Қазақтың ұрпақтан-ұрпаққа жеткен ұлттық аспабы – домбыра. Алайда оны жасауға бет бұрған шеберлер көп емес. Сондай шебердің қатарындағы Нұрлыбек Бисембаев домбырашы мамандығын меңгерген.
Бала кезінен ұлттық аспапқа қызыққан ол әуелі Атыраудағы Д.Нұрпейісова атындағы халық музыкасы академиясының жанындағы колледжін бітірді. Кейін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінен жоғары білім алған соң Береке ауылындағы мектепте домбыра класын ашқан. Мұнда балаларға домбыра тартуды үйретті. Қолы босаған кезде домбыра жасауды кәсібіне айналдырды.
– Өзім домбырашы болған соң балалардың сапалы домбырада ойнағанын қаладым. Ұлттық аспаптың даусы күмбірлеп, таза шығуы керек. Ал базарлар мен өзге сауда орындарында сатылатын аспаптардың сапасы көңілден шықпайды. Сол себептен, домбыра жасауды қолға алдым, – дейді Нұрлыбек Бисембаев.
Бұрын әкесі домбыра жасаудың шебері болған. Әкесінің ісін жалғастыру үшін төрт жыл бұрын домбыра жасайтын шеберхана ашқан. Кәсібін бастау үшін мемлекеттік бағдарлама арқылы жеңілдетілген несиеге ие болған. Сол қаржыға станоктар мен қажетті материалдарды сатып алған. Оның алғашқы жасаған туындысы Сарайшық ауылындағы музейде тұр.
Қазір Нұрлыбек Бисембаевтың шеберханасында айына 100-ге жуық домбыра жасалады. Домбыра жасауға ағалары көмектеседі. Бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр. Алматыдан үйеңкі, қарағай, қара ағаш, қызыл ағашты тапсырыспен алдырады. Домбыраның бағасы материалы мен жасалу күрделілігіне байланысты 20 мың теңгеден басталады. Еліміздің әр өңірінен тапсырыс түседі. Ал кәсіби домбырашылар қымбат домбыраға тапсырыс береді.
– Домбыра жасаудағы мақсатым – көп ақша табу емес, сапалы ұлттық аспап жасау. Өзім домбырашы болғандықтан, домбыраның дыбысын бірден ажыратамын. Сол себептен, домбыра жасау кезінде бұған ерекше назар аударамын, – дейді ұлттық аспап жасаудың шебері. Енді домбыра шеберханасын кеңейтіп, айына 5 мың домбыра жасауды көздеп отыр. Бұл үшін қосымша станоктар сатып алмақ.
Атырау облысы