Біз көрген ағалардың ішінде «ресми» түрде сері атанғандар саусақпен санарлық қана екен. Ал әншілігі, аңшылығы, әзіл-қалжыңы жарасқан нағыз серілер бірқыдыру еді. Жапан қайғы шегіп, жалған аңыз қалыптастырушылар да бар, әрине. Шындығында, нағыз серілік ел арасының әңгімесін жақсы білетін, жүрген-тұрған жері дәстүр мен дәріске толы адамдарға бек жарасатын. Қазақ энциклопедиясының негізін қалаушылардың бірі, жазушы, драматург Иген Хасенұлы да – сондай ері мойнына кетпеген сері кісі. Дегенмен әңгімемізді қаламгердің еңбегі көбірек сіңген Ұлттық шежіреден бастадық.
– Энциклопедия шығаруға кемелдену кез келген елдің қолынан келе бермейтін іс. Ол – биік өркениет, тамырлы мәдениет қонған елге ғана бұйыратын талғампаз дүние. Мына заманда елдің елдігін танытатын бір көрсеткіш – энциклопедия. Ал жаңағы негізін қалаушы көптің, бұл іске үлкен құлшыныспен кіріскен 130 адамның бірі екенім рас. Марқұм Мұхамеджан Қаратаев Жазушылар одағында мені жанына шақырып алып: «Сен мұнда неғып жүрсің? Энциклопедияға кел. Пәтер алып па ең? Ертең түстен кейін кел», деп қысқа қайырды.
Диплом жұмысын қорғау кезінде, жан мұрынның ұшына келгенде осы кісі аман алып қалған-ды. Қуанып қалдым. Дипломның тақырыбы «Бейімбет Майлиннің жарық көрмеген шығармалары» болатын. Жетекшім Темірғали Нұртазиннің айтуымен диплом жұмысымды Мұқаңа көрсетіп, ескертпелерін түзегем. Не керек, Бейімбеттің жаулары әлі де тірі екен.
– Жарық көрмегені қалай?
– Студентке лайық тақырып емес.
Осы секілді сұрақпен Темкеңді ортаға ала бастағандар негізінен тіл саласының ғалымдары. Содан, ойламаған жерден Мұқаңның кіріп келгені. Ол да Алланың бұйрығы шығар.
– Ал Иген батыр. Бұл жер саған келіп қонып, қайта ұшып кете баратын взлетный полоса емес, – деп алақанымен ұшақты бейнелеп, көк шұға столдың бетін бір қалықтатып өтті. – Мұнда Арыстан да, Жолбарыс та (аттары солай болса керек), Дулат та келіп, шыдай алмады. Жұмыс ауыр екені рас. Архитектура мен бейнелеу өнерінің ғылыми терминдерін бір жүйеге келтіруді өзіңе тапсырғалы отырмын. Тәртіп бойынша алғаш кіші ғылыми редактор болып бастауың керек. Ал мен сені аға ғылыми редактор етіп алам. Білек сыбанып кірісесің, батыр.
Қазақ Совет Энциклопедиясының сауатты болып шығуына Мұқаң қыруар еңбек сіңірді. Жұмыс жүйесін Мәскеудің Үлкен Совет Энциклопедиясының үлгісіне сәйкестендірді. Мысалы, жеке қаттамаға салынған алақандай терминді қырыққа тарта адам қарап шығатын. Ғылыми-салалық редакциялардың редсовет мүшелері мен кеңесшілері қаншама! Дені академик ғалымдар!
– Ол кезде энциклопедия саласы көп-көрім мәртебелі жұмыс саналатын.
Қазақ Энциклопедиясының Бас редакциясы Ғылыми-зерттеу институты сияқты болды ғой деймін.
– Иә. Алғаш Ғылым академиясының құзырында болды, жалақысы ең жоғары мекеме еді.
– Сонымен ұстаз сенімін ақтай алдыңыз ба?
