Өмірдегі ең күрделі қатынастардың қатарына балалар мен ата-аналардың арасындағы қарым-қатынасты жатқызуға болады. Өйткені бұл қарым-қатынас адамның достарымен, әріптестерімен, жұбайларымен қарым-қатынасын қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Осы қатынастар барысында туындайтын барлық проблеманың тамыры ата-аналармен, олардың өзара қарым-қатынастарымен тікелей байланысты.
Өкінішке қарай, өмірде барлығы кемел адам болмайтыны сияқты, ата-аналардың бәрі идеалды бола бермейді. Керісінше, көп жағдайда өмірде балаға ата-ананың мейірімі жетіспей, ол ана махаббатының «уызына» қанбай қалады. Яғни баланың жанын жақсылықа бөлеп, оған оң ықпал ететін ата-ананы құдай кез келгеннің маңдайына жаза салмайды. Ендеше, ата-аналармен қарым-қатынас үнемі экологиялық тұрғыда таза бола бермейді. Себебі жағдай әртүрлі болып қалыптасатындықтан, әр бала әртүрлі, бір-біріне ұқсамайтын, тіптен мүлдем ерекше жағдайда өседі.
Бірақ бұлардың барлығына ортақ бір нәрсе тән – балалардың бәрін аналары туған, олардың әрқайсысы өз ата-аналарының балалары. Қалай болғанда да, олардың әрқайсысын әке-шешесі жарық дүниеге әкеліп, өмір сыйлаған. Осыған қарамастан адамдардың арасында жастайынан өзінің әлсіздігі мен қорқыныштарын, кез келген бастамаларын үнемі ата-аналарының іс-әрекеттерімен бүркемелеп түсіндіруге тырысу кездеседі. Өз кезегінде бәріне соларды осылайша кінәлау әдеті баланың күш-жігерін, энергиясын және өміршеңдігін тежейді. Бұл – қарама-қайшылықтарға толы өте күрделі және нәзік құбылыс. Бір жағынан, ата-аналардың балалары үшін қолынан келгендерінің барлығын да жасайтындығын ұмытпаған жөн. Екіншіден, әрине, олар адамзаттың эталоны емес, қарапайым адамдар. Сонымен бірге үшіншіден, кейбір ата-аналар балаларын іс жүзінде өз меншігі деп есептеп, оларға бұйрық беріп, айтқандарын істетуге бағытталған әрекеттерін жасыру да мүмкін емес. Ата-ананың өз балаларын осы ұстанымға негізделе отырып тәрбиелейтіндігін де теріске шығару қиын.
Ал өмір заңы бойынша балалар өсіп, жетіліп, үлкен азаматқа айналатындай болып жаратылған. Сондықтан болар, жасөспірімдер тезірек жетіліп, өмірлік тәжірибе жинақтауға тырысады. Кешегі бала ертең ересек адам болады. Бұл ақиқатты қабылдаған жөн және өмір бергені үшін ата-анаға шын жүректен алғыс айтқан дұрыс. Бірақ бала мұны онша түсіне бермейді, кейде әуелі оған қарсы тұруға бейім келеді. Өйткені бала, оны қаласа да, қаламаса да, әйтеуір ата-анасының айтқанына көніп, соларды толық тыңдаған сәттен бастап оның өміріндегі барлық нәрсенің «айқын» бола бастайтындығын сезінетін сияқты. Сөйтіп, ол өмірдегі сәтсіздіктердің бәріне өзін кінәлауға кіріседі. Бала 7 жасқа дейін ұяттың, кінәнің не екенін түсінбегендіктен, ата-анасының ауырғаны және т.б. үшін ол өзін кінәлімін деп есептейді. Ол, тіптен ата-аналары арасындағы қарым-қатынастың бұзылуына да өзін айыпты деп сезінуге еті үйреніп, тәуелсіздігін жоғалтып, ол оң энергиясы мен өз бақытын байлайды. Ондай әлсіз адам құрдымға кету, ашу, наразылық, қызғаныш, кінә және бүкіл қоршаған әлемге деген реніш бағдарламасын іске қосады. Дәл осындай әрекеттер адамның дамуына кедергі келтіреді және оған зиян әкеледі. Ал ақыл-ойы, рухы мен психикасы күшті адам, керісінше, бақытты болып, алға ұмтылып, өмірлік жағдайлардың тұңғиығына құлап кетпей, өз айналасында болып жатқан дүниені саналы түрде қабылдап, оны ұғына алады.
Осылардың ішінде, әсіресе, кінә адамның жан дүниесінің бір бөлігін алып қойып, оны еркіндігінен айырады. Өзін кінәлі сезінетін адам ата-аналар үшін ыңғайлы объектіге айналып, олардың айтқандарынан шықпайтын болады. Жастайынан келеңсіз жағдайларға жиі ұшырайтын бала бірдеңе бола қалса, оған өзін жауапты санауы оның ойынан басталады. Айта кету керек, бұл сезімдердің пайда болуы ата-анасынан айырылып қалу немесе олардан бас тартуға мәжбүр болу мүмкіндігі және қорқынышымен тығыз байланысты келеді. Оның сыры баланың көкейінде өзін ата-аналарына лайықты емеспін деп есептеуінде және өз отбасын сатып кеткендей сезінетінінде жатуы мүмкін.
