• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Өнер 02 Тамыз, 2022

Шеңберден шығыңыз

310 рет
көрсетілді

Тордағы тотықұс ғұмыр бойы қанатын керіп, қыран тыныста­ған кеңістікте қалықтасам деп армандайды екен. Қайран Мұқағали алқам-салқам қалпы жиынға кіріп келіп, жас ақынға «шеңберден шық» деп жол сілтегенін әдебиеттегі ағалар асыра жазады. Сол қарагөз қаламгер біз сүйіп оқитын Фариза Оңғарсынова еді. Әрине, сіз қой болсаңыз, өзіңіздің қораңызда еркін ойнақтауыңыз мүмкін! Бірақ сіз қой емессіз ғой...

Уақыт бізбен санаспайды, біз уақытпен санасамыз. Қоғамға сіздің қалыптан шыққаныңыз қауіпті. Біз бұған дейін ең ауыр дерт – сана дерті екенін айтқан­быз. Адамның ойы неғұрлым қыс­қа болса, соғұрлым енжар. Мұны шығыс ғұламасы Руми «Сенің əлемге қарайтын терезең кір болса, менің гүлдерім саған бат­пақ боп көрінеді», деп түйеді. Ең нұр­лы ләззат – сананың еркіндігі. Сіздің ақылыңыз бостандықта болса болғаны, алдыңыздан шық­қан қиындыққа мұқалмай­сыз. Біз, сөзімізге дәлел ретінде америкалық атақты мүсінші Зенос Фрудакистің «Бұғаудан босау» скульптурасын алмақпыз. Әңгіме осы шығарманың желісі жөнінде.

Филадельфиядағы бұл композиция жанның бостандыққа ұмтылысын бейнелейді. 4 фигура, яки бірте-бірте ұйқыдан оянып, кісенін шешіп, мәңгілік өмірге бет бұрған бір адам. Бізді сүйсіндірген де осы көрініс, автордың өзгеше идеясы. Мүсіннің даңққа бөленуі де содан. Еркіндік – өмір мотивациясы, рухыңыз тәуелсіз болған­да ғана өмірден ләззат аласыз. Тұрлаусыз тірліктің тұтқынына түскен әр пенде өмір бойы жан азаттығы үшін күресіп өтеді. Сол күресте жеңіске жету үшін барынша шеңберлерден қашыңыз.

 Қабырғаны жарып шыққан кейіпкер, ол – біз бен сіз. Өмір­шең туындыдан өзіңізді көресіз. Бақсаңыз, бірінші фигура қа­быр­ғаға қадалған мумияға ұқсайды, түрмеге жабылғандай, бұғау­лар­ға байланған. Бостандыққа мүм­кіндік жоқ. Екіншісі – азаттық үшін күрестің басталуы, алғаш­қы талпыныстар. Үшінші фигура – ­іс жүзінде босатылған, сәл алды­ға ұмтылса, мақсатына жетеді. Төр­тінші – еркіндік, шаттық, бақыт. Арманына жеткен соңғы кескіннің қасында «осында тұр» деген жазу орналасқан. Сізге айтып тұр? Мүсінмен бірге суретке түсіп, оның бір бөлігі екеніңізді сезінуіңіз шарт.

Автор жеткізген түсініктен таған тарта отырып, кенет біз­дің ойымызға «Омаха сиқыршы­сының» оқиғасы сап ете қалғаны. Мультимиллиардер Уоррен Баф­феттің қайырымдылығының қай­да апарғанын білесіз бе? Оның байлығы бүгінде 110,5 млрд дол­ларға бағаланады. Ол адамзат тарихындағы ең беделді жомарт кәсіпкер. Баффет Билл Гейтспен бірге басқа да америкалық байларды жарлыларға жанашырлық жасауға шақырады. Бұл ұсынысты Марк Цукерберг, Тед Тернер, Джордж Лукас, Маккензи Скотт секілді танымал тұлғалар қолдап, дүниелерінің тең жарымын жақ­сылыққа жұмсауға уәде етті.

Сөйтіп, қыруар қаржыға әлеу­меттік деңгейі төмен ауыл-ауылдарда мектеп, балабақша, аурухана салынып, тіпті қайырымдылық қорлары ашылды. Бірақ мұндай атаулы көмек жалпы жағдайды жақсартпады. Жер шарындағы ең бай адамдардың өз байлығының бір бөлігін адамзат мұқтажына аударып жатқанын көру, әрине, керемет, бірақ бұл теңгенің іс жүзін­де қалай жұмсалып жатқанын көру көңіл қынжылтады. Тегін дүниенің ешқашан қадірі болған емес. Маңдай теріңізбен таппаған тиын алақаныңызды жылытпайды. Қандай да бір жеңілдік алған адам өз шеңберіне байлана түседі. Бұл – еркіңізден айыруға апаратын жол.

Аспаннан ауызға түскен ма­териалдық игілік бізді рухани дамуға итермелемейді. Кері­сінше, адам бір нәрсеге оңай қол жеткізсе, қалған белестерді де біреудің көмегіне сүйеніп бағындыруға тырысады. Сөзі­мізге Африка елі тірі мысал бола алады. Оған миллиардтаған ақша құйылғанын, ақыры есеп­сіз қаржының кедейшілік мәсе­лесін шешпегенін, халықтың білім деңгейін көтермегенін, ме­ди­циналық қызмет көрсетуді жақсартпағанын көреміз. Қайта жанға жайлы жанашырлық сол елдегі жемқорлықты үдете түсті. Көрдіңіз бе, миллиардерлердің қарекеті жақсылық әкелген жоқ, қайта жағымсыз процестерді қап­татты. Сондықтан олар ақша шашпай, қолдарын қалталарында ұстаса, әлем әлдеқайда жақсы болар ма еді деген ойға ұйисыз…

Жоқ, шынында да, дәулеті тасығандардың ниеті әлемге жақ­сылық әкелу емес еді. Олар осы қайырымдылық арқылы құрметке бөленгісі келді. Садақаларының жартысы өздерін жарнамалауға жұмсалса, қалғаны ысырап болды. Әрі кедейлерді тағы да тәуелді етті, тәтті беріп алдады, жігерін тұсады. Осылайша, қоғамды екіге бөлді, жіктеді. Яғни көгенделген санасына ешқандай сәуле сепкен жоқ. Адамдар бұрынғыша әлдеқайдан бір мейірім бұйырып қалар деген үмітпен ғана күнелтті.

Адам – ең ұлы жаратылыс, Құдай оған сұмдық инстинк берген. Оны пайдаланбау – ең ауыр күнә. Рухыңызды ояту үшін, ақылыңызды шынықтыры­ңыз. Көзіңіз жеткен көкжиектің арғы жағында да көркем кеңіс­тік бар, оны тану үшін жүре­гіңізге үңіліңіз. Шеңберден шық­пасаңыз, шеңбер сізден шық­пайды.