• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
Спорт 02 Қыркүйек, 2022

Халық жазушысына арналған турнир

171 рет
көрсетілді

Мереке күндері Өскеменде Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қабдеш Жұмаділовті еске түсіруге арналған бильярд турнирі болып өтті. Оған спорттың осы түрін ұнататын 32 үміткер қатысты. Жарыс Мәскеу пирамидасы бойынша өтті.

Турнирді өткізуге Қазақстан Рес­публикасы Бильярд спорты фе­дерациясы Шығыс Қазақстан об­лыс­тық филиалының директоры Серік Ақтанов мұрындық болды. Спорттық іс-шараға жан­күйерлер қызығушылық танытып, көптеп жиналды. Ең алдымен, федерация басшысы Серік Қасымбекұлы сөз алып, Қабдеш аға туралы естелік айтты.

– Бұдан үш жыл бұрын Зай­санда Баймұрат батырға ес­керткіш ашылғанда жазушы ағамыз ерекше қуанып, аудан тұр­ғындарын құттықтаған болатын. Алдағы уа­қытта турнирді республикалық деңгейге көтеру ойда бар. Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарының бос уақыттарын мәнді өткізіп, денсаулықтарының мықты болуы үшін бұқаралық спорт­пен тұрақты шұғылдануына назар ауда­ру қажеттігін айтқаны белгілі. Бильярд спорты адамдар­дың тез шешім қабылдап, ми қа­білетін арттыруына ықпал жа­сай­ды. Қа­зіргі кезде бильярд спорты­мен өңірде мыңға жуық адам шұ­ғылданады, – деді федерация басшысы.

Сөз кезегі Алматыдан ат тер­летіп келген Қабдеш ағаның жа­қын досы, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор Ұлықпан Сыдықовқа берілді. Ұлықпан Есілханұлы турнирді өт­кізуге мұрындық болған федера­ция басшысына, ел азаматтарына алғысын білдірді. Алдағы уақыт­та мил­лиондар ұнататын спорт тү­рі­нің ауқымы кеңейетініне сенім бі­лдірді.

Турнир бәсекелері он сағат­қа созылды. Уақыттың қалай өткенін білмей де қалдық. Ара­сында жиналғандар Қабаң туралы естеліктер айтты. Ән шыр­қа­лып, өлең оқылды. Ал тұң­ғыш рет өткізілген турнир қо­ры­тын­ды­сында Жанболат Сейіт­қа­зин же­ңімпаз атанды. Оған федерация президенті Серік Қа­сымбекұлы арнайы диплом мен Алғысхат тапсырды. Екінші орынға Рүстем Қыдырбаев, екі үшінші орынға Ринат Алимов пен Владислав Цой ие болды. Олар да дипломмен марапатталды. Түсіпхан Түсіпбеков «Ж­еңіске деген жігері үшін», ал Қайрат Әділбеков «Әдіскерліктің жоғары деңгейі үшін» белгісімен аталып өтті.

 

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

Қазақстанның құрметті спорт қызметкері

 

ӨСКЕМЕН