• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 07 Тамыз, 2022

Би падишасы

760 рет
көрсетілді

Мен бұл мақаламда Американы қайта ашайын деп отырған жоқпын. Өмірімізде сирек кездесетін талантымен әлем халқын тәнті еткен би падишасы Шара Жиенқұлова (1912-1991) апамыздың Сыр еліне тікелей қатысы барын елге жеткізгім келеді. Тума таланттардың өмірі түйткілдерден тұратыны бар.

Қазақтың ұлттық өнерінің негізін қалаған Құрманбек Жан­дарбеков (1905-1975) – Шара Жиенқұлованың бірінші күйеуі. Ал екінші күйеуі жайлы «Өмірім ­ме­нің – өнерім» атты Шара апамыз­дың мемуаралық кітабының (Алматы, 1992 ж.) әдеби жазбасын жаса­ған Шарбану Құмарованың есте­лігіне жүгінсек: «Шәкеннің кейінгі күйеуі ұшқыш болған. Онымен біраз тұрып, кейін ажырасып кеткен. Сол кісі жайлы «Қанатты батыр» деген тарау жазылған. Бірақ апай кейінірек соны кітап­қа енгізбей-ақ қоялықшы депті. Шара апай ұшқыш Жолдасбек Нұрымов жайлы тарих беттерін кейінгілердің ризашылық сезім­мен парақтайтынына да сенімді болған», деп жазыпты. Шара апа­мыздың болжамы шындыққа айнала бастады. Қос тұңғыштың (би-ұшқыш) тарихи тағдыры шын­дығын Жәнібек Исаев інім­мен алғаш көтергенімізді ризашы­лық сезіммен еске аламын. Сөзім­нің дәлелі ретінде: «Ж.Исаевтың «Вместо сердце пламенный мотор», менің «Тоғысқан тұңғыш­тар тағдыры», «Ұрпақтарымен ұлық­талған ұшқыш», «Италияда қарындасым тұрады» деген мақа­лаларымда Сырдария ауданына қарасты қазіргі Амангелді ауылының тумасы, қазақтан шық­қан тұңғыш ұшқыш, би падишасы Шара Жиенқұлованың күйеуі болған Жолдасбек Нұрымов туралы толығырақ айтылған-ды. Биыл қазағымыздың атын би өнері арқылы әлемге паш еткен Сыр елінің келіні болған Шара Жиенқұлованың туғанына 110 жыл. Сондықтан Шара апамыз жайлы толығырақ мәлімет берудің реті өзінен-өзі сұранып тұрғандай. Ендеше, оқып көріңіздер құрметті оқырман.

Ш.Жиенқұлова 1912 жылы 18 шілдеде Алматы қаласында дүниеге келген. Әкесі Баймолда Жиенқұлұлы Жетісу өңіріне қа­дірлі, беделді діндар адам болыпты. Оның алғашқы әйелі Нұрбібі 14 қызға құрсақ көтергеннен кейін, ұлдың келуін күткенмен, екінші әйелі Айаш та 15-ші қыз Шараны өмірге әкеледі. Кейін қатарынан үш ұл тауып, Айаш апа Баймолда әулетінің географиясын кеңейте түседі. Әкесі Шараны 7 жасынан бастап діни бағытта тәрбиелейді. Үй-жайы Алматыда болғаны­мен, жазда қырғыздармен шекара­­лас «Көкбайрақ» аталған жайлау­да жас кезінен бастап Шара апа­мыз қазақтың алтыбақан, ақсүйек ойын­дарын, ескі әндерді бойына сіңіріп өседі. Баймолданың ағасы Сұлтанғазы – Алматыда алғаш ком­сомол ұйымына, баспа-ағар­ту салаларына жетекшілік еткен қайраткер. Болашағын кеңінен бол­жай білетін Сұлтанғазы ағасы Шараны орыс мектебіне беруге ықпал етеді. Жастайынан биге құ­мар биші қыз атанып, 1928 жылы 16 жасында ол Алматыда «Орион» клубында алғашқы концертін өт­кізеді. Сол кезде Жетісу өңірін­де қазақ тілінде «Тілші», орыс тілінде «Искра», ұйғыр тілінде «Кәмбәғәллар авази» деп аталатын газеттердің баспаханасында ұйымдастырылған осы концерттен түскен қаржы газеттердің қажет­тіліктеріне жұмсалыпты.