– Ақтай алдым ба, жоқ па? Оны екі қосымшасымен 14 том болып шыққан Қазақ Совет Энциклопедиясынан оқырман өзі көре жатар. Ауыр жүкті бірге көтеріскен бүткіл зиялы қауым еді. Олар тың термин енгізуге, термин тілін қалыптастыруға көмек қолын созды. Мысалы Ә.Х.Марғұлан «Байырғы сақ, ғұн, үйсін өнері» деген тың термин енгізді. Ғалым оны орыстың белгілі археологі, тарихшы және этнограф, СССР ҒА-ның академигі А.П.Окладниковты қалқан етіп ұстап, әдісін тауып сыналағанға ұқсайды.
Ал қасбет, мық, дөдеге (фриз), тұсқағаз, токқағар секілді көптеген термин баламалары сол ізденіс кезінде дүниеге келген-ді.
Расында да, бел қайыстыратын шұқыма жұмысқа жігерлендірген тағы да сол Мұқаң болды. 3 том шығарып, біршама төселіп қалған кезіміз. 4-том баспаханада басылып жатқан. Томға тігілетін бір бүктемені (верстканы; 16 бет, 1 баспа табақ) ұсынған жауапты хатшы Қ.С.Әбілханов «Том басылып жатыр. Мынау соның таза беті. Мұқият қарап шық. Қате тапсаң маған хабарлас» деді. Таза беттегі «Екінші дүние жүзілік соғыс» деген терминде соғыстың басталуына фашистік Германия емес, біздің ел себепкер болып тұр. Өз көзіме өзім сенбей, бірнеше қайтара оқып шығып, сағатқа қарасам бір жарым екен. Содан Қабекеңе телефон соқтым. Ертеңіне кезектен тыс лездеме өтті. Піссімілладан Мұқаң салмақты да разы үнмен:
– Кеме апатқа ұшырағанда оқпанды денесімен бітеп, жұртты аман алып қалатын матростар болушы еді. Міне, ортақ іске жанын салатын, сондай азаматтар біздің арамызда да бар екен. Бір қауіптен аман қалдық – деді.
Басу ісінің түнде тоқтатылғанын, менің атымды дабыра етпеді. Орындығыммен бірге біраз қалықтап, алғаш рет өзімнің керек екенімді сезіндім.
– Осы күні энциклопедия деген көбейді. Жарық көріп жатқан басылымдарға көзқарасыңыз қандай?
– Біз энциклопедия шығарудың қыр-сырын алдымен Мәскеуден, сонымен қатар жұмыс барысында үйреніп отырдық. Жауапты хатшы Қ.С.Әбілханов жетісіне бір рет ғылми редакторлармен шеберлікті шыңдау сабағын өткізетін. Онда термин мен сөздік сөзінің айырмашылығын анықтау; термин сұрыптау критерийін белгілеу; әр ғылым саласы бойынша енетін терминдердің жазылу үлгісін дайындау сияқты толып жатқан сұрақтар талқыланатын.
Байқасаңыз, орыс зиялылары 1891 жылы Мәскеуде шығара бастаған тұңғыш шежіре кітапты «Гранат энциклопедиялық сөздігі» деп атауының өз сыры бар. Сөздіктің аясы кең. Онда сөзге түсініктеме беруге, қосымша мысал келтіруге жол ашық. Ал энциклопедия – көбейту кестесі секілді қатып қалған үлгідегі, сансыз деректі сығымдап, тарының қауызына сыйдыратын басылым. Осы тұрғыдан келгенде жаңағы шығып жатқан шежірелердің біразын энциклопедиялық сөздік немесе анықтамалық десе бағасы кеміп қалмас еді.
– Осы энциклопедия саласында үлгі тұтқан ұстазыңыз болды ма?
– Мана 130 адам көрігін басқан жұмыс дегем жоқ па. Асау толқын жарға соққан, жандәрмен қайта құлаш ұрған сәттер болды. Тіл-әдебиет редакциясында бір сөйлемнің үш нұсқасын жасап, соның ең қонымдысын алатын Нұрханов Сейтбек деген ағамыздан көп нәрсені үйрендім. Ғажап білімді кісі болатын.
– Коммунистік партия мүшесі болудан қалай бас тартқаныңызды бір юморист құрдасыңыздан естігенім бар. Сол рас па?
– Иә, ондай да болған. «Иген, редакция меңгерушісі Орталық Комитет номенклатурасына кіреді. Партияға өтуге Фрунзе ауданынан екі рекомендация әкелдім. Біреуі Адаев Жолдасбекке, екіншісі саған» деді Мұқаң кабинетіне шақырып алып.
