Бірер жыл бұрын ғана майнинг біз үшін бөгде ұғым еді және онымен айналысушылардың «қара нарықты» қыздырып жатқанын ептеп түсінуші едік. Қытай қысымынан кейін Қазақстанды паналаған майнерлер біздің электр энергиямызды пайдаланып, миллиондаған биткоин өндіруге көшкен-ді. Тіпті бір облыстың жылдық энергиясын жағып жібергендері де кездескен. Майдан қыл суырғандай етіп мемлекет олардың біразын тапты, жапты. Ресми дерек бойынша қазір ел аумағында 330 ұйым майнингпен ресми түрде айналысады.
300-ден астам ұйым бар
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, осы 330 ұйымның 111-і – жүргізіліп жатқан қызмет барысы туралы, 172-сі қызметтің жаңадан басталуы туралы хабарлаған. Тағы 47 ұйым цифрлы майнинг үшін қажетті инфрақұрылым ұсынған. Бұл ретте министрлік елдегі цифрлы майнинг саласын реттеуге 2020 жылы қабылданған «Цифрлық мәселелерді реттеу туралы» заңның көп көмегі тигенін айтады. Сол заң арқылы цифрлы майнинг заңды кәсіпкерлік қызмет ретінде танылып, цифрлы актив және блокчейн түсініктері енгізілді.
Бірақ майнерлердің электр энергиясын аяусыз тұтынатыны рас. Сарапшылар оларға бөлек тариф енгізілуі керек, қарапайым халық тұтынатын ставкамен ақы төлемеуге тиіс деп дабыл қаққан еді бір кездері. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та атап өтті.
«Энергия қуатының тапшылығы туралы ұмытуға болмайды. Оңтүстік және батыс аймақтарында электр желісін нығайту жұмыстары да жеткіліксіз қарқынмен жүріп жатыр. Қазір батыс аймағындағы жұмыстың тек 10 пайызы аяқталған. Жобаны өз уақытында жүзеге асыру үшін барлық қажетті шараны атқару керек», деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сөйтіп, мемлекет майнерлерге қатаң талап қоя бастады. Цифрлық даму министрі Бағдат Мусиннің бұйрығымен бұдан былай криптовалютамен майнинг жасаумен айналысқысы келетін немесе майнерлерге қызмет көрсететін жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар жоспарланып отырған қызмет туралы қадағалаушыға 30 күн бұрын хабарлауға тиіс. Бұл ретте олар өз компаниясының деректерін, оның тіркеу нөмірі, банк реквизиті, IP-мекенжай, тұрғылықты мекенжай және майнинг фермасы орналасқан жердің координатын көрсетіп, ұсынуы керек. Сондай-ақ тіркеу кезінде майнинг-нысанның энергетикалық қажеттілігін, жоспарланған инвестициясын және қызметкерлер санын да көрсетуге міндетті. Заңды майнинг атану талабы мұнымен бітпейді.
Майнинг құрылғысына меншік құқығын растайтын тиісті құжаттары мен кеден декларациясы бар, құрылғыны желіге қосудың техникалық сипаттамасына ие және өзі Қазақстан резиденті болып саналатын, тоқсан сайын тиісті есеп өткізетін компанияға ғана отандық криптонарықта орын бар.
Сараланған ставка белгіленді
Келер жылдан бастап криптовалюта өндірісімен айналысатын компаниялар цифрлы майнинг жасағаны үшін төлемақыны жаңа ставкамен төлейді. 2022 жылғы 11 шілдеде Қазақстан Республикасының Салық кодексіне цифрлық майнинг үшін төлемақы ставкасының өсуін көздейтін түзетулерге қол қойылды (№ 135-VII ҚРЗ). Кодекстің жаңа редакциясына сәйкес, цифрлы майнинг үшін төлемақының мөлшері электр энергиясының 1 киловатт-сағаты құнына байланысты болады. Арзан бағада электр энергиясын қолданған кезде төлемақының ставкасы жоғары, яғни 25 теңге болады. Егер, керісінше, қолданған электр энергиясы қымбат бағада, яғни 24 теңгеден жоғары болса, төлемақы ставкасы төмен болады, яғни 1 тенге көлемінде.
«Одан бөлек, өзінің меншігіндегі электр стансаларында жаңартылатын электр энергиясы көздерінен өндірілген электр энергиясын пайдаланған кезде тұтынылған электр энергиясының 1 киловатт-сағаты үшін 1 теңге ставкасы бойынша есептеледі. Меншікті электр энергиясын пайдаланған кезде 1 киловатт-сағаты үшін 10 теңге ставкасы бойынша есептеледі. Электр энергиясын тұтыну көлемін есепке алудың бақылау аспаптары болмаған немесе олар ақаулы күйде болған кезде цифрлы майнинг мақсатында төлемақы тұтынылған электр энергиясының 1 киловатт-сағаты үшін 25 теңге ставкасымен есептеледі. Төлемақының әртүрлі ставкасын қолданудың бірнеше негіздері бір мезгілде туындаса, төлемақының ең жоғары ставкасы қолданылады», делінген Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарламасында.
Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, 2021 жылға дейін электр энергиясын орташа тұтыну көрсеткіші 2 пайызға өсіп, 2021 жылы 6,1 пайызды құраған.
Криптоөндірістің келешегі қандай?
Ай аралатып БАҚ-та әлдебір заңсыз майнинг фермаларының анықталғаны хабарланып жатады. Ол енді қалыпты құбылыс шығар. Бизнестің кез келген түрінде көлеңкелі даму процесі қосамжарлана еріп жүреді. Оның үстіне майнинг дейтін көшпелі кәсіптен ә дегенде адалдықтың иісі аңқи қоймасы тағы белгілі. Сондықтан олардың сұрыпталуы – уақыт еншісіндегі шаруа. Төбеде айтылған талаптар оларды тезге салмай қоймас. Бізді ойландыратыны: осы талаптар қатаң қадағалана ма? Криптовалюта өндірісінің дамуы не береді? Дәл қазіргі сәттегі майнинг өндірісіндегі әлеуетті Қазақстан қаншалықты пайдаланып кете алмақ деп басталатын сауалдар. Осы тақырып төңірегінде ой толғаған Risk Takers сарапшылары шетел мысалын алға тартады.
«Ұлыбританияда криптовалюта мен NFT токенді сот шешімінің нәтижесі бойынша цифрлы актив ретінде пайдалану классификациясы туралы баяндама талқылауға шығарылды. Қазақстанда криптовалютаны цифрлы актив ретінде пайдалануды көздейтін заң қабылданып та қойды. Ол бойынша криптовалюта – қаржы құралына жатпайтын цифрлы актив. Криптовалютаны шығаруға және саудалауға болмайды, тек оған иелік етуге рұқсат бар. Біраз уақыт бұрын биткоин майнингі бойынша Қазақстанның әлемдік өндірісте екінші позицияға шыққанын білеміз. Бұл Қытайдың қатаң шектеу шараларына тап болған майнерлер миграциясына байланысты болды. Сол кезде көпшілік бұған оң реакция танытты. Алайда кейін билік көлеңкелі схемамен күресу және электр энергиясы тапшылығы проблемасын шешу үшін майнерлермен күресті күшейтті. Сөйтіп, елдегі майнинг фермаларының саны күрт қысқарды және Қазақстан әлемдегі көшбасшылық позициясынан айырылып қалды», деп жазады канал авторлары.
Блокчейн және дата-орталық индустриясы қауымдастығының вице-президенті Сергей Путраның айтуынша, жаңа салық ставкаларының енгізілуі – заңды майнерлердің табысын азайтады.
«Цифрлы майнингте инвестиция өте маңызды және бизнес-жоспар бірнеше жыл алға жасалады. Цифрлы майнинг бойынша бизнестің өзіндік құнының 70 пайызын электр энергиясының бағасы иеленеді. Жаңа ставкадан соң электр энергиясының бағасы біраз майнер үшін 40-50 пайызға өседі. Бұл өте көп. Пайда, иә, қалады, бірақ жабдықтың өтелу мерзімі айтарлықтай артады. Егер бұл кезең жабдықтың қызмет ету мерзімінен асып кетсе, бұл максимум 3-4 жыл болса, онда қызмет толығымен тиімсіз болады», деген Путра елден майнерлердің жаппай қашуына себеп болатын үш факторды атайды: ол – электр энергиясын тұтыну тарифі, цифрлы майнинг үшін төлемақы ставкасының өсуі және елдегі тұрақсыз экономикалық ахуал.
Энергетикалық сарапшы Жақып Хайрушев майнерлерге салықтың көп салынуы бюджетті толтырады, бірақ бұл жағдай олардың елден кетуіне себеп бола қоймайды дейді.
«Жаңа салық ставкасы жағдайында да заңды майнерлердің табысы кемімейді. Бұрын 100 теңге алып келсе, енді 80 теңге алады. «Сұр» майнерлерге бәрібір – бұған дейін де төлемеген, бұдан кейін де төлемейді. «Ақ» майнерлер елден кетеді деу – асыра сілтеушілік. Олар құрал-жабдыққа қыруар қаржы құйған. Заңды түрде және ұзақ уақытқа салған күрделі ғимараттары бар», дейді сарапшы.