Ас атасы – нан. Обалды білмейтіндер осынау қағиданы ұмытып, нан және нан өнімдерінің қалдығын қоқысқа тастауды доғарар емес. Енді Атырауда оның қалдығынан жем дайындау қолға алынбақ.
Бұл жобаны жергілікті кәсіпкер Арман Сағынаев іске асыруды көздеп отыр. Қазір ол нан қалдықтарын жинауға арналған контейнер жасап шығарды. Мұнайлы шаһардағы Нұрсая, Авангард, Вокзал маңы аудандары мен Қ.Сәтбаев көшесіне осындай 50 контейнерді орнатты. Енді тағы да 200 контейнерді орнатуды көздеп отыр.
– Екі күн сайын контейнерден нан қалдығын жинап аламыз. Оны кептіріп, сұрыптап, арнайы цехқа жібереміз. Цехтағы жабдықта нан қалдықтарынан ірі қара мен ұсақ малға арналған түйіршіктелген жем дайындалады. Жем шаруа қожалықтары мен басқа да кәсіпкерлерге сатылады, – дейді Арман Сағынаев.
Кәсіпкердің бұл жобасына Атырау қалалық әкімдігі қолдау білдіріп отыр. Ол жобасын іске асыру үшін банктен несие алған. Бұрын қолданыста болған бөшкелерден контейнерді өзі жасап, жасыл түске бояған. Жобаның шығыны мен пайдасына қажетті жабдықтардың бағасына алдын ала зерттеу жүргізген.
– Қытай елінен жем дайындауға арналған құрал-жабдықты алдыруға тапсырыс бердім. Өңірдегі жемнің бағасына мониторинг жүргіздім. Бұл жобаны іске асыру арқылы бірнеше мақсатты көздедім. Біріншіден, қалдықты да кәдеге асыруға болатынына көз жеткізгім келді. Әсіресе нан қалдығының қоқыс алаңында жатуының алдын алу. Өйткені шаһар тұрғындары нан қалдығын қайда тапсырарын білмей, амалсыздан қоқысқа тастауға мәжбүр болады. Екіншіден, нан қалдығынан дайындалған жемнің бағасы қымбат емес, – дейді А.Сағынаев.
Атырау облысы