Д.А.Қонаевпен бір сыныпта оқыған Шара апамыз: «Класта ұзын бойлы Димаш деген бала орысша жақсы біліп, жетік оқы­ды, біз оған орысша жазба жұ­мыстарымызды тексеріп, есе­бімізді шығарып бер деп жалынатынбыз... Кейін ол мектепті үздік аяқтап, Москваға оқуға кетті», деп еске алыпты.

Сұлтанғазы ағасының көме­гімен Шара апамыз қазақ педагогика институтына оқуға түседі. 1928 жылы Қазақстанның астанасы Қызылордадан Алматыға көшірілген кезде, Шара апаның өнер саласындағы жаңа һәм жарқын өмірі басталды. Қазақтың дарынды ұлдары: Қ.Қуанышбаев, Е.Өмірзақов, С.Қожамқұлов, Ә.Қашаубаев, И.Байзақов, Қ.Жандарбеков, Қ.Байсейітов, Ж.Шанин, т.б. қызмет жасаған Алматыда ашылған театрға Шара мен Күләш апалар да шақырылады. Өздерін таланттарымен таныта білген Шара алғаш рет Б.Майлиннің «Майдан» пьесасындағы Пүліш рөлін тамаша ойнайды.

1929-1934 жылдары театр­дағы қызметі кезінде қазақ және шетел драматургтерінің шығар­маларындағы басты рөлдерде ойнаған Шара апамыз актриса ретінде де елге танымал бола бас­тайды. Бірақ биге деген мүмкін­дігі мен ықыласы, құмарлы­ғы сол салаға жетелей беріпті. 1934 жылы Музыкалық драма теат­рына (қазіргі Қазақ опера және ба­лет ­театры) ауысты. Мұн­да М.Әуе­зовтің «Айман-Шол­­пан» музыкалық драмасында Е.Г.Бру­силовскийдің «Қыз Жібек», «Жал­быр», «Ер Тарғын» операларында ұлттық билерді орындайды.

1933 жылы қыркүйек айы­ның 8-і күні «Ұлттық өнерді дамыту шаралары туралы» БК (б) П Қазақстан өлкелік комитетінің қаулысы шықты. Сол кездегі ха­лық ағарту комиссары Т.Жүргенов осы қаулыны негізге алып, Ша­раны Ташкент шаһарына жібе­ріп, бишілер Тамара ханум, Мук­карам Тұрғанбаевалардан өзбектің «Қатта-ойын» деген биін үйреніп келуге тапсырма береді. Қазақстанның 15 жыл­дық мерекесіне арнайы келген «Бүкіл одақтық староста» атан­ған М.И.Калинин басқарған қонақтардың алдында өзбек да­был­шысының сүйемелдеуімен осы биді тамаша орындайды. Шара апамыз сол кез туралы: «Бұл қуанышты сөзбен айтып жеткізе алмаймын, көзбен көргендер өте риза болып, қол соққан халық­тың қошеметінен театрдың іші дуыл­дап кетті, биді бірнеше рет қай­таладым», деп еске алыпты.

