• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Сұхбат 26 Тамыз, 2022

Ғали Мырзашев: Анимация өнерінде кәсіби сыншы, білікті продюсер жоқ

485 рет
көрсетілді

– Ғали Қасымханұлы, кине­матографияға келген әрбір ре­жиссер жаңа мекен тапқан Ко­лумб іспетті, көрерменге ұсын­ған әр фильмі арқылы тың ой, жа­ңалық жеткізуді көздейді. Ұлт­­­тық анимация өнерінде елең ет­­­кі­зетін кейіпкер сиректеу кө­рі­ніс табады. Дәл қазір анима­ция сала­сы не нәрсеге сусап отыр?

– Аталған саланың іргетасы берік қаланғанымен, әлі де болса инвесторларға мұқтаж болып, даму сатысында жүргендіктен анимациямен айналысатын өзім жаңалық әкеле қоюды мақсат тұт­қан емеспін. Қыздарым балалық шағын «Никелодеонмен» өткізді. Олардың ертелі-кеш «Никелодеон» қызықтарының шырмауынан шыға алмай, теледидарға тел­мі­ріп отыратынына қарап, өзіме сұ­рақ қойдым: «Никелодеон» олар­ға неге қызық, біздің мульт­фильмдер неге қызық емес?» Зерттедім. Сөйт­сем «Никелодеон» мульт­фильм­де­ріндегі оқиғаның бәрі күнделікті тұр­мыс­тық қарым-қаты­насқа, әке-шеше, бала-шағаның үйдегі әңгі­месі мен түздегі іс-әре­кетіне, олар­­дың қарапайым мәсе­леде бір-бі­рімен қызықты диалог құ­руы­на, бала үшін маңызды әл­дебір проблеманы қозғауға құ­ры­лады екен. Ал біз, қазақ анима­торлары, ересектерге арналған көркем туындының шартымен бірден ұлттық мәселе көтеріп, балаларымыздың санасына лайық емес күрделі тақырыптармен биікке бір-ақ қарғиды екенбіз.

Режиссерлеріміздің көпшілігі терең судың астынан немесе ғарыш кеңістігінің түкпірінен әл­дене іздейді. Балаға мұндай күрделі дүние керек емес. Қиял керек, әзіл керек. 3-4 жастағы балаға биік туды, қонаққа бас тартуды, күйеуге төс тартуды көрсеткенімізбен, олар түсіне ме? Балаға балмұздақ керек. Бала тілімен сөйлей алмаймыз. Шрек, Спанж Бобты көре­тін балаларға түсінікті болу үшін бүгінгі белгілі персонаждың бәрін қамтып «Менің айдаһарым», «Музей» деген жобалар жасадым. Өйткені немерелерім өскеннен кейін баламның емес, немеремнің тілін іздеймін мен. Менің алғашқы көрерменім, «фокус группам» – немерелерім. Әр кейіпкерімді жеке таныстырып «ұнай ма?» деп сұраймын. Ұнаса, қабылдаймын. Сол себепті анимацияда жаңалық ашқаннан гөрі баланың құлағы қабылдайтын қарапайым, түсінікті дүние жасау әлдеқайда маңызды. 3-10 жас аралығындағы балаларды қамтып, ұйытып қоятын мульт­фильмдер жасай алмай қиналып жүргеніміздің бір себебі осы.

– «Ұлттық анимация тақы­рыбы батырлар мен билердің тө­ңірегінен аса алмайды» деген сынды көптен бері естіп келеміз. Шы­нымен, балдырғандардың қа­лауы қандай?

– Әзіл-оспағы сөзінің ажары болып, нағашы мен жиен, қайны мен жеңге, құрбы-құрдастардың арасындағы бірін-бірі қағытқан зілсіз қалжың біздің халқымыздың болмысына сіңген мінез еді. Аз уақытта мінезіміздің өзгергені сон­дай, бүгінде тым салмақты кейіпке еніп алдық та, қалжыңды қа­жетсінбей, әзіл айтқан адамға әкіреңдеп шығатын болдық. Балдырғанды мәз қылатын осы мінез мульт­фильмдерден алыстап кет­ті. Анимацияға әзіл жетпейді. Кейінгі кезде кино әлемінде хан­дыққа тоймай жатқан жайымыз бар. Бір ханның костюмін киіп алған әртіс үш-төрт хандықтың оқиғасын ауырсынбай атқарып шы­ғады. Ғасырлар ауысып жат­са да, хан өзгермейді. Бір ғана «Қыз Жібек» фильмінің өзі отыз жылда түсірілген отыз фильм­нің бәріне төтеп береді деп батыл мәлімдей аламын. Ресей кине­матографиясындағы әріп­тес­­термен етене араластым. «Үй­дің ішіндегі» әңгімеден хабарым бар. «Маша мен аю» – нағыз қатыгез мультфильм. Көп елдің телеарналары бұл анимацияны көрсетуге тыйым салды. Атасын мезі қылатын немеренің қылығын үлгі етуге болмайды. Ата-анасы ба­ласына жақсы тәрбие үлгісін сіңірудің орнына, «жыламай тыныш отыруы» үшін аузына емізік салғандай, өз жан тыныштығын ойлап, осындай мазмұнсыз дүние­мен алдай салады.

