• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 08 Тамыз, 2022

Газ мәселесінің түйіні тарқатылады

449 рет
көрсетілді

Жыл басында саяси-әлеуметтік дүмпуге басты себеп болған газ мәселесі тағы да күн тәртібіне шықты. Мемлекеттің қатаң қадағалауына байланысты қазір тауарлық газды тұтыну бағасы төмен, ал бұл өндірушілерге тиімсіз. Олар әрі қарай өндіруге құлықсыз. Алтын аралықты табу мемлекетке оңай тимей тұр.

Елдегі газ өндірісіне жауапты «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жәр­кешовтің айтуынша, жағдай мәз емес. Бізге жаңғыртылған ұзақ мерзімді стратегия қажет, онсыз Орталық Азия газ хабында Қазақстанның геосаяси позиция­сын күшейту мүмкін емес.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы елде та­уарлық газ тапшылығы орнауы мүмкін екенін, осы бағытта шаралар қабылдау қажеттігін тапсырған еді. Шындығына келгенде, біздің елдің газ қоры 100 жылға жеткілікті. Жер қыртыстарында 3,8 трлн текше метр газ бар. Алайда соншама отынды өңдеу қуаттылығы тө­мен. Соншама газды жер бетіне алып шығу – орасан шығын.

Қазіргі кезде елімізде үш газ өңдеу зауыты – Теңіз, Жаңажол және Жаңаөзен зауыттары бар. Енді солардың қатарына Қа­шағандағы зауыт қосылмақ. Энергетика министрі Болат Ақ­шолақовтың айтуынша, жа­­ңадан тұрғызылып жатқан зауыт­тың қуаттылығы – жылына 1 млрд текше метр. 1 400-ден астам жұмыс орнын құрады деп жос­парлануда. Құрылысы былтыр басталған зауыт 2024 жылы пайдалануға берілмек.

Дегенмен компания ішкі нарық үшін тауарлық газдың қосымша көлемін қалыптастыру нәтижесінде тапшылықты 2023-тен 2024 жылға жылжыта алған.

«Біз бір жылды ұттық, бірақ тауарлық газ тапшылығы әлі толық шешілген жоқ» дейді кәсіпорын.

Көмірден газға ауысуына байланысты келесі жылы та­уарлық газ тұтынатын кәсіп­орындар мен газ-химиялық жобалар көбейе түспек. Сондықтан келесі жылдан бастап-ақ сұ­раныстан ұсыныстың басым түсетіні аңдалады. Бұл, әрине, отандық газ өндірісі са­ла­сын­дағы үлкен тәуекелге ай­налмақ.

«Мемлекет газды жер қой­науын пайдаланушылардан өзіндік құнынан төмен бағада сатып алады. Әр текше үшін QazaqGaz 10 теңге жоғалтып отыр. Болжам бойынша 2022 жылдың өзінде компания 180 млрд теңге жоғалтады. Баға саясаты мен тарифті қайта қарамаса алдағы 2-3 жылда QazaqGaz трлн теңге шығынға батады. Бұл ретте компания баға реттеуге араласпайды. Газ саласындағы баға мәселесін мемлекеттік органдар қадағалайды», дейді С.Жаркешов.

Бас энергетик Болат Ақ­шолақов газ өндірушілерін ын­таландыру мақсатында бір­қатар нақты қадам жасалатынын мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, Ұлттық экономика министрлігімен жаңа газ жобалары үшін фискалды пре­ференциялар ұсыну ке­л­ісілген. Бұл жеңілдіктер – өн­діріс басталғаннан кейін 10 жылға дейін ұжымдық табыс салығын алмау, өндіріс бас­талғаннан кейін 10 жылға дейін экспорттық баж салығын алмау және сондай-ақ жер қойнауын пайдаланғаны үшін балама салық бойынша жеңілдік режімін қолдану құқығы. Ми­нистрдің айтуынша, мұндай жеңілдіктер 2030 жылға таман тауарлық газ өндірісін 42,1 млрд текше метрге дейін жеткізуге мүмкіндік береді. 2021 жылдың қорытындысы бо­йынша елде 29,4 млрд текше метр тауарлық газ өндірілген. Нақ­тырақ айтқанда, 2030 жылға таман елдегі шикі газ өндірісінің көлемі 87 млрд текше метрге жетеді деп жоспарланып отыр. Алайда соның тек 42,1 млрд-ы ғана тауарлық газға айналдырылып, қалғаны жеке мақсаттарға пайдаланылады немесе жер қыр­тысына қайта айдалады (жа­ңа өндіріс үшін).

Жалпы, газ саласында 10 инвес­тициялық жоба жүзеге асырылмақ. Олар газ тасымал­дау жүйесін жаңғыртуға, жылу электр стансалары мен елді мекендерді газбен қамтамасыз етуге, сондай-ақ тауарлық газ­дың ресурстық базасын ұл­ғайтуға бағытталған. 10 жоба­ның екеуі биыл аяқталса, алтауы жүзеге асыру кезеңінде тұр, тағы 2 жоба бойынша жұмыс 2023 жылы басталмақ.

Қазақстан газ қоры бойын­ша әлемде 22-орын алады және ТМД елдері ішінде Ресей мен Түрікменстаннан кейінгі үшінші позицияда. Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2017-2021 жылдар аралығында елімізде газ тұтыну көлемі 4,8 млрд текше метрге (13,8-ден 18,6 млрд текше метрге) артқан.