Жоғарыда аталған қаулыға сәйкес Алматыда Мемлекеттік музыка студиясы құрылды. Сон­дықтан қазақ драма театры әнге, биге бейім Ә.Қашаубаев, К.Бай­сейітова, И.Байзақов, Қ.Жан­дарбеков, Қ.Байсейітов және К.Жиен­құлованы жаңа ашылған студияға ауыстырады. 3-4 айдың ішінде студия түлектері бірінші рет сахна пердесін 1934 жылдың 10 қаңтарында «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясымен ашады. Музыкалық театрдың екінші спектаклі революциядан бұрынғы қазақ ауылының өміріне арнап жазылған Б.Майлиннің «Шұға» пьесасын сахналап, онда Шара әрі билеп, әрі Күлзипаның рөлін орындайды. Театр көп ұзамай халық арасында кең тараған «Қыз Жібек», «Жалбыр», «Ер Тарғын» операларын сахнаға шығарады.

Қазақтың би өнерінің алғаш­қы қалыптасуы кезінде өлшеусіз еңбек еткен, ұлттық балет өнері­нің дамуына игі ықпал жасаған Кеңес Одағы Үлкен театрының бишісі әрі балетмейстер-педа­го­гі А.А.Александров еді. Нарком төрағасы Т.Жүргенов ол кісіні Алматыға арнайы шақырып, театр­ға алғызады. Шара апаның би өнеріндегі алғашқы ұстазы да осы кісі еді.

1936 жылдың мамыр айы­ның 17-28-і күндері Мәскеуде қазақ әдебиеті мен өнерінің он күн­дігі өтті. Онда «Қыз Жібек», «Жал­быр» спектальдерімен бір­ге А.Жұбановтың тікелей бас­шы­лығымен ұйымдастырыл­­ған КазЦИК атындағы халық ас­пап­тар оркестрі (қазіргі Құрман­ға­зы атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрі) жұртшылық­тың назарын бірден аударды. Мамырдың 26-сы күні Үлкен ­театрда қорытынды концерт өтіп, оған И.В.Сталин бастаған Саяси бюро мүшелері түгел қатысады. Шара апамыз орындаған қазақ билеріне көпшілік көрерменмен бірге Сталиннің өзі ризашылық­пен қол соғады. Бұл жайлы Шара апамыз: «Қол соққан халықтың қошеметінен Үлкен театрдың іші теңселіп кеткендей болды. Астана көрермендері Қазақстанның мә­дениеті мен оның жетістік, та­быс­тарымен кең түрде танысты. Қазақтың көптеген дарынды ак­терлерінің, әншілерінің, орын­даушыларының және суырыпсалма ақындарының өнер шеберлігі москвалықтарды шын мәнінде таңғалдырды», деп еске алыпты.

1938 жылы қазақтың тұңғыш көркем фильмі «Амангелді» түсі­ріліп, онда Шара апамыз батырдың жұбайы әрі серігі Балымның рөлін орындайды. Балым революция жылдары ерімен бірге жорыққа аттанып, бостандық үшін айқасқа түскен қазақтың жауынгер өжет қызының жиынтық бейнесі болатын. Көп ұзамай Шара ұлт­тық би ансамблін ұйымдастыруға кі­рі­седі. Театрда өз орнына жас би­шілер Н.Тапалова мен К.Кара­балинованы, биші жігіттер арасынан А.Бекбосыновты дайындайды. Аталған есімдер қазақ ұлттық би өнеріне зор үлес қосқан тұлғаларға айналды.

Шара ұйымдастырған ансам­бльдің біраз мүшелері 1959 жылы Нью-Йоркте өткен көрмеде Амери­каның бірталай қалаларын ара­лап, онда Шара апамыз «Көкпар» биін нақышына келтіре орындап, көп­шілік құрметіне бөленді.