Әлемнің көптеген елінде болдым. Бәрінің Дисней болғысы ке­леді, тіпті Қытайдың өзі де алпауы­т кинокомпанияның жетістігіне қол жеткізу үшін қамшыны аямай басып, жанкешті жұмыс істеп келеді. 2016 жылы ұлтымыздың мә­де­ниетін ұнатқан америкалық жас ғалым шаңырағымда қонақта болды. Уолт Дисней мен Әмен Қайдаровтың өнерін салыстырып отырып, диссертация жазып жүрген ғалымның сонда: «Анимацияда америкалық стиль бар, жапонның, француздың стилі бар. Қазаққа өз жолы мен өз бағытынан таймауы керек. Дисней – адамзаттық өнер, ал Қайдаров – нағыз қазақ анимациясының бет түзейтін бағыты» дегенді айтып еді. Оған бірнеше мультфильмді көрсеттім. Көрді де: «Көңілім құла­зып тұр», деді. Бұл нені біл­діреді? Халықаралық алаңды бағындыру – басты мақсат болар. Бірақ ешкімге еліктемей, өз дара сүрлеуімізден ауытқымай, төл құндылығымызды насихаттай алсақ қана басқаларды баурай аламыз. «Атилла» деген жобам бар. Күллі Еуропа төсін тұлпарының тұяғымен дүбірлеткен Атилланың ерлігін ертегі етіп аламын да, барымташылардың жетегінде кеткен жылқысының ізіне түсіп, та­буды мұрат еткен түркі бабала­рымыздың бірі ретінде түсін­діремін. Ұлы Атилланың та­рихи, қарама-қайшы, жұмбақ тұл­ғасы әркімді толқытады, елеңде­теді. «Неге?» деген сауал мені көп­тен толғандырып келеді. Адам­заттың ортасында алғаш сұлу тұл­ғалы жануар, жылқылардың пайда болуы, олардың тұяқ дүбірі, кісінеуі, отырықшы, тыныштықта өмір сүрген Еуропа халықтарының маза­сын алып, олар Атилланы «құ­дай қарғысы» деді ме екен. Сон­дықтан өзім жылқыға мініп өскен, үйірлерін көрген мен, тарихи деректерді қамтып, сұрыптап, оларды өзгертпей, бірақ басы мен аяғын өз ойымнан алып, ұлы көшпенді Еділ батыр туралы аңыз топтадым.

– Балаларымыз кез келген шет­­ел мультфильмін төл туынды­сындай тұтынады. Ал біздің шетел көрерменінің сұра­нысына дәл солай ие болған мульт­филь­міміз бар ма? «Қар­лы­ғаш­тың құй­­рығы неге айыр?» филь­мі әлем­­нің 48 елінде көрсе­тілген екен, осы рекордтық көрсет­кіш­ті жа­ңартқан аниматор шықты ма?

