Облыстық тарихи-өлкетану музейінде сан ғасырлық тарихы бар жәдігерлер жетіп артылады. Олардың басым көпшілігі көне Тараз топырағында жүргізілген қазба жұмыстарының кезінде табылған.
Музейге келушілер саны жаз мезгілінде де сиреген емес. Тіпті кейде өзге қаланың тұрғындары да мұндағы жәдігерлермен танысып жатады. Музей залдарын аралап жүрген кезде сақ жауынгерінің дулығасы көзімізге оттай басылды. Қоладан жасалған жәдігердің тарихы тым әріде жатыр екен.
«Бұл дулыға VII-IV ғасырлардан тамыр тартады. Қоладан құйылып жасалған жәдігердің таза салмағы үш килограммға жуықтайды. Оның төмен жағында бірнеше тесік бар. Дулыға Қордай ауданынан 1950 жылы кездейсоқ табылған. Бұрынғы Кеңес Одағының территориясынан табылған үш сақ дулығасының біреуі саналады», дейді аталған музей директорының орынбасары Зарина Дүкенбаева.
Тараз