Халық әндері ішінде әуезімен, жалпақ даладай кең атмосферасымен санада қалып қояр тұнығы болады. Тіпті көңілде жатталып қалып, көпке дейін естен шықпай жүретіні де бар. Сол әннің бірі һәм бірегейі – «Балапан қаз». «Балапан қаз» біршама уақыт халық әндерінің құрамына еніп, авторы жайлы, тарихы жайлы сөз қозғалмай келді. Алайда кейінгі жылдары жүрек шаншытар әуезді саз терең зерттеліп, шығу тарихы жайлы нақты мәлімет айтылып жүр.
«Бұл өлке – біздің ауыл
жайлаған жер,
Желіге асау құлын байлаған жер.
Көзіме от-жалындай көрінеді,
Айқасып құлын-тайдай
ойнаған жер».
Иә, ән әуелеп қоя бергенде туған жердің таза ауасы кеңсірікті жарып, алаңсыз өскен балалық дәурен қиял пердесінде қалықтап қоятыны бар. Кешкі азан-қазан сәт, мал өрістен құлап, айнала шаң шұбалған мезет, жүгірген бала, жылаған сәби даусы, әріректе үнсіз немересіне қараған қарт – мұның бәрі әсем картинадай жүректе шайқалады, жанға белгісіз күш құяды.
Ән туралы деректер Шығыс Қазақстан облысының тумасы, ақсақал Арғынбек Қилыбаевтың аузынан жазылып алынған. Көнекөз қарияның айтуы бойынша ертеде Керей елінің қызы Найман еліне келін болып түскен. Өз елінде сүйген жігіті болып, өзге елге мәжбүрлікпен ұзатылады. Кейін босанып, бөбегін бауырына алған кезде бесік жырымен қоса бір әнді ыңылдап айтып, іштегі мұңын әнге қосады. Туынды ел арасында кеңінен таралып кетеді. Өкінішке қарай, әннің толық сөздері ұмытылып, тек «Ей, ахау сабаз, ұшырдым ұясынан балапан қазды-ай» деген жолдары ғана сақталып қалады.
Қайырмасы қалған ән өлеңін қайта жазып шығып, қар астындағы гүлдей қайта бүрлетіп, елеулі үлес қосқан белгілі ақын-драматург Арғынбай Жұмажанұлы. Моңғолия елінің Баян-Өлгей мекенінде дүниеге келген ақынның жазған мәтіні халық арасына сіңіп кеткен. Ән мәтіні мен әуені Моңғолия еңбек сіңірген қайраткері, күйші-сазгер, өнертанушы Қабыкей Ахмерұлы жинастырған «Моңғолия қазақтарының халық әндері» кітабында жарық көрген. Арғынбай Жұмажанұлы жазған түпнұсқада өлеңнің қазіргі орындалып жүрген мәтінінен айырмашылықтар байқалады.
«Бұл өлке – біздің ауыл күздеген жер,
Қаракөз бойын сылап түзеген жер.
Көзіме от-жалындай көрінеді,
Қолаң шаш уәдесін үзбеген жер».
Мәселен, шумақтың екінші қатарын әнші Жанар Айжанова орындауында «Айналып сұлу шашын түзеген жер» деп қолданылып жүр. Ал түпнұсқадағы «қаракөз бойын сылап түзеген жер» деген қазақы топырақ, шексіз тамыр жымдасқан сиқырлы қатар әнде неге сақталмайды? «Бойын сылаған» ару бейнесі – қазақ аруының әдебі мен қылығын, назерке болмысы мен ұяңдығын көрсетіп тұр. Көз алдыңызға алғаш бойжеткенін сезінген Жүсіпбектің Ақбілегі, Әуезовтың ар отына өртеніп ажал құшар Ғазизасы, Бейімбеттің «әрі сұлу, әрі есті» Шұғасының бояуы қанық тұрпаты келеді.
«Бұл өлке – ата-бабам көктеген жер,
Қорамнан ақтылы кой кетпеген жер.
Көзіме от-жалындай көрінеді,
Алдымнан келін кесіп өтпеген жер».
Осы шумақтың орындалуына бажайлап қарасақ, бірінші қатар «Бұл өлке – біздің ауыл көктеген жер» деп айтылып жүр. Түпнұсқадағы «ата-бабам» көктеген жер» деген қатары кісіге шұңғыма ой салып, толағай тарихқа көз сүзуге үндейді. Бір ауылдың емес, тұтас дәуірдің, тұтас шежіренің тарихын санаға әкеліп тұр. Ән өлеңі бұзбай орындалса, мұнан да әуезді, әсерлі болар еді. Өйткені халық әндерінің әрбір сөзі бір адамның тағдырын жасаған миллион ұрпақтың тіктелген қолындай бір-бірімен тығыз сабақтасып тұр емес пе?