– Күні кеше киногер қауымы­ның Мәдениет және спорт ми­нис­трімен өткен кездесуінде Шым­кентте анимация өнерін өріс­тетіп жүрген белгілі режиссер Ба­­тырхан Дәуренбеков «Қошқар мен теке» мультфильмінің 20 млн қаралым жинағанын айтты. Тамаша. Аниматорлардың арасында Рамиль Усманов деген аза­маттың аты қазір дүрілдеп тұр. Халықаралық кинофестивальге қатысқан фильмдері жүлде алмай қайтпайды. «Мақтаншақ қыз» деген мультфильмін шетелдік кіш­кентай балдырғандардың өзі мәз болып тамашалайтын көрінеді. Себебі мұнда әзіл, бастысы, әдеби даралық бар. «Қарлығаштың құй­­рығы неге айыр?» фильмі Дис­­нейдің әлдеқашан артқа тас­таған өткен кезеңінде түсірілсе де, Нұрғиса Тілендиевтің әуені­мен әрлене түскені оның терең­дігін, уақытпен әлі де құрдас бола беретінін айқындап отыр. Ани­матор мен композитордың өнері тоғысқанда, таңғажайып дүние туатынына осы фильм дәлел. Есімде, «Қарлығаш» экранға шы­ққанда 19 жаста болатынмын, әскер жасындағы жігіт болсам да, көзімнің жасы мөлтілдеп отырып көргенімді ұмытпаймын. Ә.Қай­даровтың «Қарлығашы» 48 елге өзі ұшып барған жоқ, шетел аттай қалап шақырды, ал оны мемлекет қолдады. Қазір де мемлекет тарапынан дәл сондай қолдау болса, миллиондаған көрермен жинайтын, әлемді тамсандыратын жобаларымыз жетеді.

– Ғали Қасымханұлы, соңғы жылдары Америка режиссерлері бастап, Ресей қостап, ел сүйіспен­шілігіне бөленген белгілі фильм­дерді уақыт сұранысына орай қайыра экрандау жобалары қызу қарқын алғаны белгілі. «Ре­мейк» дейді мұны. Ескі туын­дыны жаңа заманға лайықтау жобасы сізді қызықтыра ма? Мы­салы, аниматорларымыз дәл сол даңқты «Қарлығашты» қай­тадан түсірсе, көрермен оны қа­лай қабылдар еді?

– Кинода бұл үрдіс өзін ақтаса да, анимацияда тиімді болады деп ойламаймын. Әйтсе де, Ресей, Украина, Беларусь елінің ани­маторлары елге танымал ең мықты мультфильмдерін тұтас жаңа­ла­ды. Мысалы, «Жібек» деген жо­бам бар. Жібегімді Машадан ар­тық көрмесем, кем санамаймын. Ә.Қайдаров сияқты мен де ай­даһарды кейіпкер етемін. Әмен аға айдаһарды дүлей күш­тің бейнесінде көрсетсе, мен айда­һарды Қытай, кішкентай бө­бекті жас Қазақ елі деп аламын. Жібек деген қыз ақылымен, тартым­ды­лығымен айдаһарды бағын­ды­рып, иелік етеді. Екеуі ажырамас достарға айналады. Әмен ағамыздың фильмінің жалғасы іспетті бүгінгі күнге лайықтап өңдеп, заманауи өң бердім.

– Айтпақшы, «Димаштың бейнесін брендке айналдыру үшін жасаған жобама қолдау таппай жүрмін» деген едіңіз. Әлем та­ныған әншіні мультфильмнің кейіпкері жасағыңыз келетін идея­ңыз жақын арада жүзеге аса­тын болды ма?

– Иә, алғаш Димаштың атағы дүркіреп шыққанда, мен Қытайда жүрген едім. Ондағы аниматор әріптестер «фильміңізге Димашты кейіпкер етіп қоссаңыз, салмағы арта түсер еді» деген өтінішін білдірді. Сөйтіп аталған «Жібек» филь­мінде Димашты Жібектің ағасы етіп аламын. Жібекпен атастырылған ханның ұлы Мәди, бірі қа­рындасын, бірі атастырылған қалыңдығын іздеп, түрлі хикаяны бастан кешеді. Осы ойымды Димаштың өзіне де, ата-анасына да хат жазып білдірдім. Әзірге жауап бермеді. Бірақ мұндағы ескеретін бір жайт, Димаш өтінішіме үн қатса да, жауапсыз қалдырса да, Қытай елі қызығушылық білдірген жоба жүзеге асса, Димаш деген кейіпкер қала береді. Себебі Димаш – Дінмұхаммед, ол Қонаев ақса­қал болуы да мүмкін, ол ХVІ ғасырдағы басқа қазақ болуы да мүмкін. Сондықтан бұдан өрескел кемшілік көріп тұрған жоқпын, бірақ әрине, әнші Димаш бәрімізге жақын және ұнайды.

– Анимация арқылы табыс табудың мүмкіндігі қандай, мемлекет қоржынына пайда әкеле­тіндей қауқар-қарымы бар ма?

