29 тамыз бен 11 қыркүйек аралығында Нью-Йоркте АҚШ-тың ашық біріншілігі басталады. «Үлкен дулыға» санатындағы бұл турнирге әлемнің барлық мықты теннисшісі қатысады деп күтілуде. Солардың арасында АТР мен WTA рейтингтерінде үздік бестіктің қатарында жүрген Даниил Медведев (Ресей), Александр Зверев (Германия), Рафаэль Надаль мен Карлос Алькарас (Испания), Новак Джокович (Сербия), Ига Швентек (Польша), Анетт Контавейт (Эстония), Мария Саккари (Грекия), Паула Бадоса (Испания) және Онс Жабер (Мысыр) сынды мықты ойыншылар да бар.
US open турнирінің 141 жылдық тарихы бар. Алғашқы біріншілік сонау 1881 жылы ұйымдастырылған болатын. Ол кездері ерлер сайысында Ричард Сирсқа тең келер ешкім табылмады. Бостон қаласының тумасы қатарынан жеті жарыста бас жүлдені қанжығасына байлады. ХХ ғасыр табалдырықтан аттаған тұста Уильям Ларнедтің тасы өрге домалады. Нью-Джерсиде дүниеге келген саңлақ жеті додада дара шықты. Жиырмасыншы жылдары Билл Тилденнің қарқыны өте күшті болды. Филадельфияның төл тумасы Ларнедтің жетістігін қайталады. 1926 жылы аталған жарыста алғаш рет шетелдік ойыншы жеңіс тойын тойлады. Ол Францияның аты аңызға айналған азаматы Рене Лакост еді. Келесі маусымда ол өзінің көрсеткішін қайталаса, 1928 жылы дәл сол мемлекеттің өкілі Анри Коше қарсылас шақ келтірмеді.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдары АҚШ-тың қос мақтанышы – Джимми Коннорс пен Джон Макинройдың мерейлері үстем болды. Алғашқысы – бес, екіншісі – төрт рет теңдессіз деп танылды. Ғасырлар тоғысында Америкада тұрып жатқан грекиялық Пит Сампрас алдына жан салмады. Ол бес жарыста топ жарды. 2004-2008 жылдары швейцариялық Роджер Федерер қатарынан бес турнирде қарсылас шыдатпады. Былтырғы додада бұл күндері әлемдік рейтингте көш бастап тұрған ресейлік Даниил Медведев жеңіске жетті. Финалда ол Сербияның саңлағы Новак Джоковичті сан соқтырды.
Әйелдер арасындағы бәсекелерде ХХ ғасырдың басында норвегиялық Молла Бьюрштедтің бақ жұлдызы жарқырай жанды. Скандинавия түбегінің теннисшісі сегіз жарыста алдына жан салмады. Көп ұзамай америкалық Хелен Уиллз-Муди жеті жеңіспен тоқтады. Оның отандасы Крис Эверт 1975-1982 жылдар аралығында алты додада дара шықты. ХХІ ғасырда Серена Уильямс шашасына шаң жұқтырмады. Нью-Йорктегі бәсекеде АҚШ-тың әйгілі ойыншысының алты мәрте мерейі үстем болды. Былтыр өткен жарыста Эмма Радуканудың тегеурініне ешкім шыдай алмады. 18 жастағы Ұлыбритания өкілі ақтық сайыста өзінің құрбысы, канадалық Лейла Фернандестен басым түсті.
Қазақстанның теннисшілері арасынан АҚШ-тың ашық біріншілігінде ең тәуір көрсеткішке Юлия Путинцева қол жеткізді. Осыдан екі жыл бұрын ол ширек финалға дейін жетті. 2016 жылы Ярослава Шведова төртінші кезеңде сүрінді. Ал 2013-2020 жылдар аралығында Михаил Кукушкин бес рет үшінші айналымнан аса алмады. 2014 жылы Зарина Диас, 2019 жылы Александр Бублик және 2021 жылы Елена Рыбакина дәл сол межеге келіп тоқтады. Иә, жекелеген сайыста жолымыз оңғарылмағанымен, жұптық бәсекеде бағымыздың жанғаны жанкүйерлердің жадында. Сонау 2010 жылы америкалық Ваня Кингпен жұп құраған Шведова US open додасында бас жүлдені олжалады. Бұл қазақстандық теннисшілердің «Үлкен дулыға» санатындағы турнирлердегі алғашқы жеңісі еді.
«Үлкен дулыға» санатына енген жарыстардың жүлде қоры да мол болатыны мәлім. АҚШ-тың ашық біріншілігіне қатысқан ойыншылардың материалдық жағдайларын жақсартуға мүмкіндіктері зор. Биыл аталған доданың жүлде қоры 60 миллион долларды құрап отыр. Тарқатып айтсақ, ерлер мен әйелдер арасындағы бәсекеде бас жүлдені олжалаған ойыншы 2,6 миллион долларды иемденеді. Ақтық сында жеңілгендерге сол соманың тең жартысы беріледі. Жартылай финалға дейін жеткендердің есепшотына
705 000 аударылса, ширек финалға шыққандар
445 000-ды еншілейді. Төртінші кезеңде ойнағандар 278 000-ды иеленсе, үшінші айналымда сүрінгендер 188 000-ға иелік етеді. Екінші кезеңде ұтылғандар 121 000-ды қалтаға басады. Тіпті, тұсаукесер кездесуінде жеңілістің кермек дәмін татқандар да құрқол қайтпайды. Осы біріншілікке қатысқаныңыз үшін ғана 80 000 долларды қалтаңызға басасыз. Міне, сол себепті де Нью-Йорктегі турнирде бақ сынауға барлық теннисші ниет етіп отыр.