• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Мамыр, 2014

«Бөтелке-баня»

654 рет
көрсетілді

Әдетте «әлемде талай қызық бар» деп өзгенің ісіне тамсанып, таңдай қағып жазып жатамыз. Адамның шексіз қиялының, арман-аңсарының негізінде орын алған жағдаяттарды жарыса жеткіземіз. Кей-кейде ондай дүниелер біздің қолдан келмейтіндей көрінеді. Бірақ бұл қате пікір. Өйткені, өнертапқыш азаматтар бізде де жеткілікті. Мәселен, сіз бос шөлмекті қалай жаратасыз? Әрі кетсе, қоқыс жәшігіне тастарсыз. Болмаса, есік алдында жүрген ойын баласы шөлмек алатын орынға апарып, аз кем тиынға сатып, сағыз алып пайдаланар. Басқа ше? Босаған құтының пайдалы болатынын білесіз бе? Білмесеңіз, айтайық. Қызылордалық ағайындар бос шөлмекті құрылысқа пайдаланып жатыр. Қармақшы ауданының Тұрмағамбет ауылында Зәріп Мысабеков деген азамат тұрады. Қайбір жылдары ауылында бөтелке қаптап жатыпты. Әрі-бері жүрген бала теуіп ойнайды. Одан таспен атады. Ақыры сындырады. Шөлмектің сынығы көліктің дөңгелегін жарады, жалаңаяқ баланың аяғын жаралайды. Қысқасы, түкке пайдасыз. Содан Зәріпке бір ойдың сап етіп келе қалмасы бар ма?! Осыдан тура 35 жыл бұрын бұл Белоруссияда әскери борышын өтеген. Міне, сол кезде жергілікті тұрғын үйінің сыртын бос бөтелкемен қоршап, қора жасағанын көрген. «Енді мына бөтелкелерді де бір қажетке жаратуға болмай ма?!» деп ойлайды шебер. Сөйтеді де, бөтелкеден монша соғуға кіріседі. – Мына моншаға «құрылыс материалын»  алты ай жинадым. Барлығы 7 мың бөтелке кетті. Көшеде құр шашылып жатқан бөтелкелерді жинап, қажетке айналдырдық. Мұның артықшылығы неде? Ең бастысы, сырты да, іші де ылғалданбайды. Егер күн жылы болса, ішіндегі температура үш-төрт күнге дейін сақталады. Ал қатты суық болса, бір күн бойына ішіндегі жылуын сақтап тұрады,– дейді Зәріп Мысабеков. Бөтелке дегеніңіздің іші қуыс болады ғой. Сондықтан температураны бір қалыпты сақтауға өте қолайлы екен. Кейінгі жылдары үй құрылысына пайдаланып жатқан кірпіштерге зер салып қараңызшы. Көлемді болғанымен іші қуыс. Құрылысшылар қызыл кірпіштен гөрі іші қуыс кейінгі кірпіштерді үй құрылысына пайдалану керек деген пікірде. Себебі, ол іштегі жылуды сыртқа жібермейді. Сырттағы суық ауаны ішке өткізбейді. Бүгінде Тұрмағамбет ауылының тұрғындары үйлеріндегі бос шөлмекті Зәріп шебердің ауласына әкеп тастауды әдет қылған. Өйткені, Мысабеков бос бөтелкеден жылыжай салуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, есігінің алдынан дүкен соқпақшы. Оған да бос шөлмекті пайдаланбақ ниетте. Қызылорда облысында мұндай шебер жалғыз емес. Білетіндер Шиелі ауданында да бөтелкеден монша салған адамның барын айтады. Іздестіріп көргенбіз. Рас екен. Дегенмен олар «бөтелке-баняны» бұзып тастапты. Ал қазалылық Бақберген Қайыпназаров осыдан төрт жыл бұрын 14000 бос бөтелкеден екі бөлмелі сарай салып алған. Он саусағынан өнер тамған шебер біршама уақыт бос шөлмекті сатып, кәсіп қылған көрінеді. Кейіннен бөтелкелері өтпей қалады. Есесіне үй жағында таудай болып үйіліп жатады. Ақыры не керек, үйінің жанынан сарай салады. Бөтелкеден. Бүгінде сол сарай кәдімгідей кәдеге жарап тұр. Қазіргі кезде «жасыл экономика» дейміз, қоршаған ортаны қорғау деп жатамыз ғой. Біз «жасыл экономиканың» нақты қолдаушылары деп осы кісілерді айтар едік. Өйткені, олар жарамсыз дүниенің өзін қажетіне жаратып жатыр. Сонымен қатар, табиғаттың ластануына, экологияның қолдан былғанбауына өз істерімен нақты үлес қосуда. Енді: «Біздің қызылордалықтар далада ұшып, жердің ұсқынын кетірген полиэтилен пакеттерін пайдаға асырар жол тапса ғой», деп армандап қоямыз... Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Қызылорда облысы.