– Болғанда қандай! Жалпы, анимация – ғажап бизнес көзі. Бірақ өкінішке қарай, біздегі заң еш интеллектуалдық меншікті қолдамайды. Кино саласында режис­сер мемлекет тапсырысын орындайтын болғандықтан бүкіл интеллектуалдық меншіктің иесі тек бір өзі болу құқығынан айырылған. Анимацияға мемлекет бюджетінен бөлінетін қаржы өте аз. Әлемдегі ең минимум бюджеттің өзі 2 млн доллардың төңірегінде бөлінеді. Ал Қазақстанда 1 млн долларға, 700 мың долларға жетер-жетпес қаржы бөлінеді. Уақыты да дұрыс белгіленбейді. Нәтижесінде, тоғыз ай толғатып, шекесі торсық­тай бала өмірге келеді деп күткен­де, бар болғаны төрт-бес ай «тол­ғатуға» ғана тура келіп, ия өлі, ия тірі екені белгісіз шала дүние туады. Түсірілгеннен кейін көрермен түр-түсін танып үлгерместен, режис­сердің меншігін тартып алып, туын­дысын сөреге атып ұрады. Сөйтіп салықтан түскен халық­тың қаржысын сарылдаған су се­кілді шімірікпей далаға ағызып жібереміз. Осы жағдайды министр­­лерге түсіндіріп айтсаң, шенеу­ніктігіне салып, қашыртпа жауап беріп, құрғақ сөзбен жуып-шайып қоя салады. Жыл соңында бюджеттен бөлінген мекеме қаржысы иге­рілмей қалып жатады. Не істе­рін білмей тыпырлап, ақыры аттың жалы, түйенің қомында асы­ғыс жү­ріп бір жобаны жүзеге асырған бо­лады. Жобасын жүзеге асыра алмай қаңтарылып қарап отыр­ған режиссерлерге жұмыс істеуіне мүм­кіндік туғызса қайтер еді? «Қай­да­ровтың «Құрылысшы Қожа­на­сыры» секілді анаған жармасып, мы­на­дан жырып, жұлым-жұлым дү­ние­нің басын біріктіре алмай, шоқ­­­пыт болып жүр­ген жайымыз бар.

Ресейде оқыдық, білім алдық, үйрендік, әлі де араласып келеміз. Оларда «Мосфильм» деген бар және «Союз­мультфильм» деген ме­кеме жұмыс істейді. Жұмы­сын жайнатып отыр. «Қазақ­фильм­нен» бөлініп шығып, «Қазақ­мульт­фильм» болып өз алдына жеке студия құрылмай, аниматорлардың көзі ашылмайды. Себебі кино – жылқы болса, анимация – қозы мен лақ. Қазақ қозы мен лақты жыл­қымен бірге бір қораға қамап, жыл­қының тұяғының астына тас­тамаған. «Қосақтап бағып отыр­ғандарыңа алпыс жыл болды ғой, анимацияның өз тізгінін өзіне берсеңдерші», деп шырылдағаныма талай жылдың жүзі болды. Ә.Қай­даров анимацияның аса тая­ғын қолымызға ұстатқанда, «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпесін, ие болыңдар!» деп аманаттап еді. 2010 жылдан бері дамылсыз хат жазып, тиісті мекемелердің есігін тоздырумен келемін. Қайбір жылы менің хат­тарымның негізінде түбіне бетонын төсеп жіберіп, шыны мен темірін айқастыра салып, 85 миллионға «Қазақмультфильм» дегенді құрып жібере жаздаған. Бірақ мұның керегі жоқ. Жеке ғимарат салып, «Қазақфильмнің» ішінен жұлып алу міндетті емес. Ортақ кино корпорациясы болып, соның ішінде әр сала дербес өмір сүруі керек. Қазақстандық аниматорларды шетелде оқыту мәселесі жиі қозғалады. Қазақтан оқымысты адам жоқ. Осы отыз жыл ішінде жүздеген, мыңдаған жастарымыз шетелден білім алып келді. Нәтижесі көрінетін уақыт болды. Қайда? Ежелден түркі мәдениеті терең еді, соған қарамастан өз елімізде рухани аштықта, ойлаған мақсатын іске асыра алмай отырған режиссерлерімізге кім мүмкіндік береді?

Анимациядағы үлкен олқылық­тың бірі, осы отыз жылда бұл жанр бойынша кәсіби өнер зерттеушісі, білікті продюсер қалыптаспады. Естиді, мән берген болады, бірақ нақты іске келгенде жоқ. Елге аты мәлім атақты кино сыншыларының өзі 2D форматын 3D форматынан айыра алмайды. Мен осыған күйі­немін.