Шара апаның репертуары қазақ билерімен ғана емес, басқа ұлт­тардың билерімен толыға түсті. Би өнеріндегі ізденімпаздығымен көзге түскен Шара апамыз өзінің тынымсыз еңбегі жайлы былайша еске алады: «Концерт жүргізушісі орындалатын бидің мағынасын, оның орындалу ерекшелігін ха­лыққа айтып түсіндіріп болғанға дейін мен сол халықтың ұлттық киімін киіп үлгеремін де, биді әнін айта жүріп билеймін. Кейін санасам, ондай билердің саны 36-дан асып түседі екен.... Армян, әзербайжан, грузин билерін үйре­тіп, оларды сахнаға қойған балетмейстер Илья Арбатов еді де, орыс билерінің ерекшелігін менің бо­йыма сіңірген КСРО халық әртісі Пят­ницкий атындағы академия-­­ лық хор коллективінің балетмейс­тері, профессор Ткаченко мен Татья­на Устиновалар болды. Шы­ғыс би­лерінің көбін үйреткен Кеңес Одағы Үлкен театрының ба­летмейстері Балейзовскийдің, қы­зу­қанды сыған билерінің ерек­шеліктерін танытқан Лиля Чер­наялардың есімдерін күні бүгінге дейін ерекше құрметпен есіме сақтап келемін», деп тебірене жазыпты.

1941 жылы Мәскеуге Одақтық эстрада өнерінің байқау конкурсына Ж.Омарова мен Шара апамыз қатысуға келгенде, соғыс бас­­талып кетеді. Мемлекеттік қор­­­ғаныс комитетінің бұйрығы бо­­­йынша әртістерді бірнеше үгіт бри­гадаларына бөліп, әскери киім беріп майдан шебіне жібереді. Шара апа да өз ансамблімен соғыс жүріп жатқан еліміздің батыс аудандарына аттанады. Ансамбль әртістерімен бірге әнші Қ.Лекеров, Ғ.Құрманғалиев, Н.Сашинина, В.Калтон, Ә.Әбішовтер бірге жүреді. Әскери сапардан мақ­тау грамотасын, гвардияшылар кие­тін қара бурка мен қолға ұстай­тын сәнді таяқты сыйға алып, аман-есен Мәскеуге оралады. Сөй­тіп, Мемлекеттік қорғаныс ко­ми­­тетінде екінші рет Сталин­мен жүз­деседі. Бұл тарихи сәті туралы Шара апамыз: «Баяғы­да, онкүндік кезінде көргенімнен көп өзгерген, самайына ақ түс­кен, жүзі сынық көрінді. Бізге Ста­лин рахмет айтып: «Сіздердің әндеріңіз, билеріңіз, күйлеріңіз Қызыл Армияның рухын көте­ріп, күшіне күш қосты. Сіздердің айтқан әндеріңіз жауға оқ бо­лып атылды», дегенін еш уақытта ұмыт­паймын. Сол кезде майдан шебіндегі бір концертіміз өтіп жатқанда «Ұрысқа» Алға деген бұйрық берілгенде, пулеметчик Жмуров деген жауынгер орнынан тұрып, мен бірінші оғымды қазақ халқының өнері үшін жауға атамын дегені есіме түсті. Сол күні ма­ған және ансамбльдің барлық мүшесіне қорғаныс комитеті­нің Құрмет грамотасы екінші рет тапсырылды», деп еске алады. Шара апамыз өз еңбегімен тап­қан қаржысына Қызыл Армияға кө­мек ретінде танк сатып алып берген болатын. Соғыс барысын жіті қадағалап отырған қолбасшы И.В.Сталиннен Шара апамыз телеграмма да алған. Соғыс басталған кезде майдан шебінде болған Шара апа күйеуі ұшқыш Ж.Нұрымов­пен кездесе алмайды. Екінші рет 1942 жылы КСРО халық әртісі Людмила Руслановамен бірге Екін­ші Украина майданында болып, үш айдай алдыңғы шепте кон­церттер қояды. Осы сапарын­­да Жолдасбек ағамен кездесіп, бір­­ге болады. Мына сурет сол кез­­­­ден қалған екеуінің қуанышты сәт­те­рінің ескерткіші болса керек.

