Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 16 наурызда жариялаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдері орынбасарларының саны үшеуден аспауы керектігін, ерекше жағдайда ғана төртіншісіне рұқсат берілетінін атап айтты. Арада өткен бес айға жуық уақыт ішінде Президент тапсырмасының орындалу барысын білу үшін өңірлер әкімдіктерінің ресми сайттарына үңілдік.
Бұл ретте Қазақстан азаматтарының ұлттық бірегейлігін қалыптастыру, этносаралық және дінаралық келісімді сақтау, ономастика проблемаларын шешу жұмыстары ерекше маңызға ие болып отырған солтүстік және шығыс өңірлерде әкімдердің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасарлары һәм «идеологтер» қысқартуға ілікпеген болар деген ой келген. Алайда Павлодар облысында ғана солай болып шықты. Осы өңірдің ішкі саясат басқармасын басқарған, аудан әкімі, Парламент Мәжілісінің депутаты болған тәжірибелі басшы Айзада Құрманова облыс әкімінің орынбасары ретінде әлеуметтік-саяси салаларға толықтай жетекшілік жасауын жалғастырып жүр екен.
Ал елдің шетіндегі, желдің өтіндегі Солтүстік Қазақстан облысында өңір басшысының ішкі саясат пен әлеуметтік саланың көкейкесті мәселелерін шешумен жап-жақсы айналысып, жергілікті жұртқа жаққан екі орынбасарының екеуі де қысқартылып, олардың функциялары өз креслоларын сақтап қалған әріптестеріне бөлініп беріліпті. Бірінші орынбасар, негізгі мамандығы агроном Марат Тасмағамбетов бұрыннан жетекшілік жасап келе жатқан ауыл шаруашылығына қоса, ішкі саясат және білім беру салаларына да жауап беретін болыпты. Құрылыс, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларымен айналысып келген орынбасар, инженер Сәтжан Аблалиев енді жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау, көші-қон мәселелеріне де жетекшілік жасап жүр. Индустриялық-инновациялық дамумен және кәсіпкерлікті дамытумен шұғылданатын орынбасар, экономист Дәурен Жандарбековтің функцияларына денсаулық сақтау, мәдениет, тіл саясаты және архив салаларына жетекшілік жасау қосылыпты.
Қостанай облысында да әкімнің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары қысқартылыпты. Осыған байланысты ішкі саясат, жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау, көші-қон, мәдениет мәселелері бұрын құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік салаларына жетекшілік жасаған бірінші орынбасар, негізгі мамандығы агроном Ғауез Нұрмұхамбетовке қоса жүктеліпті. Сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру, дене шынықтыру және спорт салаларына жетекшілік ету экономика және қаржы мәселелерімен айналысып жүрген орынбасар, экономист Ерлан Спановқа міндеттеліпті.
Ақмола облысында да әкімнің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары қысқартуға ұшырапты. Алайда оның функциялары кімге тапсырылғанын облыстық әкімдіктің ресми сайтынан біле алмадық. Бұл мәселені облыс әкімі әлі шешкен жоқ па, әлде, оның баспасөз қызметі тиісті ақпаратты жариялауды естен шығарды ма – ол жағы бізге беймәлім.
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің ресми сайтына қарағанда, өңір басшысының бес орынбасарының бесеуі де әзірге дін аман жүр. Қайсылары қысқартылатынын алдағы уақыт көрсетеді.
Осы орайда бір ескерерлік жайт: егемен республикамыздың аталған бес облысына «Біз Ресейді қалай көркейтеміз?» деген арандатушылық мақаласында көз алартқан атышулы Александр Солженицынның саяси сандырағын телеарналар мен әлеуметтік желіде бірінен соң бірі даурыға қайталап жүрген ресейлік саясаткерсымақтардың көздегені – еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерінде сепаратистік көңіл күйді өршіту екені анық. Осындай насихатқа еріп, Солтүстік Қазақстан облысын Ресей Федерациясына қосуға ашық түрде шақырған Петропавл қаласының ерлі-зайыпты екі тұрғыны сепаратистік іс-қимылдары үшін жақында ғана сот үкімімен бес жылға бас бостандығынан айырылды. Демек қазіргі алмағайып заманда Қазақстанға жасалып жатқан әртүрлі ақпараттық шабуылға тойтарыс беру үшін елімізде, әсіресе оның солтүстік және шығыс өңірлерінде қоғамдық-саяси жұмыстарды ширата түсу қажеттігі даусыз. Міне, осы тұрғыдан қарағанда, өздерінің «идеолог» орынбасарларын қысқартып жатқан облыс әкімдерімен келісу қиын.