– Пандемияның алдында болуы керек, аниматорлар тапсырған 220 жобаның ішінен сараптама кеңесі бар болғаны 5 жобаны ғана іріктеп алған екен. Бұл тым аз емес пе?

– Қазақстан аниматорлары халықаралық стандартқа сай жұмыс істейді. Жобалардың іріктеу сынынан өтпеуі талаптың күштілігінен емес, бәсекенің тегеурінділігінен. Елімізде анимация түсірумен айналысатын 40 шақты жеке студия бар екен. Менің де жобаларымды ұсыну үшін амалсыздан ашқан «Ата продакшн» деген студия­м бар. Тоқсаныншы жылдары то­лықметражды бір анимациялық фильмнің төңірегінде 100 шақты адам жұмыс істесе, техниканың күш-көмегін пайдаланып, бүгінде балдырғандарға өнім әзірлеумен айналысатын режиссерлер 5-6 адамнан тұратын шағын топпен-ақ қыруар іс атқарып отыр. Иә, қазақ­стандық аниматорлар жүз­деген жобаны топтап, ұсына­мыз. Алайда Ұлттық киноны қол­дау орталығының анимация мен киноға талапты бірдей етіп қоя­тыны қынжылтады. Бұл деге­ніңіз жылқыға салатын ертоқым­ды қозы мен лақтың үстіне салған­мен бір­дей. Буыны қатпаған, қалтыл­даған сіңірге ілініп тұрған бейшара қозының беломыртқасы үзілмей ме? Мысалы, менің «Байқоңыр» деген жобам сараптау кеңесінен өтпей, қоқысқа тасталды. Ғалымдар алғаш адамды ғарышқа ұшырар алдында иттерді жіберіп, тәжірибе жасап, сынақтан өткізгені белгілі. Әйгілі Белка мен Стрелканың алдында ғарышқа 47 ит ұшып, өлген көрінеді. Бұл ғылыми дәлелденген дерек. Кезекті тәжірибе сынағы кезінде алдын ала арнайы дайын­далған ит қашып кетеді де, қызмет­керлер орнына ешкімге білдір­местен ғарыш айлағының тү­бінде мал жайып жүрген қазақ қойшы­сының итін әкеліп зертха­наға кіргізеді. Қазақтың иті аман-есен ғарышқа ұшып барып келеді. Итке қазақ қана емес, күллі адамзат қарыздар. Иесіне адал, «Жеті қазы­наның» бірі саналатын итке деген қазақтың да құрметі бөлек, құмай тазыны ән-жырына қосып, тегіннен тегін әспеттемейді. Ұлты­мыз­дың тіршілігіндегі иттің орнын көрсетуге арналған жобам біздің шенеуніктерге керек бол­мағанымен, Қытай елін қызық­тыруы мүмкін деген үмітпен, көр­ші елдің анимация студияларына ұсынып отырмын.

– Анимация да авторлық, коммерциялық бағытта түсірі­летіні белгілі. Дәл қазір қайсы­сының даму үде­рісінде ілгерілеу­шілік білінеді?

