Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жетінші сайланған Парламенттің үшінші сессиясында Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялады.
Ел Президенті «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынатынын, 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасалатынын жеткізді. «Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек», деді Мемлекет басшысы.
Келесі жылдан бастап Ұлттық қордың жылдық инвестициялық табысының тең жартысы 18-ге толмаған қазақстандықтардың жеке шоттарына аударылады. Президент бұл қаражатты 18-ге толған азаматтар қалай жұмсай алатынын да айтып өтті. «Кәмелетке толғаннан кейін жинақталған сома баспана мен білім алуға жұмсалады. Бұл қаражат өскелең ұрпаққа ересек өмірге нағыз жолдама береді. Қор да шын мәнінде, ұлттық мәртебесіне сай бола түседі және халықтың мүддесіне жұмыс істейді. Бұл ауқымды бастаманы пысықтау үшін жаңа жобаны 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосуды тапсырамын», деді Президент.
Жолдаудың негізгі бөлігі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналды. Сапасының артуына қарай, отандық жоғары оқу орындарындағы білім алу ақысы да өсетіндігін атап өтті.
Ендеше, Мемлекет басшымыз айтқандай, «бірлігімізді бекемдеп, ел үшін еңбек етейік!».
Руслан ХАМЗА,
Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі ұлттық орталығының атқарушы директоры
Атырау