайттар ескерілмей қалып, орынды реніш туғызып, әділ сынға алынып отыр. Мәселен, айтарлықтай жетістіктерге ие болған үздік мектептердің директорларын ротациялаудан не ұтамыз?
Сондай-ақ зейнет демалысына шығуына екі-үш жыл ғана қалған басшыларды басқа мектептерге ауыстырудың қисыны қандай? Бұған қоса, бір ауылдағы жалғыз мектептің директоры басқа елді мекендегі білім беру ұйымына ротациялауға жата ма, жатпай ма – осы мәселенің де басы ашылып көрсетілмегендіктен, екіұдай пікір туғызып тұр.