Елорданың «Астана Опера» театрында Түркістан музыкалық драма театры «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектаклін қойды.
Жазушы-драматург Ермек Аманшаевтың либреттосы бойынша қойылған спектакльдің би қимылдарын ресейлік балетмейстер Константин Семенов сахналады. Пластикалық спектакльдің ерекшелігі – әртістер оқиғаны, кейіпкерлердің ішкі сезімдерін би қимылдары арқылы баяндайды. Қойылым әуендерін композитор Хамит Шанғалиев жазған.
«Түркістан музыкалық драма театрының ашылғанына аз уақыт өтсе де, республикаға танымал бола бастады. Бұл Нұр-Сұлтанға екінші гастрольдік сапарымыз, оған дейін біз Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында Дулат Исабековтың «Бөрте» тарихи драмасын қойдық, енді «Астана Операның» тамаша сахнасында өнер көрсету біз үшін үлкен мәртебе», дейді Түркістан музыкалық драма театрының директоры әрі көркемдік жетекшісі Айнұр Көпбасарова.
Спектакль көшпелі халықтар тарихында терең із қалдырып, құнды әдеби-музыкалық мұра жасаған Қорқыт атаның өмірін баяндайды. Қойылымда Қорқыт алып қараағаштан ойып қобыз жасайды, бұл аспап өзінің сиқырлы үнімен айналасын үндестікке жетелейді. Алайда қобызшының өмір жолында көптеген сынақ кездеседі. Қайда барса да, қайда көшіп-қонса да, ажалдың елесі соңынан қалмайды. Қиын жолдан өткен соң ақыры Қорқыт туған жеріне оралады.
Бұл спектакльде ізгілік нұрын шашқан Қорқыт пен жер бетін араздыққа толтыруға тырысқан сиқыршы Мартудың арасындағы мәңгілік қақтығыс заманауи хореография тілімен әсерлі бейнеленеді. Қойылым режиссері Константин Семенов Қорқыттың тұтас түркі әлемі үшін маңызды тұлға екенін, сондықтан туындыға асқан жауапкершілікпен қарағанын айтты.
«Менің ойымша, спектакль қызықты, инновациялық, көпкомпонентті болып шықты, себебі бейнепроекция мен мол жарық қолданылды. Әртістер үшін бұл жаңа бір белес болды, себебі спектакль тұтастай пластикаға негізделген», дейді К.Семенов.
Қойылымда заманауи технологиялар мен арнайы эффектілерді қолдану – Түркістан театрының басты ерекшелігіне айналды. Қорқыт спектаклінде де жаңбыр мен тұман сынды табиғат құбылыстары дыбыстық, визуалдық эффектілермен көрсетіледі.