– «Утечка мозгов», яғни ақыл-ой ағынының басқа жаққа бұрылу үрдісінің тек ғылым мен технология саласында ғана емес, біздің өнер саласында да жағымсыз әсері байқалады. Әйтеуір амалын тауы­п, жан бағып жүргендер же­теді. Анимация жанрында жұмыс істейтін мықты мамандарымыздың көпшілігі шетелге бытырап кеткен, қабілет-қарымын солардың құндылығын дәріптеуге жұмсап, сериалдарын түсіруге атсалысып жатыр. Айырмашылығы, таланты, өнері қарайлас бола тұра, Еуропада өз мамандары бір серия үшін 50 мың доллар алса, қазақстандық маманға 25-30 мың төлейді. Оларды «өнердегі гастарбайтерлер» десек, өкпелей қоймас, шетелге кеткен талант­тарымызды мұндағы талас-тартыс қызықтырмайды да, мойы­н бұрып қарауға мұршалары да жоқ. Енді бір шоғыры алуа­н түрлі компьютерлік ойын, YouTube интернет арнасының өні­мін жасаумен айналысып кеткен. Бірақ осылардың арасында «балам, немерем қазақша білмей қалатын болды-ау» деп уайым шегіп, ұран салып, желдиірменге қарсы жүретін біз сияқты аниматорлар да бар. Әлемдік тәжірибеге сәйкес, балдырғандарға арналған өнімді 3 жас пен 10 жас арасы деп бір блок, екінші блокта ұлттық мәртебедегі өнім, үшінші авторлық және коммерциялық анимация деп үш топқа бөліп, әрқайсысына өз талабына сай питчинг өткізуі керек. Ал біздің өнерде осының бәрі қосылып, мидай араласып кет­кендіктен, бүлдіршіндерге арнал­ған анимация көрінбей қала­ды. Қалай айтсақ та, кейінгі жыл­дардағы ұлттық анимациядағы үлкен жетістіктің бірі – авторлық фильмдердің молынан түсірілгені. Бұған мемлекеттің қаржы бөліп, қамқорлық жасағанын жоққа шы­ғара алмаймыз. Бірақ сол қаржы дұрыс, әділетті игерілсе, біздің көр­кем туындылар да, анимация, документалистика жанры да оқ бойы озып, алға шығар еді. Әлемде «ақылдастар алқасы», «сарапшылар кеңесі» деген атымен жоқ, анимация жұмысын ірі-ірі телеарналар өз құзырына алған. Қытайда анимация жобаларына ашық эфир алаңы арқылы бүкіл халық дауыс береді. Көп дауыс алған жобаны бірден телеарналар сатып алып, өз продюсерін жіберіп, режиссердің жобасымен айналыса бастайды.

– Шетел балалар әдебиетіндегі белгілі авторлардың туындыла­рының желісімен анимация түсіру қажет пе бізге?

– Дәл біздің қазіргі қоғам үшін оның аса қажеті бола қоймас. Қазақ өз мәдениетінен гөрі әлемнің мәдениетін алдымен сіңіретін халық. Шетел тауарын тұтынудан да алдыңғы қатардан табыламыз. Бірде тілшілердің бірі: «Бізге мультфильмдер түсірудің қажеті не, шетелден дубляждап жатыр­мыз ғой» дегені бар. Бұлай қи­сындасақ, онда қазақтың әйеліне бала табудың да қажеті болмас. Ірг­едегі құлшынып отырған Қы­тай­дан, яки Үндістаннан бес миллион адам әкеліп, мемлекет жасап отыра бермейміз бе? Қазақ өзіне керек құндылықты тек өзі ғана қалыптастыра алады. Біз ешнәр­седен кенде емеспіз. Әлгінде атап өткен балдырғандарды да, автор­лық, коммерциялық киноны да, ұлт­тық мәртебедегі өнімді де, бәрін қа­нағаттандыра аламыз. Оған менің де, менің әріптестерімнің де әлеуе­ті, мүмкіндігі толығымен же­теді. Тек киноның басындағы ше­неу­ніктер кедергі жасамаса болды.

Бір ғана «Маша мен аюды» жаса­ған аниматорлардың арқасын­да Ресей экономикасы 500-600 млн доллар табыс тапқан екен. Шын­дап келгенде, мультфильмнің мақта секілді жақсы-жаманды бірдей сіңіріп өсіп келе жатқан бала бойына адамгершілік, ізгілік, отаншылдық қасиетін егетін ауқым­­ды мақсаты өз алдына, мар­­­­ке­­тинг пен сауда саясатында ат­­қаратын рөлі тіпті өлшеусіз. Бал­дырғандар әлемінің де өз сәні, қыз­ығып-табынатын өз трендтері бар. Адамның түсіне де кірмейтін танымалдыққа жетіп, балалар арасында кең сұранысқа ие бол­ған Маша мен аюдың бейнесі салынған киім, ойыншық, сөмке, типо­графиялық бұйымдар саты­лымға шығып, содан түскен табыс кәсіпкерлерді байлыққа кеңір­дегінен батырды. Ал «Өрмек­ші адам» мен «Бэтменның» эконо­микадағы рекордтық табысы туралы тіс жармасақ та болады. Көше­дегі балалардың киіміне зер салып қараңызшы. Сүйкімді бала­қайлардың жүзіндегі бақыт табын анимация кейіпкерлері айшықтай түспей ме? Міне, анимация менеджмент пен маркетингке қызмет етеді деген пікіріміздің сыры осы. Бала­ларымызды шетелдің жат идея­сынан қалқалап, оларға өз ру­хани құндылығымызбен қам­қор болу үшін сапалы анимация өнім­дерін дайындағанда ғана аудитория назарын аудара аламыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