Соғыстан кейінгі жылдары қызметін қазақ филармониясында жалғастырып, 1962-1966 жылдары қазақ ән-би ансамблінің басшысы, 1975 жылға дейін Алматы хореография училищесінің директоры қызметін атқарды. Ол қазақ өнерінің дамуына сүбелі үлес қосып, ұлттық би өнерін ғы­лыми тұрғыда терең зерттеп, қа­зақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүр халық билеріне жаңа дем берді. 1938 жылы «Аман­гелді» кинофильмінде Балым рөлін сомдаған Шара апамыз Ш.Аймановтың 1957 жылы түсі­рілген «Біздің сүйікті дәрігер» фильмінде қазақтың мың бұралған бишісі ретінде өзін өзі сомдады.

Би падишасы ретінде туған халқының есінде мәңгілікке қал­ған Шара апамыз Қазақ КСР ең­бек сіңірген әртісі, Халық әрті­сі, Мем­лекеттік сыйлықтың лау­реа­ты, «Ленин», екі мәрте «Ең­бек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ор­ден­дерімен марапатталған, ­бірнеше медальдың иегері. ­«Қа­­­зақ ­биі», «Сымбат», «Өмірім ме­­нің – өне­рім», «Би құпиясы» кітап­­та­рының авторы.

Мақаламыздың негізгі ар­қауы болып отырған Д.Қо­наев, Ш.Жиенқұлова, Ж.Нұры­мов аға­ларымыз бен апала­ры­мыз­дың өмір жолдарындағы кей­бір сәттері­нің бір-бірі­не байланыстылығы оқыр­ман­дарымызды бейжай қал­дырмас деген ойдамын. Үшеуі де бір жылдың тумалары (1912 ж.). Жоғарыда Шара апамыздың сыныптасы болған Д.Қонаев жайлы естелігін келтірдік. Енді бүгін­гі Жаңа Қазақстан жағдайын­да есімі қайта еленген Д.Қонаев атамыздың Шара апамыз жайлы мына естелігін келтіргеннің артықтығы болмас. «Мен сондай сиқырлы өнер иесі деп Шара – шын аты Гүлшара Жиенқұлованы айтар едім. Ол да Алматының қызы, түйедей құрдас едік, ондай мың бұралған биші енді туар, бірақ бұған дейін кездестірген емеспін. Шара башқұртша да билейтін, грузинше де билейтін. Ол билемеген би жоқ. (Д.Қонаев. Ақиқаттан аттауға болмайды А., 1994 ж. 371-б).

Шығыс өркениетінің орталығы болған қасиетті Сыр елін ешкім жатсынбаған. Д.Қонаевтың Сыр топырағына деген құрметі жайлы өзі жазып кеткен кітаптарынан көп дәлел келтіруге болады. Ұшқыш Ж.Нұрымов ағаның бірінші жары Гүлсім ападан өмірге келген Зарема Жолдасбекқызы Д.Қонаевтың арнайы ұшағында 21 жылдан аса бортсерік (стюардесса) қызме­тін атқарғаны мен қарастырып отырған тұлғалардың өмірлерін жақындастыра түсетіндей.

36 ұлттың биін меңгерген би падишасы Шара апамыз бен 15 түрлі ұшақтың техникалық тілін меңгерген қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш, Сыр перзенті Жолдасбек Нұрымовтың 9 жыл­дық жұбайылық өмірлерінің бір­ге өтуі – Шара апамыздың Сыр еліне жақындығының бұл­тарт­пас дәлелі. Біздердікі туған то­пы­рағының қасиетін осы үш тұл­ғаның өнегелі өмір жолдары ар­қылы жастарымыз біле бер­сін деген ой. Шымкент қа­ласына жер­ленген ұшқыш Ж.Нұ­рымов есі­міне көше беріл­ген, тағзым алаңындағы ес­керткішке есімі енгізілген, тұрған үйіне арнайы тақта қойылған. Осыларды ескеріп, Жаңа Қазақ­стан жағдайында облыс, қала, ауданның жаңа басшылары да олардың есімін ұлықтау қажет­тігін ескерер деген үкілі үмітпен ойымызды тәмамдаймыз.

 

Қазыбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,

профессор