Бала күнгі оқыған бір ертегі ойға оралады. Бір күні Жел мен Күн кездесіп, кімнің күшті екенін дәлелдегісі келеді. Жел өзінің қуатты екенін айтып мақтанады. Күн де қалыс қалмайды. Ұзақ уақытқа созылған дау арасында жолда кетіп бара жатқан бір жолаушы назарларына ілігеді.
Сонда жел долданып, «қазір мен жолаушының шапанын жұлып алып, күшті екенімді көрсетемін» – дейді паңдана. Бұдан соң алақұйын ызғарын жібереді. Жолаушы кісі тоңдырарлық ызғарды сезінген сайын қорғана, қымтана түседі. Бар күшімен оранып, шапанын мықтап бүркеніп алады. Жүзі ренішке толып, маңдай тамыры білеуленеді. Ізін ала күннің кезегі келіп, рахымды күн мейірлі нұрын жіберіп жылыта бастайды. Жолаушы жағасын түсіріп, белбеуін шешеді. Ызғар қамаған бойы жылынған соң көңілі көтеріліп, қуанышқа бөленеді, шапанын да шешеді. Сонда Күн Желге: «көрдің бе, қиянат жасаудан гөрі мейірімділік пен сүйіспеншілік арқылы көп нәрсеге жетуге болады. Жүрек күшінен артық ешнәрсе жоқ», дейді.
Иә, дүниеде әр нәрсені күш арқылы алуға болар, бірақ қылыштан тән бойсұнуы мүмкін, жан бойсұнбайды. Егер адам қалауы тәнге бағытталса, онда күрделенеді. Інжілде: «Барлық қателіктің басы – дүниеге құмарту» дейді. Ал Толстой «Тән үшін сүрген өмір азап шектіреді» дейді. Ертегідегі жел өз мақсатына жеткен күнде де, одан ешқандай эстетикалық ләззат өрбімес еді. Қатыгездік соңынан өзіндей қатыгездікті ғана ертеді. Әдебиеттегі жақсы мен жаман кейіпкердің бейнесі балаларды үлкен өмірге дайындайтын қайталанбас құрал. Лұқпан хәкім: «Жақсылықты жаманнан үйрендім, әр ісінен жиреніп отырдым» дегеніндей, ертегі мен аңыз-дастандарды оқыған көкөрім балалар зұлымдықтан бой тартуды, әділетті сүюді үйренеді. Байронның «Қабылында» Адаматаның тілімен қызықты ой айтылады. Қабыл әкесінен Құдай әділетті болса, зұлымдықты неге жаратады дегенде, Адамата зұлымдық арқылы ізгілік көрінетінін баян етеді. Егер жамандық болмаса жақсылықтың қыры ашылмас еді дейді.
Қазақ жыр-дастандарындағы жағымсыз бейне көбіне мыстан кемпірге бұйырады. «Мұңлық-Зарлық» дастанында Ханшайым сұлуға қиянат қылмақ болған алпыс әйел мыстан кемпірге алтын беріп, Ханшайымның егіз ұлын алып, орнына екі күшікті қойдырады. Жар басына барып екі баланы құндағымен өзенге лақтырар алдында, мыстан «Мені құртқан адамдар!» дейді. Тіпті мыстан кемпірдің өзін аса жауыз емес, аздап мейірімді, сөзге алданғыш, аңқау етіп суреттейді. Кейбір шығармалар сюжетінің соңында жауыз кейіпкер де ізгі адамға айналады. Бірақ қазақ ауыз әдебиетінде мұндай көрініс көп емес. Жауыздықты аямай шенеп, жан төзгісіз кейіпте жазалап отырады. Мәселен, «Алпамыс батыр» жырындағы әкесі мен анасына қысас қылып, әйелін күңі еткен Ұлтан ханды батыр соңында сарсаңға салады.
«Тышқан алған мысықтай
Тамашасын көреді.
Домалатып ойнайды,
Үйге әпкеліп байлайды.
Тірідей терісін сояды,
Майын ит жеп тояды.
Тез өлтірмей Ұлтанды,
Қорлықпенен өлтірді».
«Серт бұзғанның орны шоқ» дегендей, қазақ жырларында тексіздікке, жауыздыққа, қорқақтыққа орын жоқ. Орын тапқан адамды дүйім жұртқа масқара етіп, тәлкекке салып отырады. Осылайша, ізгі жолды мұрат-мақсатына жеткізіп, надандықты түпсіз ұйыққа батырады.
Шекспирдің «Гамлетінде» корольдің інісінің әділетсіздігін шенеу үшін театр сахнасына оның аяр ісін қояды. Қиянатқа толы әрекетін сахнадан көрген жаңа король бет-жүзі қызарып, қысылып сала береді. Пьеса соңында ызаға булыққан Гамлет у жағылған қылышымен корольді түйреп мерт етеді. Шекспир пьесаларындағы жауыздық бейнесі тым күңгірт, қою қарасұр түсте көрініс табады. Жақсы кейіпкер болса аспанға көтеріліп, жаман кейіпкерді жеті қат жердің астына тығардай зілді сөзбен шенеп отырады.
Жел мен күн жайлы ертегіден туған маздақ ой осы, қадірлі оқырман.