• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Тамыз, 2022

Алманың атасы: Жетісу сиверсінің жайы қандай?

500 рет
көрсетілді

Сиверс. Бұл – тіл үйірер жабайы жеміс һәм жер бетіндегі алма біткеннің бабасы. Иә, «бабасы» деп айдар тағуымыз бекер емес, бұл өзі динозавр дәуірінен келе жатқан шырынды зат. 165 млн жыл бұрын пайда болған. Оны 2002 жылы британдық биолог-генетик Бэрри Дженнифер анықтап берді.

Орман-бақтар бүлінбесін

Ол-ол ма, шетелдік ғалым алманың ата-тегін Қазақстаннан таратады. Ғасырлар шеруіне ілескен бірден-бір жеміс, осы – жабайы алма. Ал әлемді қосқанда Жетісу өлкесінде оның 48 пайызы өседі. Әрі қарай өзіңіз-ақ қорытынды жасай беріңіз...

Жер шарында 30 мыңнан астам алма сорты бар. Америка, Африка, Еуропа, Азия құрлығында өсетін алманың атасы есептелетін Сиверс алмасы «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық саябағының аумағында өседі. Саябақ алаңының 1,5 пайызын Сиверс алмасының жабайы жемісті алқаптары алып жатыр. АҚШ-тағы Гарвард университетінде халықаралық генетиктер әлемдегі өсімдік атаулының ата тегінің пирамидасын жасаған. Оның ең басында Жетісу тау­лы аймағында өсетін жабайы Сиверс алмасының гені тұр. Сондай-ақ оның Азия, Еуропа, Африка, Америка елдеріне тараған бағыты көрсетілген.

Әйтсе де бір әттеген-айы, өткен ғасырдың 60-жылдары алма бақтарын сұрыптандыру бағдарламасы мен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тау бөктерлеріндегі жабайы алма ағаштарының көптеп кесіліп, отынға пайдаланылуы салдарынан осы табиғи алма тоғайларының көлемі тарылып кетті. Кейін бұл бағдарламаның пайдасынан зияны көп екенін түсіндік.

Табиғат жанашырларын алаңдата­тын тағы бір жағдай – орманның бүлінуі. Оған ормандағы санитарлық жағдай­дың нашарлығын жатқызуға болады. Бір қуанарлығы, осыған дейін мемлекеттік парктерде орманның жаппай ауруға шал­дығу жағдайы кездеспеді. Жетісу облы­сы ірі өндірістік аймақ болса да орман қоры жерлерінің өндірістен, өндіріс қал­дық­тарынан зардап шеккен жағдайы тіркел­меген. Қайта ұлттық саябақтар орман бай­лығын жыл сайын молайтып келеді.

«Ұлттық саябақ құрылғалы орташа есеппен жылына 30 гектар аумаққа Сиверс алмасының көшетін егеміз. Кейінгі он жылда 300 гектардан астам жерге алма ұрығын септік. Алда тағы да 5 жылдық жоспарымыз бар. Президент Қ.Тоқаевтың 2 млрд ағаш көшетін отырғызу тапсырмасы бойынша биыл ағаш көшетінің ұрығы себілетін 28 гектарға тағы да 6 гектар жерді қосып, жоспарды толық аяқтап отыр­мыз», дейді «Жоңғар Алатауы» ұлт­тық саябағының директоры Марат Қабиев.

Күніне бір алма жесеңіз де, дүние жүзінде өсіп тұрған алманың 7 мыңнан астам сортының әрқайсысының дәмін татып көру үшін 20 жылдан астам уақыт кететінін білесіз бе? Қызық ақпарат. Қараңызшы, Ескелді ауданындағы бір ғана шаруа қожалығы 15-тен астам алма түрін өсіреді. Тіпті оның басым бөлігі – отандық өнім.

