• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қоғам 04 Тамыз, 2022

Заманауи жастар құндылықтары

4250 рет
көрсетілді

Кез келген мемлекеттің негізгі қозғаушы күші, заманауи тілмен айтқанда, драйвері – жастар. Олар­дың ұстанымы, көзқарасы елдің ертеңі, бағдар алған бағыты екені түсінікті. Осы орайда тәуел­сіз­діктен кейін дүниеге келген жас­тардың құндылықтары қан­дай? Олар үшін не маңызды? Мағжан Жұма­баев «Мен жастарға сене­мін!» деп жырлап кетті. Ал бүгінгі жастар неге немесе кімге сенеді?

Таяуда Jastar ғылыми зерттеу орталығы «Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасын жария­ла­ды. «Тоғызыншы территория­­ны» мекендеген жастарға қа­тыс­ты көптеген мағлұмат топ­тас­­ты­рыл­ған жинақтың құнды­лық­тарға қатысты тұсы назарымызды аударды.

Жастардың құндылық ұста­ным­дарын зерттеудің ерекше ма­ңызы бар. Өйткені құндылықтар жеке тұлғаның белсенді позициясын дамытуға, өзін-өзі анықтауға және жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыруға негіз болады. Елдегі қоғамдық-саяси және әлеу­меттік-экономикалық жағдай жас­тардың құндылықтары мен мүддесіне байланысты өзгеріп отыратыны белгілі.

Баяндамаға сүйенсек, Мәң­гілік елдің оғландары құнды­лық­тарының өзіндік ерекшелігі бар. Мәселен, жастардың басым бөлігі дәстүрлі құндылықтарға, атап айтқанда, отбасына басым­дық береді екен. Яғни респон­денттердің 82,5 пайызы отбасын алғашқы орынға қойған. Бұдан кейін денсаулық (45,6 па­йыз), үшінші орында достық тұр (23,1 пайыз). Әр бесінші жас қазақстандық басты құндылық ретінде материалдық қамсыз өмір­ді атап өтеді. Сондай-ақ тізім­де сенім, дін (16,2 пайыз) се­кіл­ді басымдықтар бар. Ең қы­зығы, заманауи Қазақстанның жас­тары «қоғамның мойындауы, абырой» (1,4 пайыз) және «шы­ғар­машылық» (1,5 пайыз) және «би­лікке ие болу» (2,8 пайыз) секілді мәселелерге мән бермейтін көрінеді.

Зерттеу көрсеткендей, жас қазақстандықтардың негізгі құн­ды­лықтары кейінгі 5 жыл бойы тұрақты және өзгеріссіз. Ерекшелігі сол, құндылық бағда­рының өзіндік симбиозында дәстүрлі және қазіргі заманғы көзқарастардың қиылысуы, сон­дай-ақ қабаттасуы байқалады.

Тағы бір айта кетерлік мәселе, жастар арасында қоғамдық пікірге ықпал ететіндерді саусақпен санай аламыз. Жасөспірімдердің үштен бір бөлігі «мен үшін беделді адамдар жоқ» деп жауап беріпті. Дегенмен «билік өкілдері», «блогерлер, вайнерлер, тиктокерлер» белгілі бір деңгейде ықпал ете алатын көрінеді. Осыдан-ақ дәстүрлі және заманауи көзқарастар тоғыс­қанын көреміз.

Сондай-ақ жастардың неге қызы­ғатыны да маңызға ие. Олар қызығатын трендтер қоғамда бо­лып жатқан әлеуметтік процес­термен және жас ұрпақтың құнды­лық көзқарастарымен тығыз бай­ла­ныста. Зерттеуге сүйенсек, ден­сау­лық пен саламатты өмір сал­тын ұстану секілді мәселелер кейін­гі кезде жастар арасында ке­ңі­нен таралған. Сонымен қатар фри­ланс­қа бет бұру да танымалдыққа ие.

Баяндама авторлары жас­тарды топ-топқа жіктеп қараған екен. Мәселен, жоғары ұтқырлық және дижиталдану бәріне ор­­тақ. Дегенмен жасөспірімдер үшін (14–18 жас) ең танымал трендтер – саламатты өмір салты (22,6%) және экологияға қамқорлық (16,4%). Орта жастағы топта (19–23 жас) танымал трендтер қатарында өмірдің серпінді қарқыны (21,5%), фриланс (20,3%) және дәстүрлі БАҚ-қа сенбеудің артуы (11,2%) бар.

Жастардың құндылық бағ­дарларын қалыптастыруға объек­тив және субъектив факторлар әсер етеді. Ендеше, олар сенім­ді сезініп, дамуы үшін не қажет? Жастардың пікірінше, оны да­мытуға қажет үш басты шарт – дәстүрлі материалистік құн­ды­лықтар: тұрақты жұмыс (52,8 пайыз), жеке тұрғын үй (40,9 пайыз) және лайық табыс дең­гейі (39,9 пайыз). Зерттеу автор­лары қоғамда осындай құнды­лық­тар басым болғанда, оның мә­де­ниеті халықтың физикалық күнкөрісін қамтамасыз етуді ғана мақсат ететінін айтады. Күнкөріс қамтамасыз етілгеннен кейін ғана қоғамның мәдениеті оның мүше­лерінің субъектив әл-ауқатын арттыруға бейімделе бастайды.

Дамуға қажет жағдайларды бағалау ерекшелігі жас­өспірім­дерде айқын көрінді. Мәселен, жастардың осы тобы үшін қол­же­тімді және сапалы білім беру­дің (32,3 пайыз) және таңдау құқығының (24,3 пайыз) маңызы зор. Қорыта айтқанда, «тоғызыншы территорияның» жастары заманауи көзқарас ұстанатыны, өмірлік құндылықтары аға буын өкілдерінен мүлдем басқа екені анық аңғарылады.