– Мұқа! Мен партияға өтуге дайын емеспін, – дегеннен басқа үнім шықпай қалды.
Мұқаңның желке жағынан қаптаған қара бұлт төңкеріліп маңдайға жете алмай, кері шегінгендей болды. Үн-түнсіз сәл отырды да:
– Жарайды, бара бер – деді, сәл жылығандай болып.
Алғаш мектепке барғанда «А» қарпін апама үйретпек боп: «Міне, қарашы, Қоскел ағаның жер өлшейтін айырсирағы сияқты» дегеніме: «Қойшы ойбай, айырсирағыңды өзің үйрене бер. Сенің оқуың өкіметтікі, мектебің өкіметтің мектебі, жазуың өкіметтің жазуы, сен өкіметтің оқушысысың, құлыным! Өкіметіңнің жазуын өзің үйрене бер. Өкіметіңе менің бүйрегім қатып қалған» деп бүйрегін түйгіштейтін. Онысын есейе келе білдім. Астаң-кестең замандағы асыра сілтеу, кәмпеске айықпас ізін қалдырса керек.
– Осындай сұхбаттарда адамгершілік, достық, сатқындық сияқты түрлі мінез-құлықтар мен қылықтар туралы айта бермейміз. Соның бәрі әлгіндей замандағы қуғын-сүргіннен қалған жаман әдет. Ол, әсіресе рухани ортада көбірек болды деп естиміз. Сіздер соның салқынын сезіндіңіздер ме?
– Оны да көрдік. Кері мінез бе, сері мінез бе дейтін сәттер де бастан өтті.
Біздің кезімізде домалақ арыздың дәурені жүріп тұрған. Он төрт томды бітіріп, жоғары жақтан марапат күтіп отырғанымызда, «Ара» журналына шыққан фельетонның салқыны ма, әлде басқа жағдаймен бе, Мұқаң энциклопедиямен қош айтысып, орнына Манаш Қозыбаев келді. Мұқаңның мені отқа итермейтінін сезіп, тісі батпай жүрген біреулер: «Қаратаевтың адамы. Қолынан жұмыс келмейді» деген сияқты арыз түсірмей ме? Жөн. «Ана басы иілмейтін қызметкеріңіз туралы арыз түсті. Соны егжей-тегжейлі тексеріңіз» деп Манаш жауапты хатшы Әбілхановқа арызды береді. Менің «Ол кім? Бұл не?» деп аталатын 3 томдық балалар энциклопедиясына кірісіп жатқан кезім болатын. Жайымша жүрмей, мүйізі қарағайдай редакция меңгерушілерінің аударып әкелген терминдеріне қолды қаттырақ батырып нем бар десеңші. Содан Қабекең арнайы комиссия құрып тексертсін. Қызық болғанда, тексеру қорытындысы арызданушыларға кереғар – «термин қорытуы өте сапалы, қызметін жоғарылатуға лайық» боп шықсын. Тексертем деп ұсыныс жасатып алғандар іштен тынды. Сондай да жағдайлар болған, шырақ.
– Қарап тұрсам, бүкіл саналы ғұмырыңыз энциклопедиямен өтіп келеді екен. Бас энциклопедиядан кейін де талай жұмыстың басы-қасында жүріпсіз. «Атырау», «Қарағанды. Қарағанды облысы», «Астана», «Мұхтар Әуезов», тағы да басқа энциклопедияларға жетекшілік жасапсыз. Бұл сала біздің өмірімізге қаншалықты керек деп ойлайсыз?
– Осы арада саған бір ғибрат аларлық аңызды айтуға тура келіп отыр.
Ертеде бір патша дүниедегі ғылым-білімнен хабардар болу үшін дүние жүзінен ғибрат аларлық кітаптарды жинатады. Арада біраз жылдар өткенде сарай бөлмелеріне кітап сыймай кетеді. Содан патша мұны әр ғылым саласы бойынша жеке кітапқа түсіріңдер деген бұйрық береді. Ғалымдар өз саласы бойынша кітап әзірлеп бітіргенше тағы да біраз жылдар өтеді, оның үстіне кітап саны көп болып шығады. Енді осы көп кітаптағыны бір кітапқа түсіріңдер дейді ғой. Сөйткенше жылдар жылжып, патша қартаяды. Жалғыз кітап дайын болғанда, тіпті көруден қалады. Патша бір ғұламасын шақырып алып: «Мына кітаптағыны бір ауыз сөзбен айтып бер. Даналықтың сыры неде екен?» дейді.
