Әдебиетте бейнесі аңызға айналған ақындардың бірі – Ахматова. Оның портретін небір шебер суретшілер салды. Мәселен, Амедео Модильяни, Кузьма Петров-Водкин, Иосиф Бродский, Алексей Баталов. Әр портреттегі ақынның тұлғасы, көңіл күйі, шығармашылығы – бәрі-бәрі ақынның өмір жолынан сыр шертеді. Өнертанушылардың айтуынша, «Ахматованың портреттерінде ондаған сыншының кітаптарына қарағанда әлдеқайда көп шындық бар».
Ахматованың сурет өнеріндегі бейнесінде Модильяни қаламының бояуы ерекше байқалады. 1911 жыл. Жас ақын Анна Ахматова күйеуі Николай Гумилевпен бірге Парижге келеді. Богемалық жұртшылыққа кеңінен танымал «Ротонда» кафесінде ол итальяндық суретші Амедео Модильянимен танысады. Кездесуден ерекше әсер алған суретші Ахматованың портретін жадында сақталған бейнесі арқылы салады. Бұл туралы ақын: «Арамызда болған жағдай оның – өте қысқа, ал менің – өте ұзақ ғұмырымның қайнар-бастауы еді. Өнердің шарпыған ыстық демі екеумізді де өзгерте қоймағандықтан, бұл жарқын, елең-алаң сәт іспетті болатын», деп жазады.
Алайда кейін Модильянидің барлық суреті революция кезінде ақынның Царское селодағы үйінде өрт кезінде жанып кетеді. Тек өзіне аса қымбат – Ахматованың «Түндер» аллегориялық мүсіні түрінде бейнеленген суреті ғана сақталып қалған.
Дәл осы портрет туралы жазушы-тарихшы Николай Харджиев былай дейді: «Ахматованың образы XVI ғасырдың ең әйгілі сәулеттік-мүсіндік туындыларының бірімен үндеседі. Мен бұл жерде Микеланджелоның ең ауқымды және сырға толы әйел образдарының бірі – Джулиано Медичи саркофагының қақпағындағы «Түндер» аллегориялық мүсінін айтып отырмын. Модильяни суретінің композициялық құрылымы өз бастауын сол «Түндерден» алады».
Ақынның бұдан кейінгі портреті 1914 жылы – Ахматованың танылуына жол ашқан екінші жинағы – «Таспиқ» жарық көрген тұста салынды. Суретші – Натан Альтман. Автор ақынды замандас достарының білетін бейнесімен салды. Мұндағы Ахматова – тәкаппар һәм әлсіз. Альтманмен бір мезгілде ақынның суретін Ольга Делла-Вос-Кардовская да салған деседі. Суретшінің қызы Екатерина естелігінде осы екі картинаны салыстырады: «Көркемөнер тұрғысынан алғанда, менің анам салған портрет өзіме қанша ұнаса да, ақын достары мен табынушылары білетін Ахматова бұл портретте емес, Альтманның туындысында дәл берілген деп санаймын».
Келесі портрет – «Мұңды сұлу». 1921 жылы Ахматова Петроградта, күйеуі Владимир Шилейкомен (олар 1918 жылы, Ахматова мен Гумилев ажырасқан жылы үйленді) тұрып жатты. Ақынның достары Борис Анреп пен Ольга Глебова-Судейкина шетелге қоныс аударған болатын. Ал Ахматова кеңестік Ресейде қалып, өзгерістер мен жақын адамдарымен айырылысудың ауыр кезеңін бастан кешіп жүрді. Петроградтағы Кирочная көшесіндегі үйде оның суретін Юрий Анненков салды. Ол Ахматованы ауыр ойлардан арылтуға тырысты. «Момын тұтқындай көрінетін мұңды сұлу, әсем ақсүйекше сәнді көйлек жасанған! …Ахматова маған суретін асқан шыдаммен, сол қолын кеудесіне қойып тұрып салдырды. Сеанс кезінде біз түрлі тақырыпта сұхбаттасып, майда-шүйдені әңгіме қылдық», деп жазады суретші.
Бір жыл өтер-өтпестен ақынның «Рухани портреті» салынды. Қалам иесі – Петров-Водкин. Бұл сурет 1922 жылы – Ахматованың өміріндегі қайғылы кезеңде салынды: бірінші күйеуі Николай Гумилев атылды, өзінің ұстазы Александр Блок өмірден өтті. Осы кезде Ахматованың екі жинағы – «Подорожник» пен Anno Domini MCMXXI жарық көрді. Оған екі ақынға арналған өлеңдер енді.
«Қара періште». Бұл – Тыр-саның портреті. 1928 жылы Ахматованың шығармаларын жариялау мүлдем доғарылған еді. «Мәскеудегі кештерімнен соң (1924 жылдың көктемі) менің әдеби қызметімді тоқтату туралы қаулы шықты. Мені журналдар мен альманахтарға жарияламады, әдеби кештерге шақыруды қойды».
Осы кезеңде суретші Николай Тырса ерекше материалдар – акварель мен керосин шамы күйесінің қоспасын пайдаланып, Ахматованың үш портретін салды. Суретшінің бұл туындыларынан Осип Мандельштам ерекше әсерленді.
1939 жылы Анна Ахматова тым аз жазып, көбіне аудармамен, Пушкиннің шығармашылығын зерттеумен шұғылданды. Оның ұлы Лев Гумилев лагерьлерде жазасын өтеп жүрсе, досы Осип Мандельштам лагерьде қайтыс болды. Жалпы, ақын өзінің портретін салу туралы ұсыныстарды жиі алатын. Ол «бұл тақырып кескіндеме мен графикада маңызын жойған» дегенді жиі айтса да, «Бубновый валет» тобының бұрынғы мүшесі Александр Осмёркинге салуға рұқсатын берді. Суретші 1939 жылдың 21 маусымында мынадай жазба қалдырады: «Анна Андреевнаның үйіне күнде барып, оны ақ түндегі шереметьевтік жөке ағаштарының аясында ақ көйлек киіп отырған күйінде салып жүрмін. Сеансты 11-де бастап, көпірлерге үлгеру үшін 2-де аяқтаймын». Ақын портретке арнап арнайы ақ көйлекке тапсырыс берді, бірақ оны тігіп үлгермеді. Сондықтан көйлекті жалға алып киген. Осмёркин бұл портретін «Ақ көйлекпен ақ түнде» деп атады.
Ақынның аңызға айналған портреттері бұдан кейін де жазылды. Мәселен, 1946 жылы Сарьянның қаламынан шыққан «Идеядан жұрдай бос поэзия» өкілі». Ал Ахматованың ең соңғы портреттерінің бірін Моисей Лянглебен 1964 жылы салды.