• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Білім 22 Тамыз, 2022

Үш ауысымда оқуға мәжбүр

238 рет
көрсетілді

Аз күннен соң есігін айқара ашатын білім ошақтары биылғы оқу жылына дайындықты толықтай аяқтады деуге болады. Осы қатарда Алматы облысының мектептері де бар. Бұйырса, өңірдегі 423 жалпы білім беретін мектеп пен 44 колледжде алғашқы қоңырау соғылмақ.

Облыстағы оқушы саны 330 мыңның үстінде екен. Ал 35 мың бала биыл тұңғыш рет мектеп табалдырығын атта­мақ. Дерекке жүгінсек, облыстағы бар­лық мектеп 100 пайыз компьютерлік тех­никамен жабдықталған және интернет желісіне қосылған. Сондай-ақ «Күнделік» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің қызметін 396 бі­лім беру ұйымы қолданады. Ал цифр­лық білім беру ресурстарына аймақтағы 385 мектеп қосылуға мүмкіндік алса, оның түгелге дерлігі BilimLand жүйесі­мен және бір мектеп Daryn.online.kz жүйесімен жұмыс істейді.

– Биыл аймақта 35 мың оқуышы мектеп табалдырығын бірінші рет аттағалы отыр. Қазір оқушыларды мектепке дайындау жұмысы қарқын алған. Ол жақын күндері толық аяқталады. Оның ішінде аз қамтылған отбасыдан шыққан 27 765 баланы тегін мектеп формасымен және кеңсе заттарымен қамтамасыз ету жос­парлануда. Бір балаға мектеп фор­масы мен кеңсе тауарларын 37 500 теңгеге алуға болады. Сондай-ақ «Мектепке жол» акциясы аясында балаларға 736 млн теңге көлемінде көмек көрсетілді. Оқулықтар сатып алу және кітап қорын жаңарту үшін 2,7 млрд теңге қаражат бөлінді, – дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова.

Алматы облысы еліміздегі үш ауы­сымда оқитын мектеп саны жөнінен алдыңғы орында. Қазір аймақтағы 54 білім ошағына бала сыймағандықтан, оқушылар үш ауысымға бөлініп оқуға мәжбүр. Жалпы, өңірде 54 үш ауысымды мектеп бар, Мектеп жетіспеушілігі, әсіресе Алматы қаласы маңындағы аудан­дарда қатты сезіліп отыр. Мысалға, Іле ауданында – 20, Қарасай ауданында – 12, Жамбыл ауданында – 10, Талғар ауданында – 6, Еңбекшіқазақ ауданында – 5 және Ұйғыр ауданында 1 мектепте орын жетіспеушілігі бар. Жалпы, аймақ бойынша 23,3 мың оқушыға орын саны жеткіліксіз. Сондай-ақ өңірге 467 педагог маман қажет. Оның ішінде Талғар ауданында – 133, Іле ауданында – 89, Еңбекшіқазақ ауданында – 67, Қарасай ауданында – 55, Жамбыл ауданында 40 мұғалімге сұраныс берілген.

– Облыста 21 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде, 20 мектептің он жетісі үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге бағытталған. Жыл соңына дейін 13 нысанды пайдалануға беру жоспарланған, оның ішінде Кеген ауданының Жалаңаш ауылындағы мектеп 1 қыркүйекке дейін пайдалануға беріледі. Осы мақсатта бөлінген 39 млрд теңге қаржының 5,2 млрд тең­ге­сі игерілді немесе көрсеткіші 13,3 пайыз­ды құраған. Жаңа оқу жылында 1 300 орындық 2 мектеп, сондай-ақ 250 орындық 2 жекеменшік мектеп қолданысқа беріледі. Қалған он мектеп жыл соңына дейін оқушыларға есігін айқара ашпақ. Мұнан бөлек, 18 білім беру нысанына 8,7 млрд теңгеге күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Оның үшеуінде жөндеу жұмыстары аяқталды, – дейді облыстық білім басқармасы бас­шысының орынбасары Гүлсара Исағұлова.

Күрделі жөндеу жұмысы аяқталған білім ошағының бірі – Кеген ауданы, Жалаңаш ауылындағы Ж.Ермегияев атындағы орта мектеп. Қазір 940 ба­ла­ға арналған мектепте 245 оқушы білім алады екен. Жақында Кеген ауда­­нының әкімі Талғат Байеділов осы білім шаңырағының бос тұрған сынып бөлмелерінің негізінде физика-математика бағытындағы лицей ашуды ұсынған болатын. Бұл ұсыныс облыс­тан қолдау тапқан, яғни енді ауыл балалары тереңдетілген білім алатын күн алыс емес.

 

Алматы облысы