• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Тамыз, 2022

Облыс орталығында жарықсыз отыр

149 рет
көрсетілді

Шалғайдағы ауылда емес, облыс орталығы саналатын Тараз қаласында жағдай ушығып тұр. Ыбырайым Сүлейменов көшесінің аяқ тұсындағы төрт жүзге тарта тұрғын қай ғасырда ғұмыр кешіп жатқанын кім білсін? Жиырма бірінші ғасырдан қалып қойғаны анық... Әйтеуір, желсіз түннен жарық ай іздеп жүргендеріне жылдардың жүзі болған. Жергілікті атқарушы биліктің дәрменсіздігінен жалыққан жұрт: «Мәселеміз шешілмесе, алдағы күндері жолды жабатын боламыз» дейді...

Расында да, шалғайдағы елді мекен болса мейлі дейсің ғой. Облыс орталығындағы көше тұрғындарының жылдар бойы электр қуатына қол жет­кізе алмай отырғаны таң­дан­дырмай қоймайтыны рас. Бүгінде көне шаһар жаңаша кейіпке еніп келеді. Елі­міздегі ең үлкен шағын аудандардың бірі дәл осы Тараз қаласында бой көтеріп жатыр. Өңір билі­гі алдымен әлеуметтік мәсе­лелер шешімін табатынын айтудай-ақ айтып жүр. Алайда айда­ладағы ауылды былай қой­ғанда, қаладағы орта­лық кө­ше­лердің бірінде жарық­сыз қалған жұрттың бар екенін ескерсек, ауылдардың мәселе­сі­не әзірге алыстан зер салатын сияқтымыз...

«Электр қуатын түрленді­ре­тін қозғалтқыш арқылы күн көріп отырмыз. Осымен ұялы телефонды қуаттандырамыз, басқа да қажеттіліктерімізге пай­даланамыз. Қашанғы осылай жалғаса бермек. Өзекті мәселе оңынан шешімін табатын кез келіп жетті ғой», дейді көше тұрғындары мәселенің өзек­тілігін меңзеп.

Деректерге сүйенсек, жергі­лік­ті билік халықтың байба­ламына байлам жасау үшін өткен жылы қазынадан 223 млн теңге қаражат бөлген екен. Алайда қарапайым халық атқа­рылған жұмыстың нақты нәти­же­сін көрмеген. Қысқасы, бү­гінгі таңда жергілікті жұрт­шы­лық маңайдағы елді мекен­дер­ге тоқ сұрап, жалынып жүр. Халық жағдайдың осылай бол­ғанына қапалы. Қашанғы бұлай жалғаса беретіні белгісіз. Өйткені мәселе жуық арада шешімін табатынға ұқсамайды.

«Жалынған сайын жұрт та танауын көкке көтере береді емес пе? Кейде аспандағы ба­ға­ны айтып, аспандап жататыны бар. Бірде айына 20-30 мың төлеуге мәжбүр болсақ, ал жылыту маусымы бастал­ған уақытта шығынымыз 60 мыңға жетіп жығылады», дейді шаһардағы Сүлейменов көше­сі­нің тұрғыны Жұлдызбек Темірбаев жағдайды түсін­діріп.

Көшеге электр бағаны орна­тыл­­ғанымен, тиісті жұмыс­­тардың өз деңгейінде атқарыл­мауына байланысты сым тар­тылмаған. Салдарынан қара­пайым тұрғындар электр қуа­тын тек түсінде көруге мәж­бүр болып отыр. Жергілікті билік осы мәселеге назар аудар­ма­йынша, көше тұрғындары талап қоюын жалғастыра бермек.

«Бұл мәселені облыс әкімі білуі керек қой. Олай болмаған жағдайда біз бір апта ғана күтеміз. Талабымыз орында­лып, оң нәтиже шықпаса, Талас, Сарысу секілді қалаға үш аудан­нан көлік қатынайтын күре жолды жабуға мәжбүр боламыз. Бәлкім, сонда ғана біз күткен нәтиже шығатын шығар. Сондай қадамға бармасақ болмайтын секілді», дейді көше тұрғыны Әділхан Ордабеков ашынып.

Жабыққан жұрттың қамық­қан көңілі жақын күндері көтеріле қоймайтын сыңай­лы. Шаршаған шаһар тұрғын­да­­рының мұңын тыңдауға кел­ген Тараз қаласы әкімі орын­­­ба­сарының әңгімесінен осы­ны түсіндік. Оның айтуын­ша, жауапты мердігер ком­па­ния жұмысты бастауын бас­тағанымен, орта жолда тас­таған көрінеді.

«Электр қуатына арналған жобаның сметалық құны 223 млн теңгеге жетеқабыл. Жа­уап­ты компания 170 млн тең­ге­ні игерді. Алайда атқа­рыл­ған жұмыс сол қаражатқа сай орындалмаған. Енді сот­тың шешімі болмайынша, біз ештеңе істей алмаймыз. Қыс­қасы, қолымыз байланып тұр», дейді Тараз қаласы әкі­мі­нің орынбасары Нұрбол Қалдыбаев мәселенің мәнісіне үңіліп.

Шаһар басшысы орын­баса­рының сөзінен байқағанымыз, қазіргі таңда жауапты мерді­гер компания өкілдері істі болып жатқан көрінеді. Соған қарағанда көшені жарық­тан­ды­ру жұмыстары тергеу амалдары аяқталғаннан кейін ғана жалғасын табуы ықтимал.

Байқауымызша, амалы тау­сыл­ған тұрғындардың талабы жақын арада орындала қой­майтын тәрізді. Алайда ашуға булыққан халық «шаруа­мыз шешілмей тоқтамаймыз» деп отыр. Әрине, жауапты мердігер компанияның жауап­кер­шіліктен жалтара алмасы анық. Алайда жергілікті билік атқарылмаған жұмысқа не­лік­тен артығымен ақша аударды екен? Осыны түсіне алмай-ақ қойдық.

 

ТАРАЗ