• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Тамыз, 2022

Такси тізгіндеген күн

1846 рет
көрсетілді

Астымдағы «Аққасқамды» (кө­лі­­гімді солай атаймын – авт.) автожуу орталығынан алып шы­­ғып, Gasenergy жанармай бе­­ке­­тіне беттеп барамын. Бүгін біз­ді үлкен жұмыс күтіп тұр. Таксист боламыз. «Такси аламыз, такси аламыз» деп емес, Indriver қосымшасы арқылы. Өйт­кені қазір «пятактың» күні өтіп, телефондағы түрлі так­си қыз­метінің дәуірі дүбір­леген. Қа­ра­ғандыдағы бел­гі­лі «Ян­декс такси», Taxi region сынды так­со­парктерді таңда­ма­ғаны­мыздың себебі – оларға тір­ке­лу артық уақытты алады, көп жұ­мысты талап етеді. Әлем бо­йын­ша 100 млн адам қол­да­натын Indriver-ге тір­келдік. Мақ­сатымыз таксист кей­піне еніп, елмен етене әңгі­ме­лесу еді…

Қазақ тілі қайда?

Көлігімді майлап-сулап алған соң әлгі қосымшаға кірдім. Өзімше ойлаған едім: «бәрі лезде ғой» деп. Құ­жаттарымды түгендеп алып, тіркей бас­тадым. Әуелі жеке куәлігімді, жүр­гізуші куәлігімді және көлік құ­жа­­тын суретке түсіріп алып, жүкте­дім. Одан соң көлікті де шырт еткізіп, онлайн-тіркелімнің шешімін күттім. Қайта-қайта телміремін телефоныма. «Мұнысын білгенде күні бұрын тіркелу керек еді», деп отырмын. Алтын уақытым-ай, ә? Қаланы екі-үш айналып, 5-6 мың теңге жасап алатын едім ендігі. «Таксист үшін маңыздысы да осы – уақыт па?», дедім. Тексерістің ұзаққа созылатын түрі бар.

Indriver қосымшасы біздің елде кеңінен тараса да, әлі мемлекеттік тілге мұрнын шүйіріп келеді екен. Тіл таңдау тізімінде қазақ тілі жоқ, сол қын­жылтты. Әйтпесе, такси қыз­ме­ті­нің түрлі нұсқасы бар (қала­аралық және қалаішілік такси, жеткізу, жүк тасымалдау) бұл қо­сым­­шаны қазақ­стан­дықтардың дені қолданады. Ар­тықшылығы сол, таксиске баға­ңыз­ды өзіңіз ұсынасыз. Дәстүрлі такси қызметіне қарағанда, ақша­ңыз­ды 30-50%-ға дейін үнемдейсіз. Ұтымдысы осы.

Бәсекелестіктің бәсін қыздырған таксидің бұл қызметі дәстүрлі так­сис­тердің ашуына тиген-тін. Ал­ғаш Қарағандыға ене бастағанда да, жолаушыларға таласып, талай жаға жыр­тысқанын да білеміз жүр­гі­зу­ші­лер­дің. Әлеуметтік желіден.

Төрт сағаттан соң барып, әлгі он­лайн-тіркелімнен хат келді. Келісім беріпті. Одан кейін видеодан қалай қолдану керегін толық түсіндіреді. Соған мұқият назар аударып алдым да, алғашқы жолаушымды іздей бас­та­дым. Айтпақшы, индрайвердегі жеке шотыма ақша аударуды ұмытып барамын. Онсыз аттап баса алмайды екенмін. Kaspi.kz-тен теңгерімімді толтырып алдым. Әзірге 500 теңге салдым. Орындаған әр тапсырысымның 2,5 пайызын комиссияға ұстау үшін ғой. Былайша айтқанда, индрайвердің салығы.

Алғашқы жолаушымды «45-ші орам» аялдамасынан алдым…

– Аман ба, балам? Бізді Степной-1, 5-ші үйге жеткізіп сала ғой.

– Әрине, аға. Әңгіме айтсаңыз, лезде жетеміз.

– Әңгіме сол, қалаға келгеніме үш жыл болды. «Қазақмыста» қызмет етеміз көз ашқалы. Отбасымызбен өндіріс саласындамыз. Тәубе!

– Тамаша ғой, айлықтарыңызды өсірген шығар?..

– Айлық 30 пайызға өсті, сосын жыл сайын ем-домға 500 мың теңге қарастырылып жатыр. Бір жақсысы, мұның игілігін отбасы мүшелері толық көре алады. Қаңтар оқиғасынан соң ғой. Жақында Ақтөбеге барып келдім жаназаға. Ақтаулық жолдасым айта­ды: «Бізде газ бағасы – 45 теңгеге, нан – 75, ал бензин 158 теңгеге дейін ар­зандады. Ал сендерде газды 75 теңгеге, бензинді 182 теңгеге ғана төмендетіпті», деп…

Әлгі ағамды мекенжайына жет­кіз­ген соң, қызметімді әрі қарай жалғас­тыр­­дым. Индрайвер сізге жақын ма­ңайдағы тапсырысты көрсетеді. Со­ны­сы да жақсы. «Политех» жаққа қарай жолаушы тұр. Ша­масы студент болса керек. Ұсынып тұрған бағасы арзандау. Ал барар жер әжептәуір қашық. Студентпен де аз-кем әңгімелесейік дедік.

