• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Саясат 29 Тамыз, 2022

Жаңа жобаға – тың ұсыныстар

305 рет
көрсетілді

Алматыда Amanat партиясының жаңа Саяси тұғырнамасы жобасының сараптамалық талқылауы өтті. Кездесуге партия хатшысы Дәулет Кәрібек, Мәжілістегі Amanat фракциясының мүшесі, тұғырнаманы әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Айдос Сарым, тәуелсіз сарапшылар, саясаттанушылар мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Басқосу кезінде Айдос Сарым бұл бағыттағы жұмыс бірнеше айдан бері жүргізіліп келе жатқанын атап өтті. Партияның тұғырнама жобасы өңірлік филиалдардың күн тәртібінде белсенді талқыланады.

«Жұмыс тобының міндеті – барлық талқылауларды, пікір­та­ластарды, ұсыныстарды, соның ішінде өзге сарапшылардың, қатар­дағы партиялықтардың пікірін ескере отырып, өзектілігін жоймайтын, ұзақ мерзімді құжат әзірлеу. Amanat-тың жаңа Саяси тұ­ғыр­намасы оның негізгі құнды­лықтарын, қағидаттарын, партия мүшелері Amanat пен жалпы мемлекетті қалай көретіндігін айқындауы тиіс», деді депутат.

«Еуразия әлемі» қоғамдық қоры­ның президенті Эдуард Поле­таев саяси тұғырнама сайлауалды бағдарламаға ұқсамайтын жаңа сая­си құрал екенін атап өтті.

«Партия үшін Парламентте қай депутат өкілдік ететініне, өңірлік филиалдардың қай басшысы өз орнын сақтап қалатынына қарамастан, осы тұғырнама негізінде Қазақстан халқы партияның негізгі мақсаты мен міндетін білгені маңызды», деп атап өтті Эдуард Полетаев. Ал саяси шолушы Никита Шаталовтың айтуынша, тұғырнамада өмірдің барлық саласында қоғамның ілгерілеуіне ықпал ететін құндылықтар белгіленеді. «Қазіргі таңда бірқатар қауіп-қатермен бетпе-бет келіп отырмыз – бұл шиеленіскен геосаяси жағдай, әлеуметтік-демографиялық ахуал, пандемия. Болжам жасау және тұғырнаманы әзірлеу кезінде мұның бәрін ескеру қажет. Барлығы нақты сандар мен қолда бар базаға сүйенуі керек. Саясаттың заңы – осы», деді ол.

Саясаттанушы Марат Шибутов Саяси тұғырнаманың авторлық нұсқасын ұсынды. Оның негізінде концентрлік шеңбер жатыр: «өзім-отбасым-үйім-жұмысым-шағын ауданым-аймағым-орталығым».

«Ең бастысы, басты назар адамға аударылуы тиіс. Солай бола тұра, партия мемлекетті алмастырмауы керек. Алайда партия өз мүшелерінің, қоғамның, сайлаушыларының алдында жауапты. Нақты іске назар аудару қажет», дейді саясаттанушы.

Өз кезегінде «Стратегия» Әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығының президенті Гүлмира Илеуова партияның жаңа мазмұн қалыптастыруы, ал оның өзегінде жалпыға ортақ еңбек идеясы тұруы тиіс екенін атап өтті. «Қазіргі күні мемлекет пен партияның алдында жаңа әлеуметтік-экономикалық сын-қатерлер тұр. Оны еңсеру үшін партия өзінің талдамалық әлеуетін барынша іске қосуы тиіс», деді ол.

Қаржы кеңесшісі Расул Рыс­мам­бетов өз сөзінде қазіргі жағ­дайдағы саяси партиялардың рөлі­не баса назар аударды. Сарапшы бү­гінде әлеу­меттік желілерде ауқым­ды ауди­ториясы бар түрлі блогер­лер мен белсенділер саяси партия­лар­ға бәсекелестік жасай алатынын атап өтті. Сондықтан партия өз маз­­мұнын қалыптастырып, оны ақпа­раттық кеңістікте ілгерілетуі қажет.

Алматыдағы пікір алмасу сындарлы жағдайда өтіп, кездесуге келген әрбір қатысушысы өз ойын, ұсыныс-тілектерін білдірді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Amanat төрағасы Ерлан Қошанов Орталық аппараттың және өңірлік филиалдардың басшыларымен кеңес өткізіп, саяси тұғырнаманы жаңарту жұмыстары тек «халық үніне құлақ асатын партия» форматында жүргізілуге тиіс екенін атап өткен болатын. Еркін пікір алмасу, кең саяси диалог қамтамасыз етілуге тиіс.