– О, ұлы патшам, даналық пен дүние сырының шет-шегі жоқ. Оның түбіне ешкім жетпек емес, – депті патшаға ғұламасы.
Соңдай-ақ бір жағынан энциклопедияның түп төркінінде осы аңыз жатқанын, екіншіден ізденудің шет-шегі жоқ екенін аңғартайын дегенім ғой. Ұлттық энциклопедия шығаруға тас-түйін дайын отырғанымызда ол кездегі бас редактор Рымғали Нұрғалиұлы аяқ астынан қызмет ауыстырып, орнына Әбдімәлік Нысанбаев келді. Жаңа леп ала келген жаңа редактор энциклопедияның қасаң ережесін сырып қойып, іске өзінше кірісіп кетті. Содан Көбетай екеуміз: «Ұлттық энциклопедия шығаруға көзқарасымыз Сізбен кереғар болғандықтан жұмыстан шығатынымызды хабарлаймыз» деп арыз қалдырдық та, үйде жатып алдық. Бізсіз қалай шығармақ дейміз ғой баяғы. Арада қанша уақыт өткені есімде жоқ. Бір күні Көбетай телефон шалып: «Бол, тез жет! Шақырып жатыр. Қайта шақырмақ», десін сүйінші сұрағандай.
Келсек, арызымыздың шетіне «қарсы емеспін» деп қол қойыпты. Өзі жоқ. Ал керек болса. Содан «Атамұра» корпорациясын құрып, жұмысқа кірісіп жатқан Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммедке телефон шалып, жағдайды айттым. Мұхтар: «Иеке, энциклопедияда мен білетін үш адамның біреуі келемін деп отырса, қуана қарсы аламын да. Көбетай мен Нұрқанаттың жағдайы қалай?» дегені ғой. Мұхтардың арқасында «Атамұрадағы» мамыражай, өзім би, өзім құдай тірлігім басталды. Кейіннен Рахымғали Абрарұлы да менің бар жағдайымды жасап, еркін жұмыс істеуіме жол ашты. Жаңа өзің санамалап отырған энциклопедияларға шама-шарқым келгенше өз қолтаңбамды қалдыруға тырыстым. Осындайда мына бір жайт еске оралады. «Астана» энциклопедиясын сонда қона жатып шығаруға тура келді. Қалалық әкімшілік, екінші жағынан Рахымғали бар жағдайды жасап, атан кітаптың белгілеген мерзімде шаң беруін күтуде болатын. Күндіз-түні дедектеп, есік-есіктен тың дерек алумен өкпе өшіп жүргенде, көзге тамызатын дәрінің орнына құтысы аумай тұрған «перекись водорода» дегенді шатастырсам қайтесің. Көзді быж еткізгеніне сүйсініп, «мынауың өткір дәрі екен» деп дұрыстап бір құймаймын ба. Сөйткенше, маңай тұманданып, көздің қызыл еті айналып шыға келсін. Жұмыстың жағдайын білуге тап сол күні Рахымғалидың келе қалғанын айтпаңыз. «Тастаңыз, қайтыңыз Алматыға» деп қолқа салғанына көнбедім. Ақыры демалыс күні қайдан тапқанын білмеймін, бір дәрігерге алып барып емдетті. Шүкір, көз ыңғайға келе бастады. Кітап та оқырман қолына тиді.