– Жұмыс қарап жүрмін. Әйтпесе, 30 мың теңге шәкіртақым жетпейді. Бір жерге күзетші болсам да, жүріс-тұрысыма, киім-кешегіме ақша тапсам деймін. Қаңтар оқиғасынан соң шәкіртақыны да көтереді деп жатыр ғой. Жақсы болар еді…

– Оқу қалай, қиын ба?

– Оқысаң оңай. Өзіміз ғой қиын­да­та­тын. Бірақ бізде сессияны ақшамен шешу жоқ екен.

Базар маңайынан бір апаны алдым. Апам да саясатты соқты. Ұрда-жық кісі. Бәлен жыл саудамен айналысып ке­леді екен.

– Бізге бағаны өсірмеңдер дейді. Әуелі тыятын болса, делдалдарды, содан соң жалға беретін нысан иелерін тыйсын. Біздің қосатынымыз тиын ғана. Әлдері бізге ғана келеді. Бізді өзіміз өндіріп, өзіміз сатып жатқандай көреді-ау деймін. Қызық осылар, – деді де бұртиған қалпы қабағын бір ашпады үйіне дейін. Шамасы, бүгінгі табысы көңілін көншітпеген-ау…

Қаңтар оқиғасы, билік, нарық – бәрі де сөз болды. Көліктің ішкі салоны саясат алаңына айналып үлгерді…

Түнде түрлі адам кезігеді

Қас қарайды. Бұқар жырау даңғы­лын­дағы көлік кептелісі де азайған. Kaspi.kz қосымшамдағы табысыма қарап, марқайып қоямын. Тәубе, 4 мың теңге. Кофе ішіп, көңіл бөліп, бөгеле тұ­райын. Әйтпесе, әрлі-берлі жүре беру басқаларын білмеймін, өзімнің жүйкеме әсер ете бастады.

Кешкілік такси қызметіне жүгіну­ші­лер азаяды екен. Жұмыстан үйіне қай­татындар жетіп алғаннан соң шығар, бәлки. Енді қонаққа, отырысқа баратындары болмаса. Иә, жастардың жортатын уақыты-ау…

Айтқандай, үш қазақ жігіті мін­ді. Жастары 25-30 шамасында. Құры­лыс­шылар көшесінен алдым. Бірақ әлгі жігіттердің аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығады. Бір-бірін келемеждеп, жас­тарына жарасымды қылық көрсетіп отырған жоқ. Сап-сау. Тек, балағат сөздері берекемді алды. Сырт­тан, тіпті ерсі көрінеді екен. Май­құдықтағы Loto-клубтың біріне түсі­ріп кеттім. Түсір­генше асық болдым. Таксистерге төзім керек екен…

Жолаушы Юлия ханыммен емен-жарқын әңгімелесе кеттік. Ол кісіні Май­құдықтан алып, қалаға жеткізіп салдым. Құрбысының туған күніне бара жатыр екен.

– Қазақшаңыз қалай?

– Казакша тусинемин. Но, разговоривать не умею, – деп жымияды.

– Қазақ жігітіне шығар ма едіңіз тұрмысқа?

– Да, конечно. Если, я полюблю его, то готова ко всему ради него.

– Тогда, дождитесь ақбоз атты ханзаданы.

Күлім қағады. Әңгімеміз осы жерден үзілді. Жүргізушімін ғой. Мазасын алмайын…

Екі жігітті Майқұдықтың түбіне апа­рып тастау керек болды. Неге еке­нін, әлгі екеуінің жүрісі суыт се­зіл­ді. Үндемейді де. Бірі – қазақ, екін­шісі – орыс. Және де екеуі артқы салонға жай­ғас­ты. Келе жатырмын. Ептеп кү­мә­нім де бар. Өйткені бірден: «Бізде тұтас 10 мың теңге», деді. Ал үйіне тақалып қалғанда каспи нөмірімді сұрады. Өз­де­рі шатысып отыр сөздерінен. Айнаға қарасам, көздері шаршаңқы және қызарып тұр. Бірден түсіне қой­дым. Ал егер алда-жалда айқаса кет­сем, қорғанар түгім де жоқ. Не бол­са да, бара көрейін дедім. Келіп тоқ­тадық. Қа­зақ жігіт қасындағысын жұм­сап жі­берді үйге. «Мен күте тұра­мын. Алып шық ақшаны», деді. Мен де айнаға көз салып, қамданып отырмын. 10 минуттан аса уақыт өтті. Ал әлгім бір көзін жұмып, бір көзін ашып ұйқысырағансып отыр.