Сондықтан бала өзгелер зардап шекпес үшін және басқаларды ренжітпеу мақсатында кінәні өзіне алады. Осылайша, баланың түпсанасында үнемі ата-ананың қанағаттанбауы мен олардың алдындағы өзінің кінәсі елестеп тұратындай жағдай қалыптасады. Жасөспірім бұл өмірдегі өзінің қалауы мен қажеттіліктерін мүлдем түсінбей өсіп, жетілгеннен кейін оларды анықтаудан да қала бастайды. Себебі ата-ана баланы киім кию, қандай тамақ ішу және ойыншық алу мен мамандық таңдау еркіндігінен айырып, тіпті оны «тартып алып», кезінде жарақаттаған. Бұл баланың ішінде тек ата-ананың қалауы жатыр дегенді аңғартады. Өйткені олар іс жүзінде балаларының орнына бәрін өздері шешіп отырған. Демек балалық шағынан бастап адам өзін құнсыздандырып, оның бойында бірте-бірте кінә, реніш пен алаңдаушылық мықтап орныға берген. Өйткені ата-ана балаға сенбей, оның табысқа жете алмайтындығын алдын ала «болжап» қоятын-ды. Осы кінә арқылы ата-аналар шын мәнінде, оларды оңай басқаруға ұмтылып, өздеріне ұқсатуға «мәжбүрлеуге» тырысады. Көріп отырғанымыздай, ата-аналарға өзімшілдік тән болғандықтан, кейде балаларын ата-анасынан қорғау керек пе деген ойдың да келуі әбден мүмкін. Тіптен адам өзінің осы дүниеде бар болғаны үшін ғана өзін кінәлі сезінетін күн туып, кінә мен реніш, ұят пен өкпе әлеуметтік қорқыныш ретінде адам тәніне «тігіліп», оның жаны сонда шоғырлана бастайды. Бұл «қасиеттер» баланың бойында көбейген сайын, ол соғұрлым жан дүниеден, интуициядан және шығармашылық тұрғыда өзін жүзеге асырудан, ата-ананы түсінуден алыстай береді. Өйткені, кінә мен реніштің қарама-қарсы жағында адамның менталдық және психологиялық тұрғыда есеймегені және өмірді түсінбейтіні жатыр. Себебі бұлар ұят және өкпемен бірге адамның өзіне бағытталған жасырын агрессия болып табылады және оның өзін-өзі жеккөретіндігінің белгісіне жатады. Мұндайлардың бойына осындай бағдарлама енгізіліп, олар осы үйреншікті әдеттен ауытқи алмай қалған соң олармен ойын ойнаған ыңғайлы болады.
Демек баланың толыққанды өмір жолына түсуіне осы «кінәлілік» сезімі жол бермейді. Сүйікті жұмысын таба алмаса да бала ата-анасының алдында кінәлі болып шығады. Осыдан барып жасөспірім мазасыздана бастайды. Ата-анасы «ол сенің қолыңнан келмейді» деп, оның қолынан қаға бергендіктен бала бұнымен келісіп, оған сенуіне тура келеді. Кінә баланікі болмай, ата-анасынікі болса да, ол кінәлі саналады. Оның қабілеті үнемі төмен бағаланады. Нәтижесінде, бала мәңгілікке кінәлі жағдайға түседі. Бірақ неге және не үшін кінәлі екендігі туралы ол өзі де бейхабар болып қала береді. Өйткені мұны оған үлкендер жөндеп түсіндірмеген. Сондықтан бала басқалардың «бақыты» үшін қолынан келгенінің бәрін жасауға тырысып бағады. Осылайша, оның жаны бірте-бірте басқалардың пікірінің көлеңкесінде қалып, ақырындап «әлсірей» береді. Балаға өзін білдіруге, көрсетуге мүмкіндік берілмеген соң, ондай адамның бойында қуаты қалмайды. Өйткені ұят, кінә мен қорқыныш кісіге әлеуметтік тұрғыда таңылғандықтан ата-аналар өз балаларын осылайша әлеуметтік «мүгедектікке» ұшырататындығына онша мән бермейді.