«Атырау» энциклопедиясының тұсаукесерін өткізу үшін басылымның бас редакторы академик Зейнолла Қабдолов, жанында мен бармын, басшымыз бастап бәріміз шұбап Атырауға келдік. Бізді Президенттің резиденциясына орналастырды. Ас та төк құрмет. Кешкілік асты ең тәуір деген мейрамханада берді, білем. Содан тост кезегі маған келгенде Атырау жайындағы жиған-тергенімнің тығынын ағытып бір көсілдім дейсің, содан ұзақ сөздің аяғын: «Әттең, уақыт кеңірек болғанда, энциклопедияның сапасын бұдан да жақсарта түсуге болатын еді» деп бітірдім. Мейрамханадан шыққаннан кейін: «Иеке, сіз мені құрттыңыз ғой! Сапасыз энциклопедия әкелдік дегеніңіз... Не деген сұмдық!» деп басшымыз тас-талқан болсын. «Айтылып кетті» дедім жай ғана. «Түух! Сізге сөз айтып тұрған...» деп қолын бірақ сілтеді де, бөлмесіне кете барды. Не керек, тұсаукесер ертеңіне дүркіреп өтті.
– Ыждаһаттылықты талап ететін ауыр жұмыстың «әттең-айы» да болатын шығар. Сол кезде энциклопедияда қызмет істейтіндерді қателеспейтін адамдар сияқты көруші едік.
– «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды» деген нақыл энциклопедияда жіберген қатеңе арашашы бола алмайды. Ал аса қырағылықпен мұқият болдым дегеннің өзінде таза бетке дейін байқалмай, таралымды басайын деп тұрған кезде, «жатып қалған» қатенің «түрегелетіні» бар. «Мұхтар Әуезов» энциклопедиясын «көп көтерген жүк жеңіл» дегенмен бір жобаға келтірген болатынбыз. Қыруар термин, сала құлаш баяндау, бір сөзбен айтқанда, энциклопедияға тән ережені ұстанбау біраз қиындық келтіріп, қолбайлау болғаны рас. Тауды құлатқандай, сүйінші дана қолға тигеніне мәз боп отырғанда Мұрат Мұхтарұлы Әуезов «Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің ататегі» деген шежіре сызбадан едәуір қате тауып әкелсін. Кейінгі басшымыз Рахымғали бар, бәріміз соны екі сөзге келмей түзеуге тура келді. «Атамұра» мені зейнетке жібермей ұзақ жыл құрмет көрсеткен құттыханам. Арамыздағы іскерлік байланыс бүгінге дейін жалғасуда. Оның сыры адам баласының бір-біріне адалдығында жатқан болар деп ойлаймын.
– Осындай бас көтертпейтін жұмыс шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік бермеген де болар?
– Шынына келгенде, арманым жазушылық болып, ҚазМУ-дың журфагын көздеп келгем. Тақтайдай далада өскен маған вагон терезесінен бұлт үстінде қалқып тұрған тауды көру жүрегімді атша тулатқаны рас. «Қайтсем де оқуға түсем» деп түйдім іштен. Киелі Алатау өзімен бірге қалқытып әкеткендей күйде болдым. Мектеп бітіре салысымен журфакқа қабылдамайды екен, сонымен маңдайға филфак жазылыпты. Мектеп қабырғасында жүріп «Күмпиіп, ісініп Местей болып семірген. Білегін түріп, Өтірік күліп, Талайларды кемірген. Бұл кім десең, оқушым, Сұра бұғалтыр Темірден» деген секілді түртпектерім болатын. Ахмет Жұбановтың «Қарлығаш» әнінің сөзін жазған Ибади Матақов деген тәп-тәуір драматургпен Халық шығармашылығы үйінде қызметтес болу драматургияға бет бұруыма септігін тигізді. Ал әңгіме, повесть жазуыма Әбіштің бір ауыз сөзі қуат берді ғой деймін.
Небір сутөгілмес аудармашыларды көзбен көрдік. Солардың ішінде А. И.Тургеневтің «Вешние воды» романына эпиграф етіп алған: «Веселые годы. Счастливые дни. Как вешние воды, Промчались они» дейтін шумағын Ғафу Қайырбековтің: «Сауықты күн мен сайран жыл, Сағынсаң қайтып бұрылмай, Өтті де кетті-ау қайран бір, Көктемгі тасқын суындай» деп ұрып жығуы мені аудармаға ғашық жүрекпен кірісуге жетеледі. Осы орайда Л.Н.Толстой мен Н.А.Бердяевтің рухани ғұмыр туралы біраз ой-толғамдарын жүрегім қалап аудардым.
– Ұмытпасам, бір отырыста зерделі әнші Еркін Шүкіманов сіздің бір әніңізді орындаған болатын. Кең тынысты ән екен. Ондай да өнеріңіз бар екен ғой.