– Бауырым, досың бөгелді ғой. Сен демала бер, ертең аударарсың ақ­ша­сын, – дедім бір уақытта.

Соны күтіп отыр екен. Қуана кетті. Мен ақырын кері бұрылдым да, әлгі жігіт­тің ізіне түстім. Ол мен әкел­ген үйге кірмеді. Айлаға басып, басқа көрші үйдің ауласына түсіп қал­мақшы болыпты. Көлігімнің жары­ғын жақтым да, тұра кеп қудым. Көлігімнен түстім де: «Бауырым, мұның орынсыз қылық. Кісі ақысын жеу – жақсы нәрсе емес», де­дім де тарта жөнелдім. Бар болғаны – басын изеп қалды.

Бәсе, қазір көп таксист жолақысын алдын ала төлеуді өтінеді. Оған көлік­сіз жүрген өткен екі айда көзім жетті. Және таксист болу үшін өжеттіліктің қажет екенін ұқтық. Өйткені түнде түр­лі адам кезігеді. Барынша сақтықты қажет етеді.

Тапқаным – 9 800 теңге

Сонымен қалтама қарап қояйын. Табысым – 9 800 теңге. Бағана 4 мың теңгеге бензин құйып алған едім. Сонда алты мың теңгедей тауыппын. Ал­ғашқы күнге жаман емес сияқты. «Жұмыстан соң екінші кәсіпке айналдырса қалай болар екен?», деген ой да қылаң бергені.

Жалпы, қызықты екен. Жұртпен әңгі­мелесесің. Пікір алмасасың. Және табысы да жаман емес екен. Көлі­гі барлар үшін мүмкіндік боп тұр. Бен­зинің­ді, сайманыңды осымен де айы­рып жүруге болатын сияқты. «Аспан­нан ақша түс», деп күтіп жатқаннан гөрі.

Таныстарымның көбі кешкілік так­сист болады. Өзінің жұмысындағы айлығынан көп табыс табатындары да бар. Ал бел шеше кіріскендер айы­на 300-500 мың теңгеге дейін пайда көреді екен.

Естеріңізде болар, төтенше жағ­дай жарияланғанда қоғамдық көлік, темір жол және әуе қатынасы біраз уа­қытқа дейін өз жұмысын тоқтатқан еді. Міне, сол сәтте «көлігі барлардың» дә­уірі бас­талды. Жұмыстан қысқар­ған­дар не кө­лік алып, не бар көлігін мініп, таксилетуге көшті. Бұл әдіс көптің қо­лайына да сай келді. Өйткені қала арасында жүретін өзге көлік құралы жоқ, бағаны да өздігінше бекіте алды.

Сонымен қазір Indriver-ден бө­лек, «Яндекс такси», «Бауырсақ», Taxi region сынды такси парктерінің дәуі­рі жүріп-ақ тұр. Айтпақшы, күніне 10-12 мың теңгеге көлікті жалға алып, так­си­­ле­тетін жүргізушілер де бар­шы­лық. Олар таңнан кешке дейін, үздіксіз тер төгіп, табыс табады. Бала-шағасын со­нымен асырайды. Жаны сірі деген осы-ау. Иә, еңбексіз ештеңе келмейді де, өнбейді де…

Жур­налистиканың жампозы мар­құм Нұртілеу Иманғалиұлы тоқсанын­шы жыл­дардың орта тұсында телеви­зия­­дан көрінбей кетіпті. Тоқырау ке­зе­ңінде бала-шағасының қамы үшін так­сист те болыпты.

Ал елдің жүрегінде қалған Бейсен Құ­ранбек алты күн журналист болып қыз­мет етсе, жетінші күні көлігімен көше­дегі жолаушыларды діттеген жеріне тегін жеткізіп салатын көрінеді. Осыны дәстүрге айналдырып алыпты. Ала­тын ақысы – елдің ақ батасы.

Және де фейсбуктен журналист Серік Абас-шахтың таксистер туралы жазбаларын оқып тұрамын. Ал қарағандылық блогер Айсұлтан Жақып та таксист болып, ондағы қызықты оқи­ғаларын, әсерлі әңгімелерін жиі жария­лай­ды. Жалпы, тартымды тақырып.

…Біз де тілшілік қызметті бір күнге доғара тұрып, таксиді тізгіндедік. Күн­де­лік­ті болмаса да арагідік шығып тұр­са, екінші жұмыс қарастырып та ке­рек емес сияқты…

«Үйге қайтам, сағындым мен, береке толы үй ішін». Авторадиодан осын­дай өлең жолдары бар әсем ән беріліп жатты...

 

Қасымхан ҒАЛЫМ,

журналист

 

Қарағанды облысы