Оның арасында әлемге әйгілі Алматы апорты бар. Қышқыл болса да, шырыны бал татитын алматылық сенап, нәрі тіліңізде ұйып қалатын рубин, мән-ма­ңызы бойыңызды балқытатын айдарет пен рашида өзінің қанық қызыл түсімен көз қуантады. Оған Golden Excellent және «Заря Алатау» сорттарын қосып қойы­ңыз. Алтын күннің сәулесіне боялған ­сап-сары Салтанат алма ағашының бұ­тақ­­тары жемістерін көтере алмай ма­йы­сып тұр. Шынында, өңірдегі бағбан­дар биылғы жылды өнімділігі жағы­нан «алма жылы» деп атап отыр. Бұл Жеті­судың құнарлы топырағы алма ағашының Отаны екеніне тағы бір дәлел. Алма бағын аралап жүріп, сыңси өскен Сиверс алма ағашы жұпары мұры­нымызды жарды.

Еңбек бәрін жеңбек

Алма өсіру ісінде талай жылғы өтілі бар танымал жетісулық бағбан Вла­димир Савченконы былайғы жұрттың көпшілігі біледі. Өзінің алма бағындағы жемістерінің әр түрі бойынша тәулік бойы тапжылмай айтып беруге дайын бау-бақша күтушісінің әлемі бөлек. Талай тал шыбықты жастайынан аялап күтіп, сан жылдарда саялы баққа айналдырған қолы құтты бағбан жайын жұрттың көбі сырттан бағамдағанымен, іштегі арпалыс өмірді біле бермейді. Еңбекқор жан бұрынғы алма бақты қалпына келтіруді былай қойғанда, ондаған жыл бойы күнделікті тынымсыз еңбегінің нәтижесінде, бүгінде жайқала өскен бау-бақшаның көлемін ­ 40 гектарға дейін ұлғайтқан. Қазір мұн­да алманың 40-тан аса түрі өсірілуде. Көр­ген жан­ның көңілін баурап алатын әдемі бақ Ескелді ауданына қарасты Теректі ­ауылында орналасқан.

30 жылдан бері бағбандықпен айна­лысып келе жатқан Владимир қара то­пы­рақтың құнарын алақанмен-ақ ба­ғамдайды. Алғаш тәуелсіздік алған жыл­дары колхоз бөлініп, төбе басында қа­раусыз қалған шағын бақты үлеске алған екен. Обалы не керек, тынымсыз еңбектің нәтижесінде ескі бақ өтеуін қайтарды. Түрлі-түсті алмасымен ерекшеленетін отандық «Салтанат» сорты табыстың алғашқы символына айналды деуге болады. Владимир Алексеевич барлы­ғын өз бетімен ретке келтірген. Яки алуан тұқымды сынап көріп, сан мәрте қателікке ұрынса да тауы шағылмай соңына дейін зерттеген. Халықаралық, республикалық әртүрлі семинарға қатысып, тәжірибесі мол басқа бағбандармен дидарласып, арнайы кітаптар да оқыған. Оның Теректі ауылында орналасқан бау-бақшасы­ның көлемі бүгінде 38 гектарға жеткен. Жалпы, бір маусымда 100-120 тонна алма сатылымға шығады. Айтпақшы, биыл Жетісу өңірінде күтілетін жалпы өнім шамамен 20 мың тоннадан астам.

«Алдыңызға үлкен мақсат қойсаңыз болғаны, барлығына қол жеткізуге бола­ды. Оған қоса шыдамдылық пен табан­дылық, тағы да табандылық қажет. Сонда бәрі ойдағыдай болады», дейді әңгіменің әлқиссасында бағбан алмаларын аялап отырып. Бұл оның тәжірибеде сынал­ған және дәлелденген табысқа жетудің бірегей өмірлік формуласы. «Соны­мен қатар өңіріміздің табиғи-климаттық жағдайы бау-бақша шаруашылығын дамытуға, алма өсіруге қолайлы. Теңіз деңгейінен 900-1 200 метр биіктікте орналасқан мекен бау-бақша егуге таптырмас мүмкіндік. Тіпті суымыз да тау өзенінің каналдары мен құбырлары арқылы тартылыс күшімен ағып жатыр. Тек үлкен жұмысқа дайын болу керек. Адам бастапқыда оңай болмайтынын түсінуі шарт. «Жеміс піс, қолыма түс» деуден аулақ болыңыз. Әсіресе алғашқы үш-төрт жылда қарқынды терапия қажет. Біз осы кезеңде мемлекеттен субсидия алдық. Үкімет көмегін аямады. Ал егер осының бәріне шыдасаңыз 5 жылда кеткен шығыныңызды қайтарып аласыз. Енді мен гербицидтерге субсидия алғым келеді, өйткені олардың бағасы өсіп жатыр», дейді В.Савченко.

