• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 02 Тамыз, 2022

Баспана сатып, пайда тапқандар салықтан жалтара алмайды

463 рет
көрсетілді

Қазақстанда тұрғын үйді сатқан кезде баспана бағасының 10%-ы көлемінде ұсталатын салық бар. Кезінде Үкімет бұл салық түрін енгізген кезде сарапшылар ел азаматтарының қалтасына айтарлықтай салмақ салатынын айтқан еді. Шынымен де тұрғын үй бағасы қымбаттаған қазіргі заманда жылжымайтын мүлік салығы тұрғындарға ауыр тиіп тұр.

Қаржы министрлігінің Мем­лекеттік кірістер комитеті бас­қар­ма басшысының орынбасары Айнұр Сартаеваның айтуынша, жылжымайтын мүлікті сату – мүліктік кіріс болып есеп­теледі де содан салық ұсталады. Бұл салық түрі салық жүйесі қа­лыптаса бастаған тұстан енгі­зілген. Мәселен, 1995 жылғы «Салықтар мен бюджетке басқа да міндетті төлемдер туралы» заң­да «жеке тұлғаның мүліктік табысы» ұғымы қолданылған. Осы заңға сәйкес жеке тұлға жылжымайтын мүлкін сатса, ол табыс тапқан болып есептеледі де мемлекетке түскен кірісінен салық төлеуге тиіс. «Бірақ ол уақытта салық салудың прогрессивті ставкасы қолданылған, яғни табыс неғұрлым жоғары болса, соған сәйкес салық ставкасы да жоғары болды. Кейін елі­міздің салық жүйесіне үлкен өзгерістер енді. Оның бәрі озық шетелдік тәжірибеге сүйене отырып жасалды. Жалпы, салық жүйесіндегі кез келген реформалар алдымен мемлекеттің бюд­жетін уақтылы толықтыру арқылы елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, содан кейін кәсіпкерлердің салық міндеттемесін орындауда қолайлы жағдай туғызу үшін жасалатынын ескеру қажет. Бұл ретте, әрине, әділеттілік принципінің сақталуына баса назар аударылады», дейді А.Сартаева.

Ел Үкіметі 2017 жылдан бас­тап, жылжымайтын мүлікті өт­кізу кезінде сатып алу мен сату бағасы арасындағы айырманың 10%-ы көлемінде жеке табыс салығын салуды бастады. Сарап­шылардың пікірінше, бұл бір жағынан тиімді. Өйткені 2000 жылдардан кейін құрылыстың қарқынды жүргізілуіне байланысты тұрғын үйді алып-сатумен айналысатын спекулянттар көбейіп кетті. Әсіресе, елордада бұл жағдай шегіне жетті. Қазір де бас шаһар пәтер сатудан түскен салық жағынан республика бойынша алдыңғы қатарда тұр. Жақында 2022-2024 жылдарға арналған қалалық бюджеттің жобасын талқылаған Қоғамдық кеңес өкілдері елордада айыппұлдардан түскен түсімдер 2 млрд теңге болса, баспана сатудан түскен салық 5 млрд теңгеге жеткенін хабарлады. Демек, жылжымайтын мүлікті алып-сату жағынан елордалықтар әлі де дес берер емес.

Кезінде кейбір пысықайлар кепілге қойылған мүлікті аукциондар арқылы арзанға алып, оны қымбат бағаға өткізді. Ал арада түскен пайданы ешқандай салықсыз, шығынсыз қалтасына басып алды. Сондықтан да Үкімет тұрғын үйді сатудан түскен кірістен салық алуды енгізді. Бұл салық түрі спекулянттарға біршама тоқтау болғаны анық.

