• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Мамыр, 2014

Тарыны екпей ме, әлде, өтпей ме?

2253 рет
көрсетілді

Қазақтың ұлттық тағамдарының ішінде тарының орны бөлек.  Тары әсіресе, батыс өңірінде  бағалы. Тіпті, сонау алпысыншы жылдарға дейін қазақ  дастарқанындағы ең негізгі тағам болғаны да шындық. Соғыстан кейінгі студенттердің тарыны, жентті талғажау етіп оқығандарын да естіп жүрміз. Жалпы, тары ұзақ мерзімге сақталатын құнды дақыл екені әлдеқашан дәлелденген. Күні кешегі кеңестік кезеңде де тарының «таланы» жүріп тұрды. Ұзақ мерзімге сақталатын және құнарлы тағамдық дақыл ретінде стратегиялық  қорда ұсталғаны белгілі. Көп санды Кеңес армиясының  негізгі тағамы болуы да сондықтан. Ғалымдар тарының шығу тарихы V-VII ғасырлардан тамыр тартады деп жазып жүр. Әлемде тарының бес жүзден астам түрі өсетіні туралы да деректер бар. Бұл бағалы дақыл тұңғыш Шығыс елдерінде, соның ішінде Үндістан, Моңғолия мен Алтайда шыққан деген пайымдаулар алға тартылуда. Тарының бағалы да құнарлы дақыл екенін ата-бабаларымыз ертеден білген. Сондықтан да, артына «Кеспе көже күн батқанша, бидай көже ел жатқанша, тары көже таң атқанша» деген сөз қалдырған. Тарының тағам ретіндегі құнарлылығы мен жұғымдылығы, адам денсаулығына пайдалылығы ғылымда әлдеқашан дәлелденген: ақиқат. Тары адам ағзасына тоқтықты дарытуымен бірге, емдік қасиетімен де қадірлі. Ол адамға күш-қуат береді, бауыр, бөтекенің жұмысын жақсартады, қан қысымын реттейді және ішек-қарын жұмысын жақсартады екен. Ғалымдар басқа да емдік қасиетімен бірге, адам ағзасындағы улы заттарды жоюға да септігі бар дегенді айтады. «Тары негізінен тағамдық шикі сөк өндіру үшін егіледі. Нәрлілігі, дәмділігі арпа мен сұлы жармасынан асып түседі. Шикі сөктің белок заттары қарақұмық, арпа мен күріш, сұлы, жүгері жармасынан10-15 пайыз көп. Майы 3-4 пайыз, клетчаткасы 1-2 пайыз. Шикі сөктен ботқа пісіріледі, ұнынан нан және конди­тер тағамдары жасалады», деп жазылған «Қайнар» баспасынан 1973 жылы К.Нокиннің, И.Порфированың И.Цыганковтың, М.Ивановтың авторлы­ғымен шыққан «Қазақстан тарысы» кітабында. Деректерге сүйенсек, Ақтөбе­нің өзінде тарыдан жиырмаға жуық тағам түрі дайындалады. Солардың ішінде талқан мен женттің орны ерекше. Біздің өңірде кезінде тарының екі түрі өсірілген. Ақтөбенің ақ тарысы соғыс жылдары суармада өсіріліп, одан мол өнім алынған. «Дала академигі» атанған даңғайыр диқан Шығанақ Берсиев 1943 жылы суармадағы 40 гектар алқаптың 4 гектарынан орташа 201 центнер, ал, қалған 36 гектардың әр гектарынан 80 центнерден тары бастырып, дүниежүзілік рекорд жасады. Облыста берсиевшілер еңбек қозғалысы жанданып, оның ізбасарлары да тарыдан мол өнім жинап жүрді. Соғыс кезінде, одан кейінгі жылдары да ақ тары елді асырады. Кейінірек ақ тарыны құнарлылығы жоғары әрі жақсы өнім беретін қызыл тары ауыстырды. Ауыл арасының айтқыштарының «Ақ тарының қатығы өзінде, қызыл тарыдан май қалқып алдым» дейтінінің де жаны бар сияқты бір қарағанда. Осындай себептермен ақ тары көзден таса болып қалды. Тек сексенінші жылдары Ойыл ауданының Берсиев атындағы кеңшарын басқарған Дәулетжан Дос­памбетов біреудің ұрасында жатып қалған бір қапшықтай ақ тарыны тауып алып, арада 20-30 жылдай уақыт өткенде суармаға егіп, гектарынан 45 центнер өнім алғаны да есімізде. Мұндағы айтпағымыз тарының ұзақ уақыт бойы сақталатынын тағы бір еске салу. Қазір тары егісінің көлемі анағұрлым қысқарып кеткені шындық. Ал, бұл дақыл өткен жылы облыста небәрі 6652 гектарға орналастырылды. Жетпісінші-сексенінші жылдары облыста тары егісінің көлемі 130 мың гектар шамасында болды. Бір ғана Ойыл ауданының «Жетікөл» кеңшары 4 мың гектарға дейін тары екті. Гектарына 16 центнерден, кей танаптардан 25 центнерге дейін өнім алған кездері болды. Бұл шаруашылықтар тары өткізуден көп пайда тау­ып жүрді, дейді ауыл шаруашылығы ғы­лымдарының кандидаты Шәкір Бекетов. Мұны сол жылдары осы шаруашы­лықтың трактор – егіс бригадасын бас­қарған Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері Тынышбай Бекеев те растайды. – Тары біздің өңірдің қуаңшылық жағдайына төзімді дақыл. Оған трактор – егіс бригадасына жетекшілік еткен жылдары анық көзім жетті. Бұл дақылды қайтадан қолға алып, егіс көлемін кеңейтіп, оны өңдеуді жолға қоятын кез әлдеқашан келді. Ал, өтпейді деген бос сөз. Академик Төрегелді Шармановтың өзі әр халық өзінің ұлттық тағамымен қоректенуі керек дегенін естідім. Оның үстіне қазақ баласының небір қиын жылдарда жанын сақтап қалған да осы тары екенін естен шығармау керек. Оның үстіне бұл дақылды дастарқан мәзіріне кеңінен енгізсек одан ұтылмаймыз, – дейді Тынышбай Бекеев. Осы бір бағалы дақылдың басынан бағы таюы неліктен деген сұрақты мамандарға да қойып көргенбіз. Олар өткізетін жер жоқтығын, тарыны қуыру, түюдің ауырлығын алға тартады. Оңай еш нәрсе жоқ. Біз өзі жайбасарлау халықпыз. Ұлттық тағамдарымыз қымыз бен қазыға шетелдіктер қызығып жатқаны анау. Бір күндері тарыға да назары ауып кетпесіне кім кепіл. Сондықтан тарыны тек қана Ақтөбенің ғана емес, қазақтың брендіне айналдыруды осы бастан ойластырған артық болмас еді. Тіпті, әңгіме брендке айналдыруда да болмас, оны дастарқанымыздан үзілмейтін ұлттық тағам ретінде бағасын арттырып, бәсін көтеру керек. Себебі, күнделікті тұтынып жүрген қарақұмық пен күріштен құнарлылығы жоғары екені әлімсақтан белгілі жайт. Олай болса, қоғамдық тамақтандыру орындары тары сөгінің ботқасын жасауды қолға алуы керек. Сондай-ақ, өзіміздің азғантай сан­ды армияның тағам түріне тары ботқа­сын кіргізу керек. Көршілес елдерге шығарудың амалын қарастыру да артық етпес еді. Оларда өздерінің армиялары бар емес пе? Балабақшаларына, мектептерге, аурухана асханаларының мәзірлеріне неге тары ботқасын енгіз­бес­ке? Әрине, мұны үкіметтік деңгейде шешу қажеттігі түсінікті. Сондай-ақ, тарыға бөлінетін субсидияны екі есе көбейту керек, дейді ғалым Шәкір Бекетов. Тары өт­пейді дегенде шикілей алатындарды алға тартады мамандар. Шикі тарыны облыста тек екі құс фабрикасы ғана алады, басқа тапсыратын жер жоқ, шаруа қо­жалықтары өздері тұтынады, аз-кем ар­тылғанын жекелерге өткізеді, дейді олар. Бұл қазіргі таңдағы тарының айна­ласындағы шындық. Алайда, тарыға деген сұраныстың артып отырғаны да байқалады. Сондай-ақ, тарының табыс көзі бола алатынын да жоққа шығармауға тиіспіз. Қаралық, қазір қала маңына алыс ауыл­дардан қоныс аударушылар тарыны қуырып, түйіп, ақтап дайын өнім ретінде сатып, күнкөрісін айырып жүргенін көзіміз көріп жүр. Жарты келі тарының бағасы 350-400 теңге тұрады. Қара есепке салып қараңыз, сонда бір тонна тарыңыз кемі 700 мың теңгенің шамасында айналады екен. Әрине, тарыны дайындаудың азабы да аз емес. Бірақ, оны дайындау технологиясын жеңілдету жолдарын ғалымдар мен өнертапқыштар таба алмайды дегенге сену қиын. Қазір дүкендерде тары сөгі сиректеу ұшырасады. Себебі, белгілі, оны өңдеумен айналысу кемшін. Рас, облыста тары өсіруге ден қойып отырған бірен-саран шаруа қожалықтары да бар. Ойыл ауданындағы «Жұма» шаруа қожалығы осындай игілікті істі қолға алған ат төбеліндей азғантай шаруашылықтардың бірі. Мұнда тары егістігін кеңейту көзделуде. – Тарыдан дү­ние­жүзілік рекорд жасаған атақты тарышы Шығанақ Берсиевтің жерінде тұрып бұл дақылды ұмыт қалдыруға болмайды. Астанада өткен азық-түлік жәрмеңкелеріне барған бірінші жылы басқасын айтпағанда, 100 келі қуырылған тары, 50 келі талқан, екінші жылы 250 келі тары мен 100 келі талқан апардым. Бұл жеңсік тағамдарды халық қыл үстінен бөліп әкетті. Яғни тары тағамына сұраныс жоғары. Сондықтан бұл дақылды өсіріп қана қоймай, ұлттық брендке айналдыруды ойластыру керек. Оның жоба-жос­парын да көңілге түйіп жүрмін, – дейді «Жұма» шаруа қожалығының басшысы Жұмабай Жақыпов бізбен әңгімесінде. Қобда ауданы «Қазақстанның 30 жылдығы» ЖШС директоры Тілепжан Ибрагимов та тарының қуаңшылыққа төзімді дақыл екенін, өткен жылы барлық егіс алқаптары күйіп кеткенде, 1000 гектар алқаптағы тарының әр гектарынан 10 центнер өнім алып, жан сақтап қалғандарын жасырмады. Болашақта тары егісі алқабын кеңейтуге бағыт ұстап отырғаны да сондықтан. Байғанин ауданы жастарының тарыны шикізат түрінде сатып алып, оны дайын ас етіп саудаға шығаруды қолға алып жатқаны да құптарлық бастама. Бұл үшін олар бизнес-жоба қорғап, еліміздегі «Алтын қыран» қайырымдылық қорынан 4 миллион теңге ұтып алды. Бұрындары да «Атымтай жомарттығымен» аты шығып жүрген жерлес кәсіпкер, «Алтын қыран» халықаралық қайырымдылық қорының президенті Исламбек Салжановтың тары өсіруге келгенде тарылмай қолдау көрсетуі тасада қалған тарының «бағын» ашады деп ойлаймыз. Осы қаржыға шағын цех ашып, 2 миллион теңгеге тары өңдейтін құрыл­ғы алуды жоспарлап отыр. Қазір аудан орталығында бұрынғы жиһаз цехы болған, бос тұрған ғимаратты тары өңдейтін цех етіп ашуды көздеуде. Ішіне жарық пен газ тартылған нысанға 1 миллион 200 мың теңгеге күрделі жөндеу жүргізбек. Егер цех белгіленген уақытта іске қосылса, онда алты адамға тұрақты жұмыс орны ашылатын болады. Тары өндіру ісіне қатысты бизнес-жобаны жүзеге асыру 4 адамға сеніп тапсырылып отырған көрінеді. Жоспар бойынша олар алты айда сауда айналымынан 8 миллион 700 мың теңге пайда табуы керек екен. Қазір облыс орталығындағы ірі сауда желілері басшыларымен, азық-түлік дүкендері иелерімен келіссөздер жүргізілуде. Жас кәсіпкерлер «Алтын тары» брендтік атауымен арнайы қорапшада сатылатын тарының саудада сұранысқа ие болатынына сенімді. Ақтөбелік өлкетанушы Рысжан Ілиясова «Егемен Қазақстан» газетінде (7 маусым 2013 жыл) жарияланған «Тары брендімізге айналса дейміз» атты мақаласында: «… Ақтөбе қаласының тарихында қазіргідей тары сату болған емес, сайып келгенде, осы тарымыздан айырылып қалмай тұрып, Ақтөбенің брендіне айналдырсақ ұтылмаймыз», деуі кім-кімді де ойландырары ақиқат. Сонымен тарыны өтпейді емес, екпейді-ау деген түйін жасауға әбден болады. Егер қуырылып, ақталған тарыны дайын тағам ретінде дүкен сөрелеріне қолдағыдан арзандау бағамен қойса, халық далада сатып тұрғандардан гөрі сапасына кепілдік беретін сауда орындарынан алады деп ойлаймыз. Рысжан Ілиясованың ақталған тарыны өндірудің жаңа технологиясын енгізуді жолға қою қажеттігі, сондай-ақ, түрлі деңгейдегі көрмелер мен конкурстар өткізу арқылы тарыдан жасалатын тағамдардың ұмыт болған түрлерін тірілтіп, жаңа түрлерін шығару қажеттігі туралы айтқан ойларының да жаны бар. Бұл бағытта тарыны насихаттауымыз да, жарнамалауымыз да кемшін түсіп жататынын мойындауымыз керек, әрине. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.