Сөз етпек болып отырған кейіпкерімізбен менің ең алғаш қашан, қалай танысқаным нақты есімде жоқ. Кейіпкеріміз деп отырғаным – әріптес іні, 18 жыл «Егемен Қазақстанда» тізе қосып жұмыс істеген азамат Еркін Қыдыр. Оның өзінің айтуы бойынша 80-жылдардың басында ол стажер студент, мен газет қызметкері «Лениншіл жастың» дәлізінде кездесіп, сәлемдесіп жүріппіз. Иә, бұл ҚазМУ-дың 3-4-курсында оқитын журфак қыз-жігіттерінің жастар басылымына тоқсан сайын топталып келіп, өндірістік тәжірибеден толассыз өтіп-кетіп жататын кезі-тін. Міне, солардың қатарында Еркін де болған екен. Атап айтқанда редакциядағы Жарылқап Бейсенбаев басқаратын адамгершілік және тәрбие бөлімінде үйренуші шәкірт міндетін атқарыпты. Одан жоғарыда аталған факультетте диплом қорғау... Университетті бітіру... Жолдамамен Шымкентке аттану... Сондағы облыстық газетке қызметке тұру...
Мен ол кезде мұның біреуін де білген емеспін. Оның аты-жөнінен тек 90-жылдардың басында аға газеттің Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі меншікті тілшісі қызметіне кіріскендегі жазған мақалалары арқылы бір-ақ хабардар болдым. Ал кездесіп, танысқанымыз 1996 жылдың жазынан басталды. Бұл Ақпарат министрлігінің маусым айындағы соңғы аптаның жексенбісін журналистер күні деп белгілеген кез еді. Соған байланысты Алматыдағы газет-журнал, радио және телевизия қызметкерлері арасында футболдан С.Бердіқұлов атындағы турнир өтетін болды. Министрліктің ұйғарымы бойынша оны ұйымдастырып, өткізуге бақылау жасау «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары қызметіне жаңадан келген Еркін Қыдырға жүктеліпті. Осыған байланысты ол алдағы іс-шараға қатысуға ынта білдірген БАҚ редакциялары өкілдерін жинап алып, апта сайын жиналыс өткізіп тұрды. Сұрайтыны – командалардың жасақталу жағдайы, олардағы ойыншылардың алаңға киіп шығатын спорттық формалармен қамтылу деңгейі. Ал талабы – дайындық иелерінің жұмыстан кейінгі жаттығудан қалмауы. Қараймыз: өңі жылы, биязы жігіт. Мінезі жұмсақ, кішіпейіл. Күтпеген жерден сөз тауып, елді ду күлдіретін әзілі да жоқ емес. Осы қасиетіне қарап оны жатсынбадық. Бірден іш тартып, тез тіл табысып кеттік. Сөйтіп, қолдан келген көмегімізді аямауға тырыстық. Соның нәтижесінде турнир де ың-шыңсыз өтіп, тиісті ведомствоның бұл іс-шараны жоғары бағалағаны бар.
Өстіп жүргенде астана Алматыдан Ақмолаға көшетін болды. Бұл 1997 жылдың аяқ кезі еді. Осыған байланысты басталған аласапыранда БАҚ саласы да оңтайлану, қысқару үдерістерін бастарынан өткере бастады. Сөйтіп, «балапан басына, тұрымтай тұсына» дейтіндей заман туды. Сонда не істерін білмеген көп әріптестеріміздің ойында бір ғана үміт болды. Ол – елордаға бет алған үлкен көшке ілігу-тін. Сондай ниет маған да тыным бермей жүрді. Бұған: «Астанада қалалық газет ашылғалы жатыр. Соған министрлік бас редактордың орынбасарын іздестіруде. Барған қызметкерлерге әкімдік үй де береміз деп отыр», деген жанашыр жан Сауытбек Абдрахмановтың сөзі қамшы болған еді. Содан не керек: «Тәуекел!» деп Арқаға аттандым. Пойыздан түскен бойда әкімдікке, одан «Ақмола ақшамы» газетіне келіп, жұмысты бастадым. Ұжым мүшелері әр жақтан жиналыпты. Тату болдық. Энтузиазммен еңбек еттік. Сөйтіп, газетті жұтындырып, ел оқитындай қызықты етіп шығарып жаттық. Бірақ қала әкімі Жақсыбек Әділбековтен хабар жоқ. «Үй беремін», деген сөзін жұтқан сияқты. «Қой, – дедім арада сегіз ай өткен соң. – Жағдай осылай бола берсе, жылдың соңына қарай еңбек демалысын алайын да Алматыма кетейін. Содан бұл жерге қайта оралмай-ақ қояйын».