– Біздің елде Бұралқы Құдайбергенұлы деген ақын болған. Мені тинемдейімде алдына отырғызып алып, өлең айтқызатын. Айтатыным сол кісінің шығарған қалжың өлеңдері. Барған үйдің үстеліне мені шығарып қояды да, ым қағады. Мен: «Сұрасаң менің атым Иген сері. Күнде той, күнде думан жүрген жері. Бәріміз ұйымдасып ел болайық, Қыздары осы ауылдың келсін бері. Жанымда былғарыдан қыным бар ма? Қыз десе бозбалада тыным бар ма? Солқылдап екі шекем (саусақпен көрсетуім керек) жүргізбейді, Апыр-ау қыз дегенде жыным бар ма?» деп шырқай жөнелем. Үстелге шығарып ән айтқызатынына қарағанда нешеде екенімді өзің ойлай бер. Шәйгөз деген құрдасының үйіне келгенде айт деп үйреткен өлеңі: «Тазымды шақырамын Кербалақтап, Жанымда қызыл түлкім жүр салақтап. Әмина (Шәйгөздің мен қатарлы қызы) отыр ма екен, жатыр ма екен, Үкідей ұядағы көзі алақтап». Әннің соңы Шәкеңнің ашулануымен аяқталатын. Қой қырқып жатқандарға аттың басын тіреп қойып: «Дегенде Кершем деймін, Кершем деймін. Кершемді күнде мінсем тершең деймін. Аулыңа өлең айтып келіп қалдық, Бір тоқымдық жабағы берсең деймін» деп шырылдаған даусымды естіп, ар жақтан лақтырылған бір жабағы жүнді Бұрекең қағып алып қоржынына тығатын. Дүйім жұрттың алдында құмырсқаның илеуінің үстіне тұрғызып қойып, той бастатқан да сол Бұрекең. «Базарың құтты болсын, ардақты елім!» деп құмырсқаның шаққанына шыдап, шырқап шыққаным осы күнге дейін есімнен кетпейді. Табысымыз алтайы – қызыл түлкі.
Жаңағы сен айтып отырған «Дарабозым» деген Сәкенге арнаған әнім. Ала-құла ағайындар Сәкенді қырық саққа жүгірткенде туған. «Кердала» туған топырақты аңсау.
– Сізді сыртыңыздан Бейімбет, Сәкенге іштарта жүріп, олар көксеген қоғамға жете алмадық деп бармақ шайнайтындардың бірінен шығарсыз деп ойлаушы едім.
– Құдайдай сенген төңкерістің нәтижесінен, түңілген Сәкен 1926 жылы жазған «Күздігүні далада» деген өлеңінде: «...Өзіңді кедей теңгеріп, Кемдікті неге жоймайсың?! Тұрмысты өзің меңгеріп, Бүйтуді неге қоймайсың! ...Бұйырған дәмді тата тұр, Тағдырың айқын жазылған. Көрің де бар жататын, Сегіз жыл бұрын қазылған» деп бағасын беріп кеткен. Мәселе рухани сананы пенделік сананың таптап кетуінде. «Адалды құдай ұрмай ма, арам құрлы болмаса» дегенді әкем марқұм жиі айтатын. Құдайдың қағуымен, егемендікке қол жеткізіп отырмыз. Ал армандаған қоғамыңды орнатам десең бұдан артық бостандықты саған кім сыйламақ. Шүкір, мемлекет қамын өз мүддесінен жоғары қоятын азаматтар атқа мініп, тәртіпті қастерлейтін қоғам орнатамыз деп жатыр. Үмітім, солардың қатары көбейсе екен. «Аса байлық не керек, ден сау болса болад та» дейтін нысапшыл халықтың мейірбан, тәубашыл жүрегі теріс жолға түспесе екен деймін.
Біздің елде Кенжехан деген бір кісі болды. Сәлем берсең: «Сенің тілеуіңді тілемесем, көсегем көгермесін» дейтін. Менің де тілеуім, жастардың тілеуі.
– Сұхбатқа ықылас білдіріп, ғибрат аларлық жайттарды бүкпей ортаға салғаныңызға рахмет, аға.
Әңгімелескен
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК,
«Egemen Qazaqstan»