Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Ашық сағат алаңында» еліміздегі автокөлік жолдарының қысқы маусымға дайындығына арналған жиын өтті. «Қазақавтожол» ЖШС ақпаратына сүйенер болсақ, арнайы техникалардың қысқы кезеңге дайындығы 74 пайызды құрайды. Компания басшысы Самат Ғилымовтың айтуынша, алдағы маусымдық жұмыстар үшін жеке тұлғалардан 400 бірлік техниканы жалға алу қажеттілігі туындап отыр.
«Қазіргі таңда бізге 2 836 бірлік техника қажет. Ал қолымызда бар-жоғы 1 117 бірлік техника бар. Оның 527-сінің тозығы жеткен. Жөндеуге де келмейді», деп атап өтті С.Ғилымов. Сондай-ақ ол еңбекақы мөлшері 30 пайызға артқанымен білікті мамандарға деген тапшылық сезіліп отырғанын жеткізді.
«Министрлік тарапынан қолдаудың нәтижесінде мекеме жұмысшыларының жалақысы көтерілді. Бүгінде қызметкерлер жетіспеушілігі біртіндеп азайып келеді. Десе де жоғары білікті мамандарға деген зәрулік туындауы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз», деді «Қазақавтожол» басшысы.
Сонымен қатар басқосуда автокөлік жолдарының сапасына да назар аударылды. Мәселен, жүк тасымалымен айналысатын Кирилл Гадецкий есімді азамат Қызылорда және Ақтөбе облыстары шектесетін аймақтағы жолдың сапасы сын көтермейтінін алға тартты.
«Жол жөндеу жұмыстары жүргізіледі-ақ. Алайда ай өтпей жол төсеніштері ойылып, тереңдігі 40 сантиметрге жуықтайтын ой-шұңқырлар пайда болады. Бұл – жол-көлік қозғалысына айтарлықтай кедергі келтіреді», дейді кәсіпкер.
Өз кезегінде Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы «Қызылорда – Арал – Ақтөбе» бағытындағы жол торабының тозғандығын растады.
«Аталған аумақтағы көлік ағыны өте көп. Ал ондағы жол мұндай көлемге шақталмаған. Қазір көлік ағынының көлемін есепке ала отырып, алдағы уақытта бұл жол аумағына бірінші санат бойынша қайта жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Оған дейін қысқа мерзімді жөндеу жұмыстары іске асатын болады», дейді Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин.
Степногор қаласының тұрғыны, блогер Артем Сочнев жол жөндеу жұмыстары барысындағы бірқатар мәселені алға тартты.
«Қазір Бестөбе ауылының маңайында асфальт төсеніштерін төсеу жұмыстары жүргізілуде. Оған қажетті материалды мердігер компания 300 шақырым жерден тасымалдайды. Жүк тиеген көліктердің шамадан тыс ауыр салмағынан беті тегіс жолдарда ой-шұңқырлар пайда болуда. Бір жол жөнделсе, енді бірі бүлінуде», деді А.Сочнев.
Қазақстанда жыл сайын мыңдаған шақырым жолдың жөнделіп, тіпті қайта салынатыны белгілі. Жаз шықса бітті, қала ішіндегі жолдар да қопарылып жатады. Әрине, бұл шаруаның бәрі миллиардтаған теңгесіз бітпейді. «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұловтың айтуынша, жыл сайын жол жөндеу жұмыстарына 500-600 млрд теңге бөлінеді. Осыншама мол ақшаның сұрауы болуға тиіс.
Айтпақшы, жол мәселесіне жауапты «ҚазАвтоЖол» мен «Казахавтодор» бірігіп, біртұтас автожол компаниясына айналды. Бұл туралы шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырма берген болатын. Министрлік аталған екі жол операторын біріктіру бойынша Үкімет қаулысының жобасын дайындады. Жобада «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы «Казахавтодор» ЖШС-дағы мемлекеттік үлесті сатып алу жолымен ұлттық компанияны Бірыңғай автожол операторы ретінде қайта құру қарастырылды.
«Қазір еліміздегі жолдың жай-күйін қадағалап, қызмет көрсететін екі негізгі оператор бар. Турасын айтсақ, екеуі де бір жұмысты атқарып отыр, жұмысшыларының саны да қажетті шамадан артық. Соған қарамастан, азаматтардан келіп жатқан орынды арыз-шағымдар азаяр емес, ал жолдың сапасы мүлде сын көтермейді», деген еді Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Қос компанияның бірігуі республикалық маңызы бар жолдарды тәулік бойы күтіп ұстауды қамтамасыз етуде жедел әрі нақты шешім қабылдауға үлкен септігін тигізбек.