Бірақ бұл мәселенің екінші жағы бар. Мұндайда оң отбасылық энергиямен қуаттанбаған жерде ата-ана мен бала арасындағы рөлдер шатасып, енді ата-аналар бала сияқты күй кешуі мүмкін. Сондықтан егер бала ата-анасын қабылдамай, сыйламай, оларды бағаламаса, онда жасөспірімнің бойыңдағы қуаты кетіп, оған өмірлік қиындықтардан арылу мүмкін болмай қалады. Тек, ата-анаға алғыс айтып, адал болу және кешірім сұрау ғана осы ауыртпалықтарды емдей алады. Өйткені, сөзбен кінәласудың ешқашан нәтижеге жеткізбесі анық. Ендеше, жіберілген қателерді қалай мойындауға болады? Бастысы, жіберген қателігің үшін ақталғандай болып кешірім сұрағанның пайдасы шамалы. Оның орнына «мен өкінемін» деп, кінәні іс жүзінде өтеуге ниет танытқан дұрыс. Яғни, құр сөзбен кешірім сұрағанша, нақты әрекет жасап, ниетіңнің ақтығы мен дұрыстығын көрсетіп, уәделеріңді орындауға бағытталған нақты көмегіңді көрсеткін. Егер бала мен ата-ана осыны түсінген жағдайда, олардың ресурстары сақталады. Ал ол болашақта қателіктер жібермей, тек құнды тәжірибе жинақтап, бақытты өмір кешуге алғышарт жасайды.
Егер адамның көкейіндегі реніш пен қорқыныш басым болса, онда ол өмірге, тіптен өзін қоршаған әлемге деген сенімінен айырылатындығы да ақиқат. Осы күйден құтылу үшін ерте ме, кеш пе адам өз «менімен кездесіп», ішкі дүниесін ретке келтіріп, кеңейтіп, оны жаңғырту бағытында пәрменді ұмтылыс жасауға тиіс. Сонда оның өз ниетін ашық білдіруге және мақсатты түрде нақты және оң қадамдар жасауына жол ашылады. Мұндайда кейбіреулер сияқты көп ойланып-толғанудың немесе қол қусырып отырудың ешбір реті жоқ. Олай болса, адам «басқаның бір құдайдан бәрі де жұп» дегенді басшылыққа ала отырып, әлемнің екі жақтылығын және оның тұтастығын қабылдағаны дұрыс. Адам сонда ғана сынауды, айыптауды қояды, сонда ғана ол басқаның бойынан оның тек жақсы жақтарын көре алады және олардың жанын түсіне бастайды. Мұндайда мақтау есту үшін емес, шартсыз көмектің ғана қуат беретіндігін түсінген жөн. Осыған қарамастан, балалары ата-аналарын құрметтеуін тоқтатпай, сыйлап, оларға алғыстарын айтуларын жалғастыра отырып, ақырындап өз жолдарын таңдаулары қажет. Сол сияқты ата-аналарының таңдауларын құрметтей отырып, балаларға олардың қамқорлығын «атаңа не істесең, алдыңа сол келер» тұрғысында қайта қарауларының маңызы зор болмақ. Ал ата-аналар, өз кезегінде, балаларына айтатын кейбір «жөнсіз» сөздері мен талаптарының ауырлығын түсініп, балаларын ұстап отырған уыстарын «босатыңқырап», оның жасөспірімдердің денсаулығына кері әсер етіп, тіптен оларды ауруға шалдықтыруға дейін әкелетіндігін ескергендері абзал. Сонда ғана ата-аналар жақсы өмірді таңдап, бастарындағы ескі бағдарламаны өшіріп, балаларымен жаңа ұстанымдар негізінде жаңа қарым-қатынастар орнатуға мүмкіндік алатын болады.
Олай болса, адам менмендік пен жалған ұятты шетке ысырып тастап, әрекет етіп, өзінің жолын тазартып, тәжірибе жинақтап, шынайы қарым-қатынастарға оралып, жасампаздықпен айналыса бастаған кезде оған әлеуметтік қорқыныш маңызды болмай қалады және ол қалыпты өмір сүруге кіріседі. Мұндайда адам өз болашағына көңіл аударып, рейтинг, салыстыру, теріс бағалаусыз өмір сүргісі келіп, оның жаны ләззат табады. Сонымен, бұл мәселені қиындатып отырған жайттардың қатарына аталған үдерістің ұрпақтар алмасуы мен әлемде қалыптасып отырған геосаяси сын-қатерлер жағдайында өтіп жатқанын жатқызуға болады. Атадан баланың ойы бөлек кезеңде бала болу да, ата-ана болу да оңайға түспесі анық. Алайда баланың ата-ананың көз қуанышы болып қала беретіндігін де ешкім теріске шығара алмайды. Өзімшілдің іші тар, ойы – шартық екендігін естен шығармаған абзал. Өйткені сенімсіз иманның болмайтыны, жүрегі таза адамның қиянатқа бармайтындығы ақиқат нәрсе. Осылай болғанда ғана адамның рухы көтеріліп, оның ақылы тазарады. Осыдан кейін ғана «ар білімі» мен тәрбиесіне ең алдымен ата-ана қауымынан бастап, білім жүйесі мен бүкіл қоғам болып бет бұрып, өз жұмыстарында оған басымдық берген жағдайда нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік туады.
Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,
қоғам қайраткері