Түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы, қоғам қайраткері, қазақ әліпбиінің негізін салған ғалым Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай Нұр-Сұлтан қаласындағы Қаламгерлер аллеясында орналасқан «Алаш қайраткерлері» ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
«Бүгін бір керемет ғажайып күн. Себебі ұлт ұстазы, Алаштың көсемі, Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Міне, мерекеміз Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі және басқа да құзырлы органдар, зиялы қауым өкілдері, Жазушылар одағымен бірлесіп, елордадағы Қаламгерлер аллеясында орналасқан «Алаш қайраткерлері» ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Игілікті іс-шара Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ғылыми конференциямен жалғасты. Сонымен қатар «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауының қорытындысы шықты. Бүгінгі мереке республика бойынша тойланып жатыр. Ахмет Байтұрсынұлының елге сіңірген еңбегіне мән берсек, бұл ұлттың, жасампаздықтың, мәдени интеллектуалдың мерекесі деуге болады. Себебі балаларымыз мектепке барып жатыр, жастарымыз шетелде білім алып жатыр, қазақтың білімі мен мәдениетінің өрісі кеңейіп жатыр. Соның басында тұрған тұлғаларымыздың бірі – Ахмет Байтұрсынұлы. Ол кісінің еңбектері сол заманмен қалған жоқ, бүгінге жетіп, біз пайдаланып жүрміз. Оның тағылымды ізі сайрап жатыр», деді Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Ербол Тілешов.
Еске сала кетейік, Қазақстан халқы тілдерінің ХХІV қалалық фестивалі аясында қыркүйек айының соңына дейін елордада Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне және тіл мерекесіне орай әртүрлі форматта іс-шаралар өткізу жоспарланған.
«Қоңыр күзде елордамызда жыл сайын Тілдер мерекесі басталады. Мұның бір жағы символикалық мәні бар. Ол о баста қазақтың тілі, қазақтың тағдыры үшін шырылдаған ұлттың рухани көсемі, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай ұйымдастырылған. Сондықтан бүгінгі мерекенің маңызы зор. Бір жағы Ахаң бастаған Алаш арыстарына құрмет, ілтипат көрсету. Биыл ЮНЕСКО көлеміндегі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерекесі тойланып, әр өңірде Ахаңның құрметіне түрлі іс-шаралар өтуде. Бұл кісілер елдің ертеңі үшін алтын бастарын бәйгеге тікті және сол жолда құрбан болды. Сондықтан бүгінгі ұрпақтың санасында, келешек ұрпақтың жадында Ахаңдардың ерен ерлігі сақталуы керек және одан тәлім алу керек», деді Жазушылар одағының елордадағы филиалының басшысы Дәулеткерей Кәпұлы.
Гүл қою рәсімінен кейін Әділетті Қазақстанның мемлекетшіл-идеологиялық, ғылыми-интеллектуалдық, мәдени-танымдық ізденісін, тәжірибесін, әлеуетін танымалдандыру орайында Ахмет Байтұрсынұлы мұрасын жаңаша зерттеп-зерделеу, тіл білімі мен әдебиеттану көшбасшысының ғылыми қағидаттарын, тұжырымдамаларын білім, мәдениет, т.б. бағыттарда салаландыру, ахметтанушылардың жаңа буынын қалыптастыруға септесу, жоғары және орта мектептің А.Байтұрсынұлы мұрасын оқу және тәрбие үдерісінде пайдалануға байланысты тәжірибесін талқылау және озық тәжірибелерді насихаттау мақсатында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұйымдастыруымен Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған ғылыми конференция өтті.