Ең бастысы, бағбан өзі өсірген жеміс­тердің экологиялық таза екенін мақтан тұтады: «Біз бау-бақшаларды қапта­ған құрттан және көбелектен жылына 2 рет қана жұмсақ режімде өңдейміз. Семинарлардың бірінде мамандар бізге жылына 15 ретке дейін өңдеу керек екенін айтты. Демек бұл алма қабығы кем дегенде 1 см қысқарып отырады деген сөз. Ендеше, алма қабығындағы сансыз дәрумендерге нұқсан келуі мүмкін ғой. Сондықтан мұны үнемі қадағалап отырамын», дейді бағбан өзі тістеп алған алманың бір бөлігін нұсқап. «Міне, алма тез қара­йып кетті. Бұл жақсы дегенді білді­реді. Дәрумендер бәрі орнында», деп түйіндейді сөзін.

Өз алдына жеке отбасы болған бағ­банның ұлдары ұлан-ғайыр баққа ұдайы қамқорлық жасап келеді. Олар үшін бұл – әкенің көзі. Тіпті немерелері де отба­сылық кәсіпті назардан тыс қал­дыр­майды. Оның үстіне, бүкіл әлемдегі тех­нология секілді, алма әлі де қолмен жина­лады. 5 адам тұрақты жұмыс істей­ді. Мау­сым кезінде жұмысшылар саны жиыр­маға дейін өседі. Барлығы – жер­гілік­ті ауыл тұрғындары. Шаруа иесі ауыл жұр­тын да жұмыспен қамтып отыр. Жас­тар оқуға керек құрал-жабдық­тарына тең­гені осын­да келіп, жұмыс істеп табады.

Қазір бағбан ұлдары барлық шаруада көмектеседі. Оларға әкенің айтқаны заң. Бау-бақшаның тәртібін үйренуден қашпайды, әрі ғаламтор арқылы танымын кеңейтіп, қолда бар мүмкіндіктің бәрін пайдаланады. Әу баста аталары Степан Савченко олардың жүрегіне бау-бақшаға деген сүйіспеншілік сепкен. Содан да баққа деген махаббаттары бөлек. Егде тартса да Владимир Алексееевич зейнетке шықты деп айтуға келмейді, бірақ денсаулығы бұрынғыдай емес. Балалары жансебіл жанды үнемі назарда ұстайды екен. «Савченко» шаруа қожалығы өні­­­мінің 20 пайызға жуығы Ресейге экс­­­­порт­­талса, қалғаны Талдықорған мен елі­­міздің түкпір-түкпіріне жаппай саты­луда.

«Менің сүйікті сортым – алматылық сенап. Қышқыл әрі қатты болғанымен, өте нәрлі жеміс. Піскен кезде құдды лак­пен боялғандай жарқырайды, бұл оның табиғи ерекшелігі. Оны ажырату оңай, жылтыраған шыныға ұқсайды. Одан бөлек, менің бақшамда Айдарет сортының ең үлкен алмалары бар», дейді бағбан бізге тағы бір жеміс ағашын мұқият көрсетіп.

Жалпы, бұл бақшада негізінен күз­дік сорттар өсіріледі. Оның бар­лығы ке­лесі маусымға дейін жақсы сақ­тала­ды. Сондай-ақ италиялық өндіріс­тің тоңа­зытқыш қондырғысымен жаб­дық­талған 75 тонналық жеміс қоймасы бар. Сақтау температурасы 0-ден +2 гра­дусқа дейін. Ең ғажабы, сақтау кезін­де алма мамыр-­маусым айына де­йін, яғни жаңа өнім ал­ған­ға дейін дәмін жоғалтпайды.

Молекулалық деңгейде дәлелдеген

Өмірін бау-бақша жұмысына арнаған майталман маман Владимир Савченко алма тарихы туралы айтудан жалықпайды. Жұмысына шексіз берілгені сонша, әр ағашқа баласындай қарайды. Бағбанмен әңгіме барысында біз де біраз ақпарат­қа қанықтық. Сиверс алма ағашының бар­лық алма ағаштарының бастаушысы бол­ғанына ғылым да иілді. «Савченко» бағында әлемге әйгілі алманың анасы саналатын Сиверс алма ағашының тамыры жетерлік. Бұл биік таулы жерлерде өсетін өздерінің төзімділігімен ерекше. Ежел­ден келе жатқан жеміске қарап, динозаврлар да Жетісудың гүлденген алма бағын тамашалап, піскен жемістерінен дәм татқан болуы мүмкін. Олай дейтін себебіміз, Оксфорд университетінің профессоры Бэрри Дженнифер барлық заманауи алма сортының отаны қазақ топырағы екенін молекулалық деңгейде дәлелдеген. Сиверс алмасы – қазақтың төл алмасы. Бізде бар апорт сорттары: алтын отель, гала, вердж смит, фуджи, қызғылт ханым, сал­та­нат, таң Алатауы. Қызығы сол, Алатау баура­йында өскен жабайы алма ағашы туралы алғашқы мәлімет 1796 жылғы Еркін экономикалық қоғамының тілшісі Сиверстің хаттарында кездеседі. Сон­дықтан соның құрметіне орай қазақ алмасы – «Сиверс» атанып кетті.

Іле және Жоңғар Алатауындағы Сиверс алма ағашын жүйелі зерттеуді ака­демик Аймақ Жанғалиев 1946 жы­лы бастаған. Ол өткен ғасырдың 60-жыл­­­­­дары Қазақстанның алма орман­дары­­­ның ерекшелігін ашып, олар­дың генофонының әлемдік маңы­зын белгі­леді. А.Жанғалиевтің «Қазақстан­ның жабайы алма ағашы» атты монография­сы ағылшын тіліне аударылып, 2003 жылы АҚШ-та басылып шықты. Қазақтың алма феноменін әлем осылай білді. Ака­демиктің экспедицияларына қатысқан америкалық және британдық ғалымдар жергілікті жабайы алма ағашы шынымен де Жер шарындағы барлық алма ағашының генетикалық негізі екенін растады. Міне, солай.

Айтпақшы, бағбан дәнді дақылдармен қатар құлпынай өсірумен де айналысады. Бүгінде құлпынай 3 гектар жерді алып жатыр. Егіс алқаптарына тамшы­латып ­суару жүйесі орнатылған. Бәрі-бәрі ғылыми технологияға негіз­дел­ген. Құлпынай же­місі қатар-қатары­мен, бұталары мамық төсеніштің үсті­не орналасқан. Мұнда негізінен голлан­диялық «Альбион» және түріктің «Че­зена» сорттары өсіріледі.

«Биыл 10 тонна құлпынай саттық. Көтерме базарда килосын 500 теңгеден сатамыз. Өкінішке қарай, қарлы қыс құл­пынайдың биылғы өнімділігіне теріс әсер етті. Қазір егін толық жиналды, суаруды, арамшөптерді тазалауды жал­ғастырамыз. Ақырындап келесі маусымға дайындалып жатырмыз», дейді шаруа иесі.

Жалпы, бүгінде Ескелді ауданын­да бау-бақша алқабы 600 гектарды алып жатыр, оның 500 гектарын алма ағаштары құрайды. Бау-бақша өсіруге маманданған 60-тан астам шаруа қо­жалығы аудан бо­йынша 2 мың тоннаға жуық, облыс бо­йынша 23 мыңға жуық өнім алуды көз­деп отыр. Осылайша, дәмді және пай­далы алманың тарихы жалғаса бермек.

 

Жетісу облысы