Бірақ жылжымайтын мүлік салығынан жалтарғысы келіп, небір айла-шарғыларға бара­тындар бар. Заңгер Айшат Уәлиоллоның айтуынша, кей­бір азаматтар салықтан құтылу үшін үйді сатпаймын, сыйға тар­тамын немесе үй алмаса­мыз деп көрсетеді. Бірақ – бұл да қауіпті. Өйткені біраз уақыт­тан кейін пәтерді «сыйға ал­ған» немесе «сыйға берген» адам келісімшартты бұза салуы мүмкін. Сондықтан заңгер салықты төлеген дұрыс, дейді. «Егер тұрғындар салық төлегісі келмесе, онда баспананы сатып алған күннен бастап, бір жылдан кейін сатуы керек. Онда мүліктен түскен кірістен салық ұсталмайды. Сондықтан салық төлегіңіз келмесе, онда бір жылды асықпай күткен жөн. Уәкілетті органға тіркелген күннен бастап бір жыл мерзім біткеннен кейін үйді сатсаңыз, салықтан босатыласыз», дейді заңгер.

Жалпы, тұрғын үй сатқаннан түскен табыс басқа елдерде де бар. Салық органының өкілі А.Сартаеваның айтуынша, көп елдерде бұл салықты капитал өсімінен алынатын салық ретінде қарастырады. Оның мақсаты – спекулятивтік сипаттағы мәмілелердің мөлшері мен табыстылығын азайту. Ал табыс үйдің сату бағасы мен оның нарықтық бағасының айырмасымен анықталады. Мысалы, Ұлыбританиядағы жеке тұлғалардың табыс салығының ставкасы 20-45% аралығында екен. «Алысқа бармай-ақ, мысал ретінде көршілес Ресейді айтайық. Ондағы салық ставкасы – 13%. Салық салу үшін қарастырылатын уақыт, яғни үйді сатып алған уақыттан бастап оны сатқанға дейінгі уақыт – 3 жыл мен 5 жылды құрайды. Мысалы, Ресей азаматтары мұрагерлікке немесе сыйға пәтер алып, оны 3 жыл өтпей сатса, алған табысынан 13% ставкамен салық төлеуге тиіс. Салыстырмалы түрде алсақ, елімізде салық ставкасы төменірек, яғни ол 10%-ды құрайды. Одан бөлек салық салу үшін қарастырылатын уақыт та 3 есеге қысқа, яғни небәрі – 1 жыл. Бізде үйді алған уақыттан сатқанға дейінгі уақыт 1 жылдан 1 күн өтсе болды, салық салынбайды. Яғни осының барлығы Қазақстанның азаматтары үшін салық салу неғұрлым жеңілдетілгенін білдіреді», дейді маман.

Қысқасы, салық төлеу – әр азаматтың міндеті. Салықшылар уәкілетті органдардан алынған деректер негізінде азаматтарға хабарламалар жіберіп, салық төлеу керек екенін ескертеді. Хабарлама алған жеке тұлға оны орындау үшін салықтық декларацияны тапсырып, 10% ставкамен табыс салығын төлеуі қажет.

Мемлекеттік кірістер органдары 2019, 2020, 2021 жылдары және 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында осындай шаралардың нәтижесінде бюджетке 8,9 млрд теңге өндіріп алған.

Мүліктік табыстан ең көп салық Алматы қаласының азаматтарынан – 2,5 млрд теңге, екінші Нұр-Сұлтан қаласынан (1,8 млрд теңге) түсіпті. Алматы облысынан – 1,6 млрд теңге, Шымкент қаласынан – 718 млн теңге.

«Жалпы, пәтер сатқаннан тапқан табыстан түсетін салық төлем көзінен ұсталмайтын жеке табыс салығына («101202» деген бюджеттік сыныптама кодына) түседі. 2021 жылдың қорытындысы бойынша, төлем көзінен ұсталмайтын жеке табыс салығынан 52,8 млрд теңге жергілікті бюджеттерге кіріс ретінде түскен. Ал 2022 жылдың тек бірінші жартыжылдығында бұл салық арқылы ел қазынасы 86,6 млрд теңгеге толықты. Атал­ған салық сомасында жеке кәсіпкерлердің кәсіпкерлік табысынан төлейтін салығы да бар», дейді А.Сартаева.