Ауыз су жағдайы – толғағы жеткен тақырып. Ал Алматы облысы сияқты нулы өлкеде су сапасы мен ылғал жетіспеушілігі туралы әңгіме қозғау тіптен ыңғайсыз болар еді. Алайда аймақта күйіп тұрған мәселе ретінде ауыз су тапшылығын айтпасқа тағы болмайды. Бұл жерде, әрине сапалы ауыз сумен қамтылу туралы сөз етіп отырмыз.
Дерекке сүйенсек, Алматы облысының аумағындағы елді мекен тұрғындарының 92,7 пайызы орталықтандырылған ауыз су желісімен қамтылған екен. Яғни өңірдегі 384 ірілі-уақты ауылдың арасынан 357 елді мекенге құбырдағы су барып тұр деген сөз. Ал 25 ауылдың тұрғындары күнделікті суды көшедегі сушүмектерден немесе арнайы құбыр басынан тасып ішеді, бұл жалпы көрсеткіштің 6,8 пайызы. Тек ауылға ауыз су тасымалданатын көрінеді. Әрине, есеп қуған адамға жоғарыдағы көрсеткіш ауыз толтырып мақтануға тұрарлық. Алайда жағдай шындығында олай емес сияқты.
– Облыстың елді мекендерін орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету бойынша жоғары көрсеткіштерге қарамастан, ауылдарда халықты ауыз сумен қамту 89,6 пайызды құрайды, яғни 1 290,1 мың адам сапалы ауыз сумен қамтылған деуге болады. Бірақ су құбыры құрылыстары мен желілерінің біраз бөлігі тозған. Облыстағы 357 елді мекеннің 158-інде ауыз сумен жабдықтау объектілері қайта жаңартуды және салуды талап етеді. Олардың алды 30 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп тұр. Қазір біз бұл мәселені шешудің жолын қарастырып жатырмыз. Биыл 9,5 млрд теңге қаржы бөлінген, оған 28 жоба іске асырылуда. Нәтижесінде, ұзындығы 534 шақырым су құбыры желілері жаңадан салынып, қайта жаңартылады. Осылайша, жылдың соңына қарай сумен жабдықтау желілерін салу және реконструкциялау есебінен желілердің тозуын 54,3 пайызға дейін төмендетпекпіз. Мұнан бөлек, биыл сумен жабдықтау жүйелерін қайта құру бойынша 66 жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, жобалау жұмыстарына облыстық бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржыға 2023-2024 жылдары аралығында құрылыс-монтаж жұмысын жүргізу жоспарланып отыр, – дейді Алматы облысының энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Б.Әбілқасымов.
Жалпы, облыстағы елді мекендердің сумен жабдықтау жүйелерін дамытуға қомақты қаржы жұмсалғанына қарамастан, жергілікті тұрғындар тарапынан арыз-шағым азаймай отыр. Мамандар оның себебін екі нәрседен іздейді: сапасыз құрылыс пен тиісінше қызмет көрсетпеу саланы артқа тартып отыр.
Ал ауылдардағы ауыз су жүйесінің нақты іске қосылмауынан тұрғындар әлі де зардап шегіп отыр. Кейбір аудандарда бұл мәселе 2014 жылдан бері жалғасуда. Мәселен, мердігер ұйымдардың жосықсыз жұмысының кесірінен аймақтағы 5 ауылда жалпы сомасы 1 726,5 млн теңге болатын су құбыры және кәріз желілерінің құрылысы толық аяқталмаған. Қазір Райымбек ауданындағы Қаратоған ауылы, Еңбекшіқазақ ауданындағы Ащысай және Қаракемер ауылдары, Іле ауданындағы Покровка ауылы мен Боралдай ауылы осы кепті киген. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарының сапасыз орындалуына және қолданылатын материалдардың сапасының төмендігіне байланысты Жамбыл ауданының Самсы ауылындағы, Талғар ауданының Нұра ауылындағы, Ұйғыр ауданының Шарын ауылындағы ауыз сумен жабдықтау жүйесінде жиі іркіліс орын алуда. Және мұндай келеңсіз жағдай жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу кезінде де болып тұрады. Яғни бөлінген қаражаттың толық игерілуіне қарамастан, жалпы сомасы 219,5 млн теңге жұмсалған 7 жоба бойынша мемлекеттік сараптама қорытындысы әлі берілмеген. Соның салдарынан Талғар ауданындағы Ақтас, Кеңдала, Белбұлақ, Тұздыбастау, Жаңаарна, Панфилов ауылдары мен Қонаев қаласына қарасты Заречное ауылының тұрғындары суға жарымай отыр. Сараптама қорытындысының дайын болмауына тиісті мамандардың жұмысты дұрыс ұйымдастырмауы себеп болыпты. Мысалға, Талғар ауданы бойынша 2014 жылдан бастап Ақтас, Кеңдала, Белбұлақ, Тұздыбастау ауылдарының кәріз жүйесін қайта құру және Жаңаарна, Панфилов ауылдарының сумен жабдықтау жүйелерін қайта құру бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жер учаскелерінің болмауына байланысты аяқталған. Демек ауылдарға су тартуға мүдделі болған әкімдіктер мен жұмысты қолға алған мердігерлер нақты нәтижеге емес, бюджет ақшасын игеруге қол жеткізуді ғана ойлаған болып отыр. Олардың алды сотталып та кетіпті. Атап айтқанда, Райымбек ауданының Қаратоған ауылына су тарту кезінде мемлекет қаржысын талан-таражға салған бас мердігер мекеменің директоры 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылған көрінеді. Өкінішке қарай, басқа ауылдардағы нысандар бойынша қатаң шара әлі қабылданбай, мемлекет пен халық алдындағы міндеттемесін орындамаған тұлғалар әлі тайраңдап жүргенге ұқсайды.
Айтпақшы, облыстың халықты ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету саласында 16 мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын жұмыс істейді. Яғни орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген 357 елді мекенге қызмет көрсетуге облыстың қауқары жетпейді деген сөз. Ал қалған ауылдардағы ауыз су желілері жеке адамдар мен компаниялардың қолында.
– Облысқа қарасты 18 елді мекенде қызмет көрсетуші кәсіпорындар жоқ, яғни ауданның осы елді мекендерінде сумен жабдықтау жүйелерін ауыл әкімдері немесе қажетті құрал және мамандармен қамтамасыз етілмеген жеке тұлғалар пайдаланады. Бұл сумен жабдықтау жүйелеріндегі апатты жағдайлардың жиілеп кетуіне әкелуде. Оның үстіне, бұл құбырлардағы судың сапасы әрдайым санитарлық нормаларға сәйкес келмейді және тұтынушылардың көптеген шағымын тудырып отыр. Былтырғы зерделеу қорытындысы бойынша Жамбыл ауданындағы 5 ауылдың, Қарасай ауданындағы 4 ауылдың, Талғар ауданындағы 5 ауылдың және Кеген ауданындағы 4 ауылдың ауыз сумен қамту желілері иесіз қалып отыр. Тиісінше, осы елді мекендердегі су нысандарының құқығын анықтайтын құжаты мен арнайы су пайдалануға рұқсат та жоқ болып тұр, – дейді облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Б.Әбілқасымов.
Алматы облысы