Осындай оймен жүргенде қараша өтті. Желтоқсан туды. Міне, сол уақытта «Ақмола ақшамына» мені іздеп Еркіннің келмесі бар ма?! Мүлдем күтпеген нәрсе. Тосын жағдай. Өйткені ол кезде сан сапалақ жұмыстармен ию-қию тірлік кешіп жатқан бұл қалада біреуді біреу іздеу, амандықты біліп, хал сұрасу деген ілуде ғана бір кездесетін жағдай болатын. Осындай жалғызсырап әрі құлазып жүрген сәтте Еркіннің келуі... Қуанып, арқа-жарқа болдық та қалдық. Амандық-саулық сұрасқан соң айтқаны: енді екі-үш айда «Егемен Қазақстан» газетінің ұжымы да Алматыдан Астанаға қоныс аудармақшы екен. Кейін «Ақмола ақшамы» редакциясындағы екеуміздің сол кездесуіміз туралы Еркіннің «Өмір сүру формуласы» атты мақаласында былай деп жазғаны бар: «Егеменнің» болашақ офисіндегі жөндеу жұмысынан қолым қалт еткенде Жанболат ағаны іздеп, қалалық газетке бардым. Көрдім. Әңгімелестім. Отырған кеңсе, ондағы бөлме көзге өте қораш екен. Үстел, орындық, шкаф... Бәрі ескі. Ағамызға құрқылтайдың ұясындай кабинет беріліпті. Онда әріптесі Талғат Батырхан екеуі қысылып-қымтырылып отыр. Қалай дегенде де бұлардың бәрі қаланың бас газеті деген атқа сай келіп тұрған жоқ. Бірақ Жәкеңнің жүзінен ол олқылықтарға ренжіп не көңіл күйін жүдетіп отырғаны көрінбейді. Оны сөз етуге уақыты да, құлқы да жоқ сияқты. Айтатыны – жұмыс. Тілге тиек ететіні – газет. Әңгімелейтіні – баспахана».
Содан бір апта өткен соң... Иә, сондай уақыт аралығы шамасында біз «Егемен Қазақстанда» өзгеріс болыпты деген хабар естідік. Ұзынқұлақтың айтуынша Уәлихан Қалижанов басқа жұмысқа ауысыпты да көптен бері бірінші орынбасар болып келе жатқан Ержұман Смайыл бас редакторлыққа тағайындалыпты. Ал Еркін әнеугүні бізді іздеп, амандасуға келген Еркін Қыдыр бір саты жоғарылап, Ержұман ағамыздың бұрынғы қызметін атқаратын болған. «Е, жарайды», дедік те қойдық бұл жаңалыққа. Өйткені Алматыдағы «Егемен» қайда, біз қайда?.. Жан-жаққа бұрылып қарайтын шама жоқ. Қарбалас тірлік. Бірақ содан көп ұзамай маған да бір хабардың келіп жеткені!.. Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің ұйғарымымен мен жоғарыдағы газет бас редакторының орынбасары қызметін атқаруға баратын болыппын.
«Министрлік «Ақмола ақшамы» басылымындағы жасаған жұмысыңызға риза, – деді аталған ведомстводағы департамент директоры Анатолий Гурский. – Қалалық газет үлкен жолға түсті. Енді онда сіз істейтін ештеңе қалған жоқ. Сондықтан ертеңнен бастап Алматыдағы «Егемен Қазақстанға» бет алғаныңыз дұрыс». Анатолий Степановичтің мына сөзін естігенде менің көз алдыма осы жақын уақыттағы өте таныс өмір суреті елес беріп өткендей болды. Ол аға газет өкілі Еркіннің «Ақмола ақшамына» мені іздеп келуі, әңгімелесіп, ұзақ отырып қайтуы еді. «Демек сонда ол мұнда тегін соқпаған екен ғой. Министрлік, редакция жүктеген тапсырмамен таяудағы болып қалуы мүмкін ауыс-түйіске кадр іздеп, соны барлап қайтқан сапары-ау шамасы», деген ой келген сонда маған. Бұл рас та еді. Оның кейін белгілі болғаны бар.
...Міне, содан бастап мен Еркінмен аға газетте 18 жылға жуық жұмыс істедім. Екі адамның бір мекемеде бұлай еңбек етуі ұзақ уақыт. Иә, өте үлкен мерзім. Сондағы риза болатыным – күн, ай, жылдар бойғы қауырт, қат-қабат жұмыс үдерісінде ортақ тіл табысып, түсіністікпен еңбек еткеніміз. Қуанатыным – санаға салмақ түсіретін небір қиын, күрделі психологиялық арпалыс сәттерінде де «әй» деспей, адамгершілік атты алтын арқаудан ажырамағанымыз.
...«Егемен Қазақстан» газеті акционерлік қоғам болып құрылды. Оның басшылығына Сауытбек Абдрахманов келді. Алғашқы басқосудағы әңгімеден аңғарғанымыз, алдағы қолға алатын істердің көп екені еді. Олар: жарнама мәселесімен мықтап айналысып, аймақтардан ақылы негіздегі беттерді көптеп ұйымдастыру, газеттің өтпелі кезеңдегі төмен түсіп кеткен тиражын көтеріп, «Қазпоштаның» баспаханадан кейін қолға алатын тасымал шығынын азайтудың жолын табу. Мұның сыртында 1958 жылғы Тың игеру кезінде салынып, содан бері күрделі жөндеу көрмей, апатты жағдайда тұрған редакция ғимаратын жаңадан салу жоспары да кезек күтіп тұрған мәселе еді. Міне, осы жұмыстарды бастау, жүйелі жүргізіп, тиянақты аяқтау үшін акционерлік қоғамның президенті мен екі орынбасары және бас редактор арасында тәртіп пен реттілікке негізделген ынтымақ атты ұғымның түзу сызығы қажет-тін. Қуаныштысы, аз ғана уақыт аралығында оған қол жеткізіліп, ойластырылған жайттар жүзеге аса бастады. Соның нәтижесінде газет тиражы өсті. Сөз етіліп отырған уақыттағы жанданған жұмыстар қатарына сондай-ақ жарнаманы да қосуға болады. Бұрын редакцияға оны мүдделі мекемелер ғана әкеліп, өз өнімдерін елге ақылы негізде таныстырып жататын. Енді зауыт, фирмаларға агент деп аталатын газет қызметкері барып, қосымша қаржының жаңа мүмкіндік көзін тапты. Осының бәрі акционерлік қоғам президенті мен оның екі орынбасарының және бас редактордың түсіністікке толы жұмысының нәтижесі еді. Өркениетті елдерде мұны тандем дейді. Әу баста бұл техника саласындағы машиналар механизмінің жұмысына байланысты айтылатын болған. Оның мәні мынада. Кәдімгі «К-700» тракторы бар емес пе? Міне, соның өн бойын ұстап тұрар негізгі белтемір – өзекке үлкенді-кішілі бірнеше деталь орналасқан ғой. Мотор от алғанда олар біріне бірі дем бере бірігіп отырып қимылдайды. Сөйтеді де бәрі күш қоса үйлесімді жұмыс ырғағына қол жеткізеді. Біздің сөз етіп отырған мәселеміздегі ұғымда да ол солай. Сондай мағынаға ие. Табиғи тілмен айтқанда, тандем – белгілі бір жағдайға байланысты істі қолға алғанда ой, көзқарас, мақсаттың бәрі өзара үйлесім тауып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» отырып жетістікке жету.
Осы арада оқырмандар тарапынан: «Ал сол табысқа жеткізген ортақ істе мақаланың басынан бері сөз етіп келе жатқан кейіпкеріміз нендей еңбегімен ерекшеленіп, қандай қарым-қабілетімен ұжым есінде қалды?» деген сұрақ тууы мүмкін. Айтайық. 2006 жылы «Егемен Қазақстан» газеті орналасқан екі қабатты ғимарат қабырғалары үш-төрт жерден жарылып, нағыз апаттық деңгейге жетті. Сол кезде акционерлік қоғам президенті Сәукең, Сауытбек Абдрахманов Ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевты ертіп әкеліп, орын алған жағдайды көрсеткенде, ведомство басшысы шошып кетті. Бір аптадан соң Парламент мінбесінен табылған ол Сәукең екеуі кезек-кезек сөйлегенде, депутаттардың министр мен газет басшысының жаңа кеңсе салу жөніндегі ұсынысын қолдамауға әдділері қалмады. Сөйтіп, жыл аяқталуға үш ай қалғанда бюджет жоспарына енді де, 2007 жылы басталатын құрылысты жүргізу акционерлік қоғам президентінің орынбасары Еркін Қыдырға жүктелді. Міне, осы жерде оның бұрын жұрт мүлде байқамаған бөлек қыры ашылды. Бұл қазіргі заманға ауадай қажет бейімділік – менеджерлік қасиет еді. Соның арқасында 15-ке жуық ұйымдастыру жұмысы мақсаткершілікпен өте тез әрі оңтайлы жүргізілді. Сөйтіп, 2007 жылдың жазында басталған жұмыс тоқтаусыз жүрді де отырды. Ғимараттың іргетасы құйылып, қабырғалары қаланып, шатыры жабыла бастағанда, оның астындағы кең де биік жертөлеге үлкенді-кішілі қорап, жәшіктер әкелініп кіргізіле бастады. Кейін білсек, бұл «Егемен Қазақстанның» жаңа кеңсесіне қажет үстелдер мен орындықтар, диван және компьютер кешендері екен. «Офис дайын болғанда сатып алсақ, онда кеш қалып, қымбатшылыққа ұрынамыз. Ол кезде баға бір орнында тұрмай, екі-үш есе өсіп кетуі мүмкін. Сондықтан қазір қамтып қалғанымыз дұрыс», деп түсіндіргені бар мұны сол кезде Еркін.
Тоғыз қабат еңселі офистің негізгі жұмыстары бітіп, онда тек енді сырлау мен әрлеу сияқты ұсақ-түйек тірліктер қалғанда, акционерлік қоғам басшылығы алдына Еркін тарапынан тағы бір ұсыныстың түскені!.. Басында бұған түсінбедік. Кейін байқап қарасақ, ақылға қонымды шаруа. Мемлекеттің жүргізіліп жатқан құрылысқа деп бөлген қаржысынан біраз ақша үнемделіп қалған ғой. «Соны үкіметке қайтармай, осы ғимаратқа қатысы бар деген дәлелдемемен жапсарластырып, шағын отбасылық жатақхана салып жіберсек қайтеді? Сол кезде біздегі тұрғын үй мәселесі айтарлықтай шешімін тауып қалар еді», деді ол. Акционерлік қоғам басшысының бұған айтқан жауабы: «Тәуекел!» деген бір ауыз сөз болды. Сол-ақ екен, редакция қызметкерлері жаңа ғимараттың дайын болып қалған астыңғы қабатына көшіріле бастады дейсіз. Ал олар отырған бұрынғы ескі кеңсе үйі сүріліп, аз ғана мерзім ішінде ол жерден 18 шағын отбасылық жатақхана бой көтеріп шыға келді.
...2016 жылғы наурызда акционерлік қоғам президенті Сәкең Мәжіліс депутаттығы сайлауына түсетін болды. Осыған байланысты газетке бір ай басшылық ету вице-президент – бас редактор маған жүктелді. Содан бастап редакцияда күбір-сыбыр әңгіме басталды дейсіз. Ол: «Сәкең депутаттыққа өтсе, «Егеменге» кім келеді?» деген сөз. Мен оған онша назар аударған жоқпын. Бар ойым: «Сайлау өткенше газеттен ши шықпа- са, ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуал қалыпты болса, сөйтіп тапсырылған міндетті абыроймен аяқтап, жұмысты аман-есен өткізіп берсем», деген бір ғана мақсат еді. Сондай күндердің бірінде қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыздан әлдебір нәрселерді іздеттіріп жатқан Еркін: «Жоғары жақ сіз екеуміздің құжаттарымызды сұратып жатыр», деді. Мына хабарды естіген мен оған: «Ол қағаздарды жібермей тұра тұр», дедім. Сөйттім де бөлмеге келіп, ұзақ ойландым. Ойланғаным – ешнәрсеге құлқымның жоқтығы еді. Оның себебі, біріншіден, сол кезде жасым 65-ке келіп, зейнеттен асқантынмын. Егер жаңа орынға деген ыңғайымды сезіп, білген жұрт болса: «Алпыстан асса да қызметке тоймайтын неткен жан бұл өзі?» деп кінәламай ма. Екінші, есептеп көрсем газет-журнал редакцияларында үзіліссіз жұмыс істегеніме 44 жыл болыпты. Әбден қажып-шаршағанымды несіне жасырайын. Соның салдарынан денсаулық та сыр бере бастаған-тын. Үшіншіден, ойланып отырып, өзімді Сәукеңмен салыстырдым. Ол өз уақытында Орталық Комитет, Президент аппараты, Үкіметте қызмет істеп, министр де болған адам. «Егеменнің» бір шаруасымен жоғары жаққа барғанда, сол жердегі алдынан шыққан кешегі қызметкерлері «бет көрсе, жүз ұялады» дегендей, өтінішіне сергек қарап, сөзін жерге тастамағанын талай көргенбіз. Ал мен... «Айналдырғаным – ала қағаздың беті», деп Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай, өмір бойы көргенім – газет, барғаным – баспахана. Кәсіби маман болғаныммен, билікпен онша байланысым жоқ. Ал оның ертең тираждың құлауына, редакция қызметкерлері жалақысының кешігуіне және тағы басқа жағдайларға әкеліп соғары анық.
Осыларды ой елегінен өткізіп болған соң Президент аппаратындағы үлкен куратордың қабылдау бөлмесіне қоңырау шалдым. Телефонды көтерген Перизаттан бүкіл идеологияға жауапты жас басшысына қосуды өтіндім. «Сәлеметсіз бе, аға?» деді арғы жақтағы дауыс. Мен жоғарыдағы жағдайды айттым. «Бұл сіздің соңғы шешіміңіз бе? – деді ол. «Иә!» «Жақсы. Ескереміз!». Телефондағы осы әңгімеден кейін Еркінге кірдім. Болған жайдан қысқаша хабардар еткен соң: «Жоғары жаққа бір ғана құжат жібер. Ол – сенің қағаздарың», дедім. Көп ұзамай жақсы хабар келді. Бұл сайлау науқанынан үш күннен соң болған оқиға еді. Бір аптадан кейін Мәжіліс депутаттығының мандатын алып, ұжыммен қоштасуға келген Сәукеңнің, жиналғандар алдында: «Түу, Жәке-ай... Хантәңірі шыңына шығуға бір адым қалғанда, кері бұрылғаныңыз қызық болды», дегені бар.
...Қазір Еркін «Астана ақшамында» бас редактор болып қызмет істеп жүр. Жұмысы жақсы. Төңірегіне сыйлы. Баяғыдай елгезек. Кішіпейіл. Жұртқа қамқор жан. Басқа ұжымда жүрсе де «егеменқазақстандықтардың» үлкен-кішісі дегенде шығарда жаны басқа. Біздің жыртысымызды жыртады да жүреді. Рахмет, әріптес іні! Азамат. Аман жүр